Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Келес ауданына арнайы барып, бірқатар кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы нысандарын аралап, оларды дамыту жолдарын қарастырды.
Абай ауылындағы «Домалақ ана» тігін цехында болған өңір басшысы кәсіпорын жұмысымен танысты.
Биыл наурыз айында іске қосылған өндіріс орнында 14 адам жұмыс істейді. Мұндағы орташа жалақы 120 мың теңге көлемінде. Кәсіпкер өткен жылы облыс әкімінің бастамасымен Қытай Халық Республикасына барып, 16 тігін машинасы мен 1 дана көрпе тігетін станок сатып алған.
Кәсіпкер өз қаржысы есебінен, сонымен қатар қосымша «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы аясында қаражат алып кәсібін дөңгелетіп отыр. Негізінен қыз жасауы, ұлттық нақыштағы көрпе-төсек, құрақ көрпе, ұлттық киімдер тігеді.
Бизнесті дамытып, қосымша жұмыс орындарын ашу үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмек. Тігін цехына 50 тігін машинасы сатып алынатын болды. Сондай-ақ, «Күміс жас» жобасымен жұмысқа тігіншілер қабылданады. Бұл жобаға 50 жастан асқан жұмыссыз адамдар зейнеткерлік жасқа толғанға дейін қатыса алады.
Кәсіпорын өнімдерін негізінен Түркістан облысының нарығына өткізеді. Жобаның жалпы құны – 408 млн. теңге.
Өңір басшысы іссапар барысында Біртілек ауылдық округіндегі 300 орынды мектептің құрылыс жұмыстарымен танысты. Өңір басшысы білім нысанын салу барысында сапаға баса назар аудару керектігін ескертті.
Отандық компаниялардың құрылыс материалдарының бағасын көтеріп жібергенін айтқан мердігерлер қосымша қаражат қажет екендігін жеткізді. Облыс әкімі кішігірім мектеп үшін бекітілген қаражаттың жеткілікті екеніне тоқталып, құрылыс жұмыстарын кестеге сәйкес аяқтауды тапсырды.
«Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясындағы құрылысты «Samruk-Kazyna» АҚ тапсырысымен «Шымкент Автоматика» ЖШС жүргізуде. Жалпы жер көлемі – 2,3 га. Өткен жылы басталған мектеп ғимараты құрылысы биыл аяқталады деп жоспарланып отыр. Жалпы жоба құны – 2,6 млрд. теңге. Құрылыс алаңында 69 адам, 5 техника жұмыс істеп жатыр.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды «Мерген-Н» ЖШС-нің минералды су, алкогольсіз сусындар шығаратын зауытының жұмысымен танысу барысында мемлекетті дамытудағы негізгі қозғаушы күш кәсіпкерлік екеніне тоқталды. Жауапты басшыларға инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу, кәсіпкерлерге қолдау көрсету жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
– Біз жергілікті өндірісті дамытып, экспортты ұлғайтсақ қана өңір бюджеті толығады. Осы бағыттағы жұмысты күшейту керек, – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, бүгінде «Мерген-Н» ЖШС-нің өнімдері елімізбен қатар Ресейге де экспортталады. Жобалық қуаттылығы – сағатына 2,5 мың дана. 2002 жылы іске қосылған зауытта 35 адам жұмыс істейді.
Облыс басшысы осы сапарында жылыжай шаруашылықтары иелерімен де кездесіп, маңызды мәселелерді талқылады.
Өңір басшысы Біртілек ауылдық округіндегі «Орынкүл» шаруа қожалығының жылыжайында болды. Кездесуде шаруалар өткізу нарығына қатысты және өндірісті кеңейту үшін инвестициялық субсидия алу мәселесін көтерді. Облыс әкімі ұсыныстарды тыңдап, мәселелерді жауапты органдармен бірге қарап, шешім қабылданатынын айтты.
Шаруа қожалығында баклажан, қызанақ, қияр, тағы басқа да көкөніс түрлері мен қара өрік өсіріледі. Жобаның жылдық қуаттылығы – 200 тонна. Жобаның жалпы құны – 110,0 млн. теңге. Шаруа қожалығы 2015 жылдан жұмыс істейді, 10 адам тұрақты, 100 адам маусымдық жұмыспен қамтылған. Жұмысшылардың орташа жалақысы – 150 000 теңге. Жалпы 10,8 гектар жердің 0,80 гектарына жылыжай орналасса, қалғаны – бау-бақша. Облыс әкімі тиісті сала жетекшілеріне ауыл шаруашылығы саласын дамыту, осындай жобаларды қолдау жөнінде тапсырма берді.
Сонымен қатар облыс әкімі Келес ауданындағы жұмыс сапары аясында жеке қабылдау өткізді. Аудан тұрғындарын алаңдатқан мәселелерді мұқият тыңдап, жауапты басшыларға проблемаларды заң аясында шешуді тапсырды. Қабылдауға құқық қорғау органдары мен басқарма басшылары да қатысты.
Тұрғындар жеке қабылдауда түйткілді мәселелерді ортаға салды. Азаматтар елді мекендердегі инфрақұрылымды дамыту мәселесін көтерді. Кәсіпкерлік мәселесін қозғады. Жер және ағын су жайын талқылады. Мәдениет саласына қатысты сауал жолдап, Ақтөбе ауылына мектеп салуды және балық шаруашылығын қолдауды сұрады.
Жамбыл ауылдық округіне қарасты Байғабыл елді мекенінен келген азамат жер мәселесіне қатысты шағымын айтты. Енді бір тұрғын денсаулығына қатысты көмек сұрады. Сондай-ақ, бұл қабылдауда жол мәселесі де қозғалды.
Абай ауылынан келген азамат жер телімін беруді сұрады. Келесі тұрғын баласын шетелде емдетуге арналған тізімге қосып, қаржылай көмек сұрады. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қорынан қаржы бөлуге ықпал етуді өтінді. Ал, енді бір тұрғындар Абай ауылындағы мал базарды жаңа салынған базарға көшіруді жөн санайды.
Мәселелер бақылауға алынды.