Өндіріске бұрылатын кез келді

Қазақстанда
Typography
  • Smaller Small Medium Big Bigger
  • Default Helvetica Segoe Georgia Times
Кешегі аптада өңірімізге жұмыс сапарымен ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев келді. Іссапар барысында вице-министр облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеровпен бірге бірқатар өнеркәсіп орындарының жұмысымен танысып, кәсіпорын иелерімен тілдесті. Қайрат Төребаев алдымен Өндірістік паркте болып, ондағы бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Өңір халқының негізгі табыс көзі ауыл шаруашылығы саласында болғандықтан, көкөніс сақтайтын заманауи қойманың қажеттілігі күн тәртібінде тұр. Өткен жылдың қазан айында Өндірістік парк аймағында негізі қаланған қойма жобасының бастамашысы әрі жүзеге асырушысы – «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы. Жобаның серіктесі – «М-Адал» ЖШС. Бір гектар аумақта бой көтеріп жатқан қойманың көлемі – 3264 шаршы метр. Сауран ауданы аумағында орналасқан бұл қоймада маусымына 4000 тонна көкөніс сақталады. Мұнда 35 адам жұмыспен қамтылмақ. Қоймада ірі 9 камера бар. Оның 4 камерасының әрқайсысында 500 тоннадан, жалпы 2 мың тонна картоп сақталса, екі камерасына 500 тоннадан, жалпы 1000 тонна пияз сақтауға мүмкіндік бар. Сонымен бірге 250 тонна сәбіз, қырыққабат сақтайтын камералар да іске қосылады деп жоспарланған. Ал, 500 тонна көкөніс құрғақ қоймаға орналастырылады. Одан соң вице-министр су үнемдеу құрылғыларын шығаратын «BNK Group LTD» ЖШС жұмысымен танысты. Негізгі мақсат – жаңа технологияның көмегімен су үнемдей отырып, өнім көлемін арттыру. Биыл өңірде су үнемдеу технологиясын қосымша 22 мың гектарға ендіру көзделіп отыр. Кәсіпорын басшысы Ниязәлі Бейсенбаев өндіріс орнының алдағы жоспарларымен бөлісіп, тауар өткізу нарығын кеңейту, мемлекет тарапынан ынталандыру шараларын арттыру бойынша ұсыныстарын жеткізді. Қ.Төребаев сондай-ақ «Ақниет Holding» жиһаз компаниясының жұмысымен де танысты. Кәсіп- орында 97 адам жұмыс істейді. Мұнда жылына 34 мың жиһаз және 24 мың мектеп партасы шығарылады. Бұл жоба ішкі нарықтың сұранысын қанағаттандырып, еліміздің экспорттық әлеуетін кеңейтуге де ықпал етпек. Жалпы облыста жиһаз өндірісі қарқынды дамып келеді. Оның дәлелі – жиһаз өнеркәсібіне инвестиция тарту бойынша облыс республикада көш бастап тұр. Өткен жылы өңірдің жиһаз өнеркәсібіне 13,2 млрд. теңге инвестиция салынып, республикалық көрсеткіштің 76,8 пайызын құрады. Вице-министр сонымен қатар, түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығаратын зауытта болды. «Golden camel» зауытының өнімдері экспортқа негізделген. Өндіріс орны Қытай мен Германиядан жеткізілген заманауи құрылғылармен жабдықталған. Компания бір жылда 480 тонна түйе сүті ұнтағын саудаға шығара алады. Мұнда 100-ден аса жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл қызметкерлердің жалпы санының 90%-ын құрайды. Бұдан кейін Қайрат Төребаев өңірдің бизнес өкілдерімен еркін форматта кездесу өткізді. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров модераторлық етті. Басқосу барысында отандық өнімдердің экспортын ұлғайту, тұрғындардың табысын арттыру жайы талқыланды. Жиын соңында Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев көтерілген әрбір мәселе назарға алынып, тиісті жұмыстар жүргізілетінін мәлімдеді.