Қазығұртта қарқынды істер бар

Қазақстанда
Typography
  • Smaller Small Medium Big Bigger
  • Default Helvetica Segoe Georgia Times
Қазығұрт ауданында қазіргі таңда екі қабатты 5 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Биыл басталған құрылыс жеке инвестор есебінен салынуда. Ауданға іссапармен келген облыс әкімі Дархан Сатыбалды жергілікті тұрғындарды тұрғын үймен қамту үшін қолға алынған жобаның жай-жапсарымен танысты. Облыс әкімі сапаны басты назарда ұстауды тапсырды. 40 пәтерлі тұрғын үй құрылысы үшін ауданның жер қорынан 2 гектар жер телімі бөлінген. Былтыр ауданда үй кезегінде тұрған 40 отбасы баспаналы болған. Іссапар барысында өңір басшысы Қақпақ ауылдық округіндегі «Қарқын–2030» ЖШС кәсіпорнының мал сою цехын аралап көрді. Заманауи мал сою цехы жобасының құны – 1,1 млрд. теңге. Мұнда тәулігіне 167, жылына 60 мың мал союға болады. Жаңа цех толық цифрландырылған, энергия көзін аз пайдаланады. Кәсіпорында жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылған. Ауданның өнеркәсіп өнімі көлемін биыл 15,3 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланған. 12,3 млрд. теңгеге 68 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Ауыл шаруашылығының өнім көлемі 75,3 млрд. теңге болады деп жоспарлануда. Су үнемдеу технологиялары ендірілген жерлер 3 мың гектардан асқан. Бұдан бөлек, «Тұран су» мемлекеттік коммуналдық мекемесі тарапынан Сифон-Тассай каналын күрделі жөндеу жұмыстары атқарылуда. Сондай-ақ, биыл ауданда 6 489 жаңа жұмыс орны ашылады. Облыс әкімі бұдан соң аудан тұрғындарымен кездесті. Кездесуде проблемалар ашық айтылып, оның шешілу жолдары қарастырылды. Өңір басшысы тұрғындарды ашық сұхбатқа шақырып, ұсыныстары мен өтініштерін тыңдап, облысты дамыту бағытындағы жұмыстарды баяндады. Қазығұрт ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсарту жолындағы жұмыстарға тоқталып, жоспарларды ортаға салды. – Осы кездесудегі басты мақсат – Президентіміздің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру. Сіздердің ой-пікірлеріңізді естіп, ауданды әрі қарай дамыту бойынша ұсыныстарыңызды тыңдау – біз үшін өте маңызды. Ауылдық жерлерді дамыту мақсатында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Қазығұрт ауданында 2023 жылы 10 елді мекенде 35 жобаны іске асыруға 1,7 млрд. теңге бөлінді. Мемлекет басшысы мектептерді жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтуды тапсырған болатын. Облыста жалпы саны 330 мектепті жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету үшін АҚШ-тың белгілі инженері Илон Масктің «Starlink» спутниктік интернет құрылғысын орнату жұмыстары басталып, бүгінде ол 329 мектепте орнатылды. Оның ішінде бұл құрылғы Қазығұрт ауданында 23 мектепте толық іске қосылды. Интернеттің жылдамдығы жақсарды. Тұрғындармен кездесуде проблемалық мәселелерді шешу, олардың жолдарын қарастыруға күш салынады. Сондықтан біз аудандағы кейбір салалардағы кемшіліктерді жасырмай ашық айтып, олардың шешу жолдарын қарастыруымыз қажет. Қай салада көрсеткіштер төмендеп кеткен болса, соны көтеру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуіміз керек. Тазалық пен тәртіп – кез келген қоғамның табысты дамуының кепілі ғана емес, тұрғындардың мәдениеттілігінің өлшемі. Осыны есте сақтайық, – деген Дархан Амангелдіұлы қазығұрттықтарды елімізде жүріп жатқан тазалық науқанына белсене атсалысуға шақырды. Қазығұрт ауданында 2023 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 240 млрд. теңгеге жетті. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 14 мыңнан асқан. Олардың өндірген өнім көлемі 117 млрд. теңгені құраған. Ауданда құрылыс жұмыстарының көлемі соңғы 3 жылда 31 пайызға өсіп, өткен жылы 9 млрд. теңгеден асты. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 15 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарланса, бүгінгі күнге дейін нақты тартылғаны небәрі 1,5 млн. теңге ғана болып тұр. Облыс әкімі инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы, құрылыс, білім салаларында жұмысты жандандыру жөнінде аудан әкімі мен басқарма басшыларына тапсырмалар берді. Сондай-ақ, ауылдың жағдайын жақсарту үшін тұрғындарды бірлесе жұмыс істеуге және ауызбіршілікке шақырды. Кездесуде Қазығұрт ауданы әкімінің өткен жылғы атқарған жұмыстары мен биылғы көрсеткеткіштер бойынша есебі тыңдалды. Облыс әкімі аудан әкіміне өзекті мәселелердің шешілуі бойынша бірқатар тапсырма берді. Сондай-ақ, тұрғындардың өтініштері мен сұрақтары тыңдалды. Проблемалар ашық айтылып, өткір сұрақтар қойылған кездесуде ауданның ауыз су, жол, денсаулық сақтау, жайылым жер және өзге де инфрақұрылымдық мәселелері айтылды. Ұсыныстар мен өтініштер хаттамаға енгізіліп, ол өңір басшысының тікелей бақылауында болады. Тұқымбақ аумағы ұлғайып келеді Өңір басшысы Дархан Сатыбалды осы сапарында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Жасыл желек» мекемесіне барды. Қазығұрт ауылдық округінде орналасқан тұқымбақтың жалпы жер көлемі 60 гектар аумақты алып жатыр. 45 түрлі көшет егіліп жатқан тұқымбақта қаламшадан, ұрықтан 600-700 мың түп көшет өндіріледі. Жылына 500-600 мың түп көшет елді мекендерге тегін үлестірілуде. Мұнда 70-ке жуық маман жұмыс істейді. Өңір басшысы атқарылып жатқан жұмыстарды бақылап, сала жетекшілеріне жасыл белдеуді ұлғайту мен көгалдандыру жұмыстарын жандандыру керектігін тапсырды. Сондай-ақ, алдағы уақытта ауданның табиғатына бейім әрі қолайлы көшеттердің түрлерімен толықтыруды міндеттеді. Одан соң облыс әкімі Дархан Сатыбалды Қазығұрт ауданына қарасты Алтынтөбе ауылдық округіндегі Қаржан елді мекенінде орналасқан «Жасыл ел» ЖШС мекемесіне арнайы ат басын бұрып, мұнда атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Жиырма гектар аумақты алып жатқан жекеменшік тұқымбақта 35 түрлі ағаш-бұта көшеттері өсірілуде. Көшеттерді арнайы мамандар күтіп-баптайды. Орман шаруашылығы өнімдерін өндіру бағытындағы тұқымбақтан ауданды көгалдандыруға жылына 1000-2500 мың түп көшет босатылады. Жауапты мекеме басшылары негізінен тұқымбақтағы көшеттер ауданның климатына бейімделген ағаш көшеттері екендігін тілге тиек етіп, көшеттердің жерсінуі мен көнімділігі жақсы екенін атап өтті.