Шардара шырайланып келеді

Қазақстанда
Typography
  • Smaller Small Medium Big Bigger
  • Default Helvetica Segoe Georgia Times
Қандай да бір аймаққа ат басын бұрып, сол елді мекеннің аумағынан аттаған адамның көзі ең алдымен өңірдің атауына түседі. Ол атау тасқа қашалып жазыла ма, арканың үстінде тұра ма – бәрібір, адамның санасында жатталып қалады. Ары қарайғы кіре беріс жолдардың тазалығы мен сапасы, көрнекіліктер, көшелердің талапқа сай көгалдандырылуы мен көріктендірілуі сол мекеннің экономикалық-әлеуметтік әлеуетінен, басшыларының іскерлігінен хабар береді. Кешегі аптада Шардараға кіре беріс аумақ заманауи үлгіде толықтай жаңартылды. Аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың қолға алуымен жүзеге асқан бұл шаруа мемлекеттің миллиондаған қаржысына емес, демеушілердің күшімен атқарылғанын айта кетейік. Сонымен, абаттандыру жұмыстарының барысымен таныстырып өтсек, Келес ауданынан Шардара аумағына өткенде алдыңыздан жаңадан бой көтерген арка шығады. Екі шеті ұлттық нақыштағы оюлармен өрнектелген арканың үстіне шалқар теңіздің символы іспетті ақ шағаланың белгісі орнатылған. Сол қанаттағы беткейдің үстіне ШАҒАЛАЛЫ ШАРДАРА деген жазу ілінді. Оның жанынан түрлі ескерткіштер бой көтерді. Мұнда Қызылқұм тыңын игеруге қатысқан құрылысшылар мен еңбек адамдарының, ауданның даңқын асқақтатып жүрген спортшылардың ескерткіштері орнатылды. Заманауи әжетхана салынып, оны күтіп ұстау үшін арнайы қызметкер бекітілді. Одан бөлек жолдан ары-бері өткен жолаушылар тоқтап, киім ауыстыру үшін арнайы бөлмелер салынды. Және бір айта кетерлігі, Шардара ауданына кіре беріс жарықтандырылды, қызылды-жасылды жарықтар көңіліңді шаттыққа бөлейді. Жол жиегіне «Аялы алақан» үлгісіндегі мүсіндер қойылып, ішіне шырша көшеттері отырғызылды. Шардара қаласынан Келес ауданына шығар жолдың бойына демеушілер есебінен 21 шақырымға баннерлер жасалды. Билбордқа Шардараның әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуіне үлес қосқан азаматтардың суреттері ілінді. Мұның ішінде зейнеткер ардагерлерден бастап, қазіргі таңда тер төгіп жүрген жерлестеріміздің де есімдері бар. Баннердің қарсы бетіне ауданда жұмыс істеп тұрған мекеме, ұйымдардың атаулары жазылды. Бұл бастама да көптің көңілінен шыққан игі тірлік болды деп айта аламыз. Ел үшін тер төккен жандардың еңбегі осылайша еленіп жатса да ғанибет емес пе?! Әсіресе, жас ұрпақ осы билбордтағы аға-апаларына, қатар-құрбыларына мақтанышпен қарап, соларға ұқсауға талпынатыны сөзсіз. Көктемнің көрікті мезгілінде осындай келелі тірліктер жүзеге асып жатқанына сүйсіндік. Аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың сайлауалды бағдарламасының бір бағыты – өңірді абаттандыру еді. Сол көркейту жұмыстары ауданда қарқын алып келе жатқанына куә болдық. Әділ ӘБДІРАМАНОВ