Дархан Сатыбалды : «Біз алға қойған мақсатымыздан еш уақытта шегінбейміз»

Қазақстанда
Typography
  • Smaller Small Medium Big Bigger
  • Default Helvetica Segoe Georgia Times
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Сарыағаш ауданының тұрғындарымен кездесті. Кездесуде өзекті мәселелер ашық айтылды. Тұрғындар күрмеуі шешілмеген түйткілдерді тарқатып, ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды облысты, ауданды дамыту жұмыстарын қысқаша баяндап, тұрғындардың сұрақтарын тыңдады. – Сарыағаш ауданының әлеуеті өте жоғары. Экономиканы, өндірісті, ауыл шаруашылығын дамытуға өте қолайлы өлке. Біз Сарыағаш ауданын дамытуға ерекше назар аударып отырмыз. Мысалы «Жайлы мектеп» жобасы арқылы Сарыағаш ауданында 10 мектеп салынады. Бұл – үлкен қолдау. Білім сапасын көтеруге, осы саладағы жемқорлықты жоюға күш салып жатырмыз. Инвестиция тарту, яғни, жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарын ашу, агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су үнемдейтін технологияларды кеңінен пайдалану да назарымызда тұр. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Сарыағаш ауданында 2023 жылы 13 елді мекенде 30 жобаны іске асыруға 2,8 млрд. теңге бөлінді. Әлеуметтік нысандар – Мәдениет үйлері, мектептер жөнделіп жатыр, салынып жатыр, инфрақұрылым жақсарды. Биылға 8 елді мекенде 21 жобаны іске асыру үшін 3,8 млрд. теңге қаралды. Ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 1,8 млрд. теңгеге 283 жоба қаржыландырылды. Сарыағаш ауданында 21 мектептің интернет жүйесі толық іске қосылды, – деген Дархан Амангелдіұлы ауданда орындалмаған индикаторларды да ашық айтып, аудан әкімі мен басқарма басшыларына жұмысты күшейту жөнінде тапсырма берді. Ауданда жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 43 пайызға өсіп, 2023 жылы 277 млн. теңгеге жеткен. Биыл 3 айда бұл көрсеткіш 48 млн. теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14 пайызға өскен. Былтыр негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 35 млрд. теңгені құрап, жоспар 9 млрд.теңгеге артығымен орындалды. 2024 жылға негізгі капиталға салынған инвестиция тарту жоспары 37 млрд. теңге көлемінде бекітілген. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 47 пайызға өсіп, былтыр 23 мыңға жетті. Ауыл шаруашылығының өнім көлемі былтыр 136 млрд. теңгені құрап, артығымен орындалды. Кездесуде Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаевтың есебінен кейін тұрғындардың өтініштері, сұрақтары тыңдалды. Сарыағаштықтар білім саласындағы жемқорлық, газбен қамту, ауыз су, пәтер, денсаулық сақтау, тазалық және өзге де салаларға қатысты проблемаларды көтерді. Одан кейін облыс әкімінің жеке қабылдауы өтті. Оған басқарма басшылары мен құқық қорғау органдарының бастықтары қатысты. Мұнда да түйткілдер тарқатылып, арыз-шағымдар, өтініштер тыңдалды. Әрбір мәселе бақылауға алынып, тиісті жұмыс жүргізіледі. Аудан тұрғындарымен жүздескеннен кейін облыс әкімі Дархан Сатыбалды жаңадан салынған газ тарату стансасын іске қосу шарасына қатысты. – Бүгін аймағымызда тағы бір маңызды нысан іске қосылды. Бұл – тұрғындар үшін тиімді. Біз елді мекендерді газдандыру жұмыстарын жалғастырамыз, – деді Дархан Амангелдіұлы. Дербісек ауылдық округіндегі «Тоболино» АГТС нысанының құрылысы 2019 жылы басталып, 2020 жылы аяқталған. Былтыр қараша айында магистралды газ құбырына үрлеу, қысымдау жұмыстары жүргізіліп, акт түзілді. Ал, биылғы ақпан айында «Тоболино» АГТС мен «Тоболино» ГТС арасындағы жоғары қысымды газ құбырын үрлеу қысымдау жұмыстары жүргізілген. Енді міне, Тоболино АГТС-на «Интергаз» магистралды желісінен табиғи газ жіберілді. Енді «БМГЖ» ЖШС қызметкерлері «Тоболино» АГТС нысанында газ жабдықтарын, оператор бөлмесіндегі автоматтандыру жүйесіне бағдарламалар орнату және фильтр орнату секілді жұмыстарын жүргізеді деп күтілуде. Мектеп тапшылығын жою – маңызды іс Түркістан облысында «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында білім ошақтарының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Сарыағаш ауданында осы бағытта 10 мектеп салу жоспарланған. