Кентау мен Арыс қалаларына инфрақұрылым жұмыстары жүргізілуде

Қазақстанда
Typography
  • Smaller Small Medium Big Bigger
  • Default Helvetica Segoe Georgia Times
Бүгінде Қазақстанда моноқалалардың тізіміне енген 20 қала бар. Мемлекет аталған қалаларды дамытып, жастар үшін тартымды етуге, ондағы халықтың табысын арттырып, жұмыс орындарын көбейтуге бағытталған шаруаларды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Сонымен қатар бұл қалаларда өндірістерді кеңейтуге, жаңа өнеркәсіптік жобаларды іске қосуға, бизнеске қолайлы жағдай жасауға да басымдық беріліп отыр. Дегенмен, әлі де моноқалалардың шешілмеген проблемалары жетерлік. Жуырда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ұласбек Сәдібеков Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, Түркістан облысындағы Арыс пен Кентау қалаларының өзекті мәселелеріне назар аударды. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі моноқалаларды дамытуға әрдайым айрықша көңіл бөліп келеді. Шағын шаһарлардағы инфрақұрылымды реттеу ісіне басымдық берген Президент ондағы өндіріс орындарымен қатар шағын бизнесті де қолға алу маңызды міндет екендігін айтқан болатын» делінген депутаттық сауалда. Халық қалаулысы Түркістан облысына қарасты Кентау мен Арыс қалаларына инфрақұрылым жұмыстары жүргізіліп, халықтың жайлы ортада өмір сүруіне қажетті жағдайлар жасалып жатқанына тоқталып, дегенмен, моноқалаларда шешімін таппай отырған өзекті мәселелер әлі де аз еместігін айтқан. Ұласбек Сәдібекұлы «Кентаудағы жылу жайы 1934 жылы салынған жылу электр орталығының қызметін қазіргі таңда 14 мыңнан астам абонент тұтынып отыр. Оның ішінде 347 көпқабатты тұрғын үй, 2000-нан астам жеке сектордағы тұрғын үй және 106 бюджеттік мекеме мен 441 коммерциялық нысан бар. Жалпы, аталған жылу орталығы жабдықтарының 85 пайызы тозған. Соның салдарынан өткен жылғы қысқы маусымда кентаулықтар тоңып шықты. Сапалы жылуды тұтына алмады» дейді. Депутаттың айтуынша, Кентау қаласында көп қабатты тұрғын үйлердің 56 ауласы бар. Оның 33-іне балалар ойын алаңшасын салу қажет. Бұл мәселеге жергілікті бюджеттің қаржысы жетпейді. Сондықтан әкімдік асфальт төсеу, балалар ойын алаңшаларын орнату және абаттандыру мақсатындағы жобалау-сметалық құжаттамаларын әзірлеп, республикалық бюджетке қаржы қарастыруға бюджеттік өтінім ұсынған. Оның жалпы құны – 2.8 млрд. теңгені құрайды екен. Сонымен қатар Ұ.Сәдібеков Кентау мен Арыс қалаларына қарасты ауылдарды табиғи газға қосу ісі кешеуілдеп жатқанына алаңдаушылық білдірді. Оның да негізгі себебі қаражаттың жетіспеушілігі екен. Мәжіліс депутаты Хантағы ауылын табиғи газбен қамту мақсатында ішкі орам жүйесінің құрылыс-монтаж жұмыстары 2019 жылы жүргізілгенін мысалға келтірді. Ауылды жоғары қысымды табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Жалпы, жұмыстардың сметалық құны 1.55 млрд. теңгені құрайды. Бұл үшін республикалық бюджетке өтінім берілді. Депутат «Байылдыр ауылын табиғи газбен қамтамасыз ету құны 426 млн.теңге болса, Қарнақ ауылын табиғи газбен қамтамасыз етудің жалпы құны 4,6 млрд. теңгені құрайды. Сондай-ақ, қазірдің өзінде Кентау қаласының тұрғындары толығымен табиғи газға қосылмады. Көп қабатты тұрғын үйлерде тұратын халық газ баллонын тасып, тұтынып отыр» дейді. Депутаттық сауалда қозғалған келесі бір мәселе – моноқалалардың тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету. Ұласбек Сәдібекұлы Премьер-министрдің назарын бір ғана Кентау қаласында 5 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұрғынына аударды. «Қалада 2019 жылдан бері көп қабатты тұрғын үй салу ісі тоқтап қалған. 15 үйге жобалау-сметалық құжаттама жасалған. Енді тек республикалық бюджеттен ақша бөлу керек. Ал, жеке тұрғын үй салу мақсатында 10 000-нан астам адам жер кезегінде тұр. Алайда, инфрақұрылым жүргізілмеуіне байланысты бұл мәселе де шешімін таппай келеді. Себебі, қомақты қаржы керек» дейді төменгі палата мүшесі. Мәжілісменнің айтуынша, осыдан біршама уақыт бұрын көтерілген Кентау қаласын экологиялық аймаққа өткізу мәселесі де кешеуілдеп жатыр екен. Бұл бағытта жинақталған құжаттар мен комиссия жұмысының қорытындысын Экология және табиғи ресурстар министрлігі тарапынан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тапсыру ұсынылыпты. Халық қалаулысы енді аталған министрлік «Арал өңіріндегі экологиялық апат салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, Кентау қаласы аумағын экологиялық дағдарыс жағдайына жақындаған аймақ деп тану мәселесін шешуі тиіс екенін ескертті. Сонымен қатар депутат Арыс қаласындағы ауылдарды таза ауыз сумен қамту және кәріз желілерін қайта жаңарту ісіне басымдық беру қажеттігін атап өтті. Бұл бағытта да жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленген екен. Дегенмен, жергілікті бюджет қаржысы жетпейді. Ұ.Сәдібеков «арыстықтар үмітін Астанаға артып отыр» деп атап өтті. Мәжілісмен «Құрметті Олжас Абай- ұлы! Бүгінде бұл тек Кентау мен Арыс қаласындағы ғана жағдай емес, бүкіл моноқалаларға қатысты мәселелер. Яғни бізде шағын қалаларда шешімін таппаған мәселелер көп. Сондықтан «Моноқалаларды дамыту бағдарламасын» қайта іске қосуды сұраймын» дей келіп, «сонда Кентау мен Арыс секілді қалалардың дамуына үлкен септігі тиер еді» деп өз ойын түйіндеді. А.Сайлауұлы.