Биылғы жылдың сәуір-мамыр айларында Шардара су қоймасына құйылатын су көлемі екі есеге артты.
Қазақстан үшін мемлекетаралық деңгейде бекітілген лимиттер мен трансшекаралық су нысандары жұмысының болжамды режимі Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарының егіншілерін маусымда егіндік сумен ысырапсыз қамтамасыз етуге бағытталған.
Өзбекстан тарапымен қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес Шардара су қоймасының толу көрсеткіші биыл 300 млн. текше метрге ұлғайтылды және 4,8 текше шақырым деңгейінде қалды, мамыр айындағы орташа су ағыны секундына 350 текше метрді (2023 жылы секундына 90 текше метр) құрады.
Шардара су қоймасына сәуір-мамыр айларында барлығы 1,4 текше шақырым су құйылды, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 есеге артық.
«Достық» каналының қазақстандық бөлігіне су беру лимиті 922 млн. текше метр көлемінде белгіленген.
Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстан биылғы шілде–тамыз айларына арналған «Бахри Точик» су қоймасының жұмыс режимі кестесіне қол қоюды пысықтап жатыр, бұл аталған екі нысан кепілді су беруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қырғызстан Республикасының (Киров, Орто-Токой) су қоймаларының гидрологиялық болжамдары мен қазіргі толу көрсеткішін ескере отырып, Қазақстан үшін Талас өзені арқылы 380 млн. текше метр көлемінде су беру бекітілді, бұл өткен жылғы деңгейден 44 млн. текше метрге артық.
Биыл Шу өзенінен біздің елімізге 180 млн. текше метр көлемде су алу көзделген, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 26 млн. текше метрге артық.
Қазақстандағы суармалы жердің жалпы ауданы биыл 1,5 млн. гектарды құрайды, оның негізгі бөлігі биылғы жазда ыстық әрі құрғақ ауа райы болжанып отырған оңтүстік өңірлерге тиесілі. Суару жұмыстары басталып кетті, сумен жабдықтаудың бекітілген көлемі вегетациялық кезеңнің сапалы өтуін қамтамасыз етеді деп күтіліп отыр.
Су тасқыны жағдайына байланысты еліміздің солтүстік, орталық, батыс және ішінара шығыс аймақтарында су қоймалары орта есеппен 70%-дан 90%-ға дейін толтырылды. Қазақстанда барлығы 405 су қоймасы бар, олардың толық сыйымдылығының жиынтығы 14 997,9 млн. текше метрді құрайды. Су қоймаларындағы бұл көлем ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларында пайдаланылады.
Республиканың суға қажеттіліктерін ескере отырып, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарында жаңа су қоймаларын салу жоспарланған. Бүгінде Түркістан облысында «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысы жүріп жатыр.
Су қоймаларын салу бойынша екі жоба мемлекеттік сараптаманың қарауында. Тағы бес нысан бойынша жобалау-сметалық құжаттама дайындалып, ол жақын арада сараптамаға жіберілетін болады.