Түлкібаста жаңа кәсіпорын іске қосылады

Қазақстанда
Typography
  • Smaller Small Medium Big Bigger
  • Default Helvetica Segoe Georgia Times
Бүгінде «Түлкібас жеміс-жидектері» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 1 млрд. 100 млн. теңгенің жобасын іске асыруда. Яғни жеміс-жидек өңдейтін кәсіпорын ашуды қолға алған. Жуырда Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуов аталмыш өндірістік кооперативіне арнайы барып, мұндағы жұмыс барысымен танысты, өндірістік кооператив басшысы, кәсіпкер Бейбіт Төлешовпен пікірлесті. Ауқымды жобаны жүзеге асырып отырған кәсіпкерге мемлекет тарапынан қандай да бір көмек қажет бола қалса, заң талаптарына сай қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізіп, істеріне сәттілік тіледі. Кәсіпкерлік нысанның жалпы аумағы 2200 шаршы метрді құрайды. Нысанды салуға жоспарланған қаржының 122 млн. теңгесі кәсіпкердің өз қаржысы, 350 млн. теңгесі мемлекеттік қайтарымсыз грант есебінен, қалғаны жеңілдетілген несие арқылы қаржыландырылып отыр. «Түлкібас жеміс-жидектері» өндірістік кооперативінде маусымында 3 мың тонна алмадан 0,2 литрлік 16 млн. 300 мың дана дайын ыдыстағы шырын, 90 тонна кептірілген жеміс, 100 тонна кептірілген алма ұнтағын және 50 тонна балалар тағамын (пюре) өндіру жоспарланған. Айта кетерлігі, кәсіпкер шикізатты басқа жақтан сатып алмаймын деп отыр. Айтуынша, өзінің 360 гектар алма бауынан шыққан өнімінің сақтауға жарамайтын бөлігін осы өндіріске жібермек. Қазіргі таңда негізгі нысанның құрылысы толығымен аяқталған. Алдағы күндері шатырын жабу және іші-сыртын әрлеу жұмыстары атқарылмақ. Одан кейін Қытай елінен қажетті құрылғылар алынып, оны орнату жұмыстары қолға алынады. Өндіріс орны толық іске қосылған жағдайда 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Облыс әкімінің баспасөз қызметі.