Тамшылатып суару және элиталық сорттардың тұқымын себу негізінде мақта-тоқыма кластерін құру мақта өсіруге арналған аумақты қысқартуға және қазіргі заманғы стандарттардағы тоқыма өндірісі үшін жоғары сапалы шикізат жинауды бірнеше есе арттыруға мүмкіндік береді. Өз кезегінде, жаңбырлатқыш машиналар өндірісі экстенсивті егіншілікпен аумақты азайтуға және ылғал сүйгіш дақылдардың өнімділігін арттыруға көмектеседі.
20 мамырда Түркістан облысына жұмыс сапары кезінде вице-премьер Серік Жұманғарин Сауран ауданының Шаға ауылдық округіндегі өнеркәсіптік парк аймағына барды. Мұнда қазақстандық «BNK Group» БНК компаниясы америкалық «Nelson Irrigation» компаниясымен бірлесіп, 2023 жылы «BNK IRRIGATION» сауда белгісімен айналмалы және фронтальды әрекет ететін жаңбырлатқыш машиналар өндірісін іске қосты. Өндірістік техника 3 мың шаршы метр аумаққа орналастырылды. Бұл Қазақстанда су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану үшін су шашыратқыш машиналардың толық циклін өндіруді жолға қоюға мүмкіндік беретін ірі және көп миллиардтық инвестициялық жоба.
Алайда, бүгінгі таңда компания ҚР резиденті ретінде күшті салық жүктемесіне тап болып отыр.
Кәсіпорын директоры Ниязали Бейсенбаевтың айтуынша, нарықта шетелдік компаниялардың бұл тұрғыда бірқатар артықшылықтары бар. Мысалы, ҚР резиденті емес компаниямен жасалатын келісімшарттардың көпшілігі ҚҚС және басқа да мемлекеттік баж салықтарынан босатылады.
«Қазақстанға өзінің жаңбырлатқыш машиналары қажет екені сөзсіз. Біз отандық өндірушіге басқа өңірлерде су үнемдеу технологияларын енгізу үшін техника сатып алу бөлігінде қолдау көрсетеміз. ҚҚС төлеуге келетін болсақ, Ауыл шаруашылығы министрлігіне Астанаға оралғаннан кейін бұл мәселені тезірек шешу үшін барлық мүдделі мемлекеттік органдармен кеңес өткізуді тапсырамын» деп жауап берді кәсіпорын директорына Серік Жұманғарин.
Екінші ірі өнеркәсіп нысаны – «Lihua Spinning Technology Co., Ltd» ЖШС тартылған «Түркістан» ӘКК мен «Алтын дала мақта» ЖШС бірлескен жобасы жоғары сапалы мақта өсіруден бастап, жұқа матадан тігілген киімдер мен жоғары сапалы тоқыма бұйымдарын өңдеу мен өндіруге дейін өндірістің толық циклін құруды қамтамасыз етеді. Кәсіпорын облыста алғаш рет тамшылатып суару жүйелерін орнатып, 1 мың гектардан астам аумаққа мақтаның элиталық сорттарының тұқымын септі. Мұнда 50-ден астам жергілікті тұрғын жұмысқа тартылған. Кезең-кезеңмен пластикалық құбырлар, тамшылатып суару жүйелері, мақта өңдеу бойынша екі зауыт, жіп иіру, тоқыма фабрикалары және кластердің басқа да жоспарланған объектілерін өндіретін зауытты пайдалануға бере отырып, кәсіпорын 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашып, қазақстандықтарды жоғары сапалы маталармен және тоқыма өнімдерімен қамтамасыз етеді.
Сол күні Серік Жұманғарин жылдық 2,5% жеңілдікпен несие алған «БНК АГРО KZ» ЖШС-нің тауарлы-сүт фермасындағы құрылыс барысымен, Aqniet жиһаз фабрикасының қызметімен және қызанақ зауытының құрылыс жобасымен танысты.
Шегірткеге қарсы белсенді күрес басталды
Сапар барысында вице-премьер Серік Жұманғарин шегірткеге қарсы жаппай өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатқан аудандардың егіс алқаптарын аралап көрді.
Түркістан облысы егістік алқаптар көлемі бойынша еліміздегі топ-3 аймақ қатарына кіреді. Өңір республикада бірінші болып шегірткенің ең қауіпті түрі – марокко шегірткесіне қарсы белсенді күрес кезеңін бастады.
Өңірде барлығы 272 мың гектар жер өңделеді. Оның 252 мың гектары 19 мамырға дейін өңделді, бұл өңдеу жұмыстары жоспарланған алқаптың 93%-ы. Қалған 20 мың гектарда таяу күндері өңдеу жұмыстары аяқталады.
Облыстағы үлкен алқаптарды өңдеу жұмыстарына 360-тан астам адам тартылған. Олардың қатарында Түркістан және басқа да облыстардың аудан-қалаларынан келген инспекторлар, мамандар, болжау орталығының қызметкерлері, сондай-ақ, мәселеге бей-жай қарай қалмаған жергілікті тұрғындар да бар. Жұмыстар жаяу, көлікте, ұшақтар мен дрондар арқылы атқарылып жатыр. Атап айтқанда, 162 мың га алқап жерден, 107 мың га алқап ауадан, 1 мың га алқап рюкзак түріндегі бүріккішпен, 1,4 мың га алқап дрондар арқылы өңделуде.Серік Жұманғарин шегірткеге қарсы өңдеу механизмдері мен әдістерін зерттеп, зиянкестерге қарсы жұмыстардың барлық циклін жүргізетін мердігерлермен пікір алмасты.
Еске сала кетейік, Түркістан облысында бүкіл қызмет циклін бір мердігердің көрсетуі пилоттық жоба ретінде сынақтан өтіп жатыр. Келер жылы республика бойынша шегірткеге қарсы күрес қызметтерін орталықтандырылған бірыңғай жүйеде сатып алуға көшу жоспарлануда.