«9-20-25» тұрғын үй мәселесін шеше ала ма?

Қазақстанда
Typography
  • Smaller Small Medium Big Bigger
  • Default Helvetica Segoe Georgia Times
Елімізде баспана мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Сарапшылар биыл іске қосылатын «9-20-25» бағдарламасының және жас мамандарға арналған ипотекалық бағдарламалардың бүгінгі нарықтық жағдайға айтарлықтай әсері болмайды деп отыр. Сонымен биыл тұрғын үй бағасы қалай болмақ? Кредиттік бюроның мәлімдеуінше, былтыр нарықтағы тұрғын үйлер бір жылда 6,7 пайызға қымбаттаса, тек желтоқсан айының өзінде 3,4 пайызға өскен. Ал, қайталама нарықтағы пәтерлердің бағасы бір жылда 1,8 пайызға жоғарылаған. Өткен жылдың желтоқсан айында жасалған қорытындыға сүйенсек, баспананың 2022 жылға қарағанда 3,7 пайызға арзандағаны байқалды. Енді өткен жылдың соңғы айларындағы тұрғын үй бағасына тоқталсақ. Жаңа үйлердің 1 шаршы метрі 494 898 теңгені құраса, қайталама нарықтағы құны – 494 373 теңге. Статистикалық деректерге сүйенсек, бұл – еліміздің 3 мегаполисіндегі ең жоғары баға. Бастапқы нарықтағы үйлер бағасының төмендеуі елдің бірде-бір өңірінде тіркелмеген. Ал, Түркістанда жаңа пәтердің 1 шаршы метрі 322 081 теңге болса, екінші нарықтағы пәтерлердің әр шаршы метрі – 297 143 теңге. Жалға берілетін тұрғын үйлердің құнына келетін болсақ, баға Алматы мен Түркістанда едәуір төмендеген. Қазақстан бойынша бір шаршы метрді жалға алу бағасы орта есеппен 4,8 мың теңге тұрады. Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюковтың сөзінше, қазір нарықта баспана бағасының өсуіне немесе төмендеуіне айтарлықтай негіз жоқ. Оның сөзінше, тұрғын үй бағасының өсуіне әсер ететін бірнеше факторлар бар Бұған халықтың жалақы мөлшері, өндірістік процестердің қымбаттауы, үстеме шығындардың көбеюі, құрылыс рентабельдігінің төмендеуі сынды жағдайлардың әсері мол. Сол себептен баға өсе береді. Қауымдастық президенті «9-20-25» бағдарламасының және жас ғалымдарға арналған ипотекалық бағдарламаның іске қосылуы тұрғын үйлердің бағасына қалай әсер ететіндігі жөнінде де айтып өтті. – Бұл ипотекалық бағдарламалардың іске қосылуы жылжымайтын мүлік нарығындағы жағдайға айтарлықтай әсер етпейді. Себебі, ипотека нақты салалардың басым қажеттіліктері негізінде қалыптасады. Сонымен қатар, «9-20-25» ипотекасын іске асыруға қаралған 150 млрд. теңге мен жас ғалымдарды қолдауға бағытталған 17 млрд. теңге барлық мұқтаж азаматтарды баспанамен қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Қазақстанда 9200 жас ғалым бар, ал, оларға бөлініп отырған пәтерлердің саны – 680 ғана. Сондай-ақ, «9-20-25» бағдарламасының шарттары түпкілікті қалыптасқан жоқ. Бүгінге дейінгі ақпараттарға сүйенсек, мұны «7-20-25» бағдарламасының аналогы деп болжауға да болады. Ондағы қарыздың ең жоғары сомасы жеткіліксіз. Біз оны шектемеуді, қарыз сомасын 25 млн. теңгеге дейін деп белгілеуді ұсынамыз. Бұдан бөлек, бастапқы жарнаның мөлшері жоғары деңгейде қалып отыр. Сондықтан мұндай соманы жинақтау тұрғын үйге мұқтаж жандардың басым бөлігіне ауырлау екендігі айтпаса да түсінікті, – деді Виктор Микрюков. Ал, өңіріміздегі пәтермен айналысатын риэлторлардың сөзінше, «9-20-25» бағдарламасы іске қосылғаннан кейін бағаның көтерілуі әбден мүмкін. Экономистердің сөзіне құлақ салсақ, қазіргі уақытта елдегі баспана бағасы әртүрлі факторларға байланысты өседі екен. Олардың айтуынша, тұрғын үй бағасы нарықтық қатынастарға бағынып, нарықтың заңдылығымен жүзеге асатын болса, онда ол онша қымбаттамауы керек. Ал, «9-20-25» бағдарламасы пәтер бағасын жасанды түрде қымбаттатып жіберуге әсерін тигізуі мүмкін. Мәселен, ипотекалық бағдарламаға қарастырылған 150 млрд. теңгеге бар болғаны 8 мың адам ғана баспаналы бола алады екен. Ал, еліміздегі баспанаға мұқтаж адамдардың саны – 560 мың. Мәселен, зейнетақы қорындағы ақшаны тұрғын үй алуға пайдаланарда нарықта жасанды түрде ажиотаж жасалынып, көптеген үйлердің қымбаттап кеткенін ел ұмыта қоймаған болар. Содан кейін тұрғын үй бағасы қайта түскен жоқ. Қалай айтсақ та, биыл «9-20-25» ипотекалық бағдарламасы іске қосылады. Оның несие мөлшерлемесі – 9, бастапқы жарнасы – 20 пайыз. Қарызды 25 жылға бөліп төлеуге болады. Т.СЕЙІТХАНҚЫЗЫ.