Өңірдегі агрокешеннің жай-күйі талқыланды

Қазақстанда
Typography
  • Smaller Small Medium Big Bigger
  • Default Helvetica Segoe Georgia Times
Сенаттағы Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшелері Түркістан облысында «Оңтүстік аймақтағы агроөнеркәсіптің жай-күйі: проблемалары мен шешу жолдары» атты тақырыпта көшпелі отырыс өткізді. Сенат комитетінің төрағасы Әли Бектаев өз сөзінде еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет алдына агроөнеркәсіп секторындағы өндіріс көлемін 70%-ға өсіру міндетін алға қойғанын атап өтті. «Бірінші кезекте ауыл шаруашылығын еш кедергісіз жүргізу үшін оған жағдай жасау қажет. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі мен сапасын арттыру үшін жер мен табиғи ресурстарды пайдалану бойынша тиімді жағдайлар, инновациялық технология мен жабдықтар қажет» деді сенатор Әли Бектаев. Сенат депутаты Сәкен Арубаев өз кезегінде қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы саласының даму деңгейінің қанағаттанарлықсыз екендігін атап өтті. Оған ескірген технология, жердің құнарсыздығыы, минералды тыңайтқыштарды дұрыс пайдаланбау басты себеп болып отыр. «Сонымен қатар, тұқым шаруашылығы саласында да проблема жеткілікті. Мысалы, Қазақстандағы жоғары тұқымның үлесі 0,8%, ал, элиталық тұқымның үлесі 7,1%-ды құрайды. Бұл көрші Ресейге қарағанда едәуір төмен. Демек, дәнді дақылға арналған тұқымның 40%-ын және көкөніс пен жеміс-жидекке арналған тұқымның 100%-ын шетелден сатып алуға тура келеді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау деңгейі де төмен. Тиімді сақталатын өнім көлемі 900 мың тоннаны құрайды, бұл азық-түлік бағасына және олардың қолжетімділігіне айтарлықтай әсер етеді» деді Сәкен Арубаев. Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Бағлан Бекбауов отырыс барысында салаға келетін инновация туралы хабардар етті. Су ресурстары және ирригация министрінің орынбасары Ерболат Ибрайханов су ресурстары саласындағы проблемаларды шешу барысы туралы баяндады. Сондай-ақ, Сауда және интеграция министрінің орынбасары Айдар Әбілдабеков АӨК саласындағы өндірісті дамыту және кәсіпкерлерді қолдау қарқыны туралы баяндама жасады. Түркістан және Қызылорда облыстары әкімдерінің орынбасарлары, сондай-ақ, Жамбыл облысы мәслихатының хатшысы баяндама жасады. Сенаторлар көшпелі отырыстың қорытындысы бойынша қатысушылармен бірге Үкіметтің атына бірқатар ұсыныстар әзірледі.