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары аясында «Телемұнара» шағынауданындағы 900 орынды білім ошағының құрылыс алаңына барды. Мердігерлермен кездесіп, құрылысты мерзімінде аяқтауды тапсырды. Нақты міндеттер жүктеді. – Білім сапасын көтеру, мектеп тапшылығын жою – маңызды іс. Жауапкершілікпен жұмыс істеңіздер. Ешқандай кемшілік, қателік болмауы тиіс. Құрылыс қатаң қадағалауда тұр, – деді өңір басшысы. Құрылыс нысанында қазіргі уақытта 80 адам жұмыс істеп жатыр. Б және Г блогында іргетас құю жұмыстары толығымен аяқталған. Жертөле қабырғалары құйылып, жабын қабаттарының темір-бетон құю жұмыстары жүргізілуде. Ал, В блогында кірпіш қаланып жатыр. Сарыағаш ауданында өзге де білім нысандары салынып жатыр. Б.Оспанов көшесінің бойынан А.Сүлейменов атындағы 300 орынды мектептің құрылысы басталып кеткен. Сонымен қатар Дербісек, Жаскешу елді мекендерінде аталған жоба аясында мектеп ғимараттарының құрылысы жүргізілуде. Биыл «Самал-3» мөлтек-ауданынан 1500 орынды мектептің құрылыс жұмыстарын бастау жоспарлануда. Кеден... кедергі неден? Қазақ-өзбек шекарасының маңындағы жылдар бойы жалғасып келе жатқан «жабайы» саудаға тосқауыл қойылуы тиіс. Маңызды мәселеге нүкте қою үшін Сарыағаш ауданынағы «Жібек жолы» кеден бекетінің айналасы толық реттеледі. Жаңа полиция бекеті ашылады. Бұл жерде заманауи терминал салу жолдары қарастырылуда. Осы аумақтағы барлық сауда нүктелері сонда орналастырылады. Осы мақсатта өңір басшысы кеден бекеті маңындағы жағдайды бақылады. Сауда орталықтарының иелерімен жүздесіп, оларға мәселені кеңесе отырып, заңды шешу жолдарын көрсетті. – Сарыағаш ауданының әлеуеті жоғары. Шекараның мүмкіндіктерін пайдаланған жөн. Қызмет көрсету орындарын жүйелеп, ретке келтіру керек. Кәсіпкерлікті заңдастыру маңызды, – деген Дархан Амангелдіұлы барлық құзырлы орган басшыларының қатысуымен өңірлік жедел штабтың көшпелі мәжілісін өткізді. Онда заңсыз сауданы тоқтатып, шекара аймағын тәртіпке келтіруді күшейту мәселесі егжей-тегжейлі талқыланды. Штаб отырысында шекара маңын бірнеше ірі кәсіпкер меншіктеп алғаны ашық айтылды. Маңызды мәселенің түйінін тарқатпақ болғандар бұл күресті жан-жақты жүргізуге келісті. Жедел штаб отырысында заңсыз құрылыстың жолын кесіп, шекара аймағындағы шетел валютасын заңсыз айырбастауды реттеу, контрабанда мен өзге де қылмысқа қарсы күрес, қоғамдық тәртіпті сақтау және осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды. Сондай-ақ құзырлы орган басшылары мұндағы заңсыз тауар айналымы мен заңсыз құмар ойындарына қарсы күрес жайлы да мәлімдеді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды шекара маңындағы инфрақұрылымды, қызмет көрсету орындарын реттеу, жолаушылар мен тұрғындарға қолайлы жағдай жасау, қауіпсіздікті сақтау, сапалы қызмет көрсету бағытындағы жұмыстарды тоқтатпауды тапсырды. Аудан әкімі мен жауапты басқармаларға, құқық қорғау органдарына тиісті тапсырмалар жүктеліп, ұсыныстар берілді. – Шекараның өткізу мүмкіндігі шектеулі. Ал, мұндағы құрылыс жұмыстары қарқынды, толассыз кептелістер кедергі келтіруде. Маңызды аймақта заңсыз кәсіпкерлік нысандары қаптап кеткен. Біздің басты мақсатымыз – шекара аймағында тәртіп орнату. Заңсыздыққа жол бермеу. Қауіпсіздікті, тазалықты сақтау. Әрине, кәсіпкерлерді қолдап, оларға жұмыс істеуге жағдай жасау керек. Тек заңды жолмен. Жаппай заңсыздықтың жолын кесу жолында талай тосқауыл болары сөзсіз. Бірақ біз алға қойған мақсатымыздан қайтпаймыз. Заңсыз құрылыстар бұзылады. Ақша айырбастайтындар лицензия алып, тек заңға сәйкес жұмыс істесін. Көше базарында санитария талаптары сақталмайтыны тағы бар. Мұны айтқанда біз жаңалық ашып отырған жоқпыз. Бұл аумақтағы қирағалы тұрған сауда ошақтары мен заңсыз, рұқсатсыз құрылыстан қарапайым халық жапа шегуі мүмкін. Екі ел арасындағы қақпаның аумағын толық ретке келтіруге күш саламыз. Сол жерді абаттандырып, ретке келтіреміз. Заманауи терминал салу жолдарын қарастырып, ол үшін тиісті жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Онда сауда нүктелері болады. Отандық өнімге басымдық беріледі. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін арнайы комиссия құрылады, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды. Облыс әкімі шекара маңындағы инфрақұрылымды, қызмет көрсету орындарын реттеу, жолаушылар мен тұрғындарға қолайлы жағдай жасау, сапалы қызмет көрсету бағытындағы жұмыстарды тоқтатпауды тапсырды. Аудан әкімі мен жауапты басқармаларға, құқық қорғау органдарына тиісті тапсырмалар жүктеліп, ұсыныстар берілді. Өңірлік жедел штаб отырысы алдағы уақытта ай сайын өтеді.