Жылыжайларды дамытуға 1,4 млрд. теңге бөлінбек

Қазақстанда
Typography
  • Smaller Small Medium Big Bigger
  • Default Helvetica Segoe Georgia Times
Түркістан облысы жылыжай шаруашылығы дұрыс жолға қойылған. Өңір жылыжай көлемі бойынша республикада бірінші орында тұр. Облыста 1640 гектарлық 3366 жылыжай бар. Оның ішінде 87,2 гектарды алып жатқан өнеркәсіптік жылыжайларда 12 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Өткен жылы өңірдегі жылыжай шаруашылықтарынан 140 мың тонна өнім жиналды. Яғни маусымаралық кезеңде (қазан-наурыз) республика халқы тұтынатын өнімнің 42 пайызы біздің өңірде өндіріледі деген сөз. Қазіргі таңда жылыжайларда биылғы жылдың бірінші айналымына көшет отырғызу жұмыстары жүргізілуде. Былтырғы жылы облыс әкімдігінің ұсынысымен жылыжай шаруашылықтарын қолдау, өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында кешенді шаралар қабылданған болатын. Сондай шаралардың бірі ретінде облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен жылыжайларды жеңілдетілген көмірмен қамту ісі қолға алынды. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі тарапынан 2023 жылдың 1 мамырында «Фермерлік жылыжайларға жалпы техникалық талаптарының мемлекеттік стандарты» бекітілді. Бүгінде 801 фермерлік жылыжай сертификатталды. Жылыжай шаруашылықтарын жылыту маусымында субсидиялаудың жаңа тетігі енгізілді. Бағдарлама арқылы өнеркәсіптік және фермерлік жылыжайларда пайдаланылған электр энергиясы, көмір және газ шығындарының 20 пайызы субсидияланады. Фермерлік жылыжайлардың гектарына 4,8 млн. теңге, ал, өндірістік жылыжайларға 8,1 млн. теңге бөлінбек. Осы мақсатта өткен жылы шаруаларға облыстық бюджеттен 565 млн. теңге төленді. Ал, биыл 1,4 млрд. теңге қаралып отыр. Өңірде жылыжайларды дамыту бағытындағы бұл жұмыс жалғасын табады.