Дубайда Қазақстанда жасалған өнімдер таныстырылатын Қазақстан сауда үйі ашылды. Іс-шараға ҚР сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бастаған бизнес-делегация қатысты.
Бұл орталық Қазақстан мен БАӘ бизнес-ортасын біріктіріп, сауда көлемін көбейтетін негізгі орталық болмақ.
БАӘ мен Қазақстан бизнес өкілдерінің іскерлік кездесуінде екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты арттыру жайы талқыланды. Әмірліктер Қазақстанның ет өнімдеріне сұраныс білдіруде. Ал Түркістан облысы ет өнімін экспортқа шығару бойынша республикада алдыңғы орында тұр.
Облыстағы ірі қара мал етінің үлесі – 80%, ұсақ мал 75%-ды құрайды. 11 мың тонна ірі қара мал, 5 мың тонна қой еті экспортқа жөнелтілді.
БАӘ-ге ет экспорттау бойынша Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеровтың қатысуымен БАӘ-нің ҚР-дағы төтенше және өкілетті елшісі және «AlphaSky» авиакомпаниясы мен «Түркістан ет комбинаты» ЖШС арасында арнайы келіссөз жүргізілді.
Келісөзде екі ел арасындағы тауар айналымын жақсарту, ет және ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығару жайы талқыланды. Түркістан облысы тауарларын Бірікен Араб Әмірлігіне жеткізу жолдары қаралды.
«Түркістан ет комбинаты» ЖШС жылына 15 мың тонна ет өндіреді. Қазіргі таңда облысты етпен қамтып, Өзбекстанға экспорттауда. Дубайдағы келіссөздер нәтижесін берсе, облыста шығарылатын ет БАӘ-не экспортталады.
Айта кетсек, өткен жылы Қазақстан мен БАӘ арасындағы тауар айналымы 329 млн АҚШ долларын құрады. Қазақстандық экспорт 210 миллионнан асса, Әмірліктер біздің елге шамамен 119 миллион доллардың тауарын жөнелткен. Сауда-экономикалық әлеует жоғары, елдер сауда көлемін 1 миллиардқа жеткізуді жоспарлап отыр. 2 күндік келіссөздер нәтижесінде тараптар 28 миллион 650 мың доллардың келісіміне қол қойды.