Өндіріс қалдықтарын кәдеге жарату – өзекті мәселе

Қазақстанда
Typography
  • Smaller Small Medium Big Bigger
  • Default Helvetica Segoe Georgia Times
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Кентау қаласына барған сапарында осындағы индустриалды аймақтың тыныс-тіршілігімен танысқан еді. Индустриалды аймақта құрылыс пен өндіріске қажетті материал шығаратын бірнеше кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Атап айтқанда, мұнда металл қалдықтарын қайта өңдеу, керамзит жасау, сылақ торларын шығару, резеңке бұйымдар шығару мен қоқысты қайта өңдеу, цемент пен бетон шығару, кірпіш зауыты және өзге де инновациялық жобалар табысты жұмыс істеп келеді. Айта кету керек, Кентау индустриалды аймағының жалпы ауданы – 43 гектар. Индустриалды аймақты инфрақұрылыммен қамту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, түнгі жарықтандыру желілерін орнату, теміржол торабын кіргізу мен газ тарту секілді өзекті мәселелерді шешу жолдары қарастырылуда. Қаратаудың тәжі делінетін Кентаудың қойнауы құт, қазба байлығы мол, қазыналы қала. Дегенмен, нарықтық қиыншылықтар мен 1998 жылы жер астындағы кен көздерінің қоры азайғаннан кейін мұнда кен өндіру ісі тоқтап қалды. Бірақ, қала маңайында кен қалдықтары сол шашылған күйі қала берді. Осы қоқыс қалдықтар арада ширек ғасыр өтсе де шешімін таппаған күрделі мәселе күйінде қалып отыр. Өкінішке қарай, бұл қалдықтардан халықтың денсаулығына келетін зиян, өміріне төнетін қауіп шашетектен. Дегенмен, өнеркәсіп қалдықтарын қоршаған ортаға қауіпті ластағыштар деп қана санауға болмайды. Олар құнды шикізат көздеріне жатады. Шет елде мұндай қалдықты емге таппайсыз. Себебі, олар өнеркәсіп қалдықтарын қайта өңдеп, кәдеге жаратады. Яғни қоқыс дегеніңіз дайын шикізат, нағыз байлық көзі. Бір жақсысы, біздің елде де қалдықтарды қайта өңдеу ісіне мән беріле бастады. Жуырда істің көзін тапса қалдықты да кәдеге жаратуға болатынын айтып жүрген азаматпен тілдесудің сәті түсті. Нұрлан Рысбеков металл өңдеуден қалған қалдықтардан ғимараттардың сыртын қаптайтын материал жасауға болатынын айтады. – Қазір көп адам үйлерінің сыртын травертинмен қаптайды, ол өте ауыр материал. Ал, инновациялық материалдың салмағы травертиннен 3-4 есе жеңіл. Және бір ерекшелігі, жаздыгүні сырттағы ыстықты ішке жібермейді, шу да естілмейді. Бұл материалдың сыртқы қабаты Қызылорданың ақ кварцынан жасалуы тиіс. Құрамынан қорғасын тәрізді зиянды нәрселердің бәрі алынып тасталады. Мұны қытайлықтар ойлап тапқан, шыққанына 3-4 жыл ғана болды. Олар осы материалды өте көп қолданады. Салмағы жеңіл, қолдану аясы кең осы материалды біз де өз өндірісімізге алып келуге ниет еттік. Бірақ, бұл жобамыз әзірге елімізде қолдау таппай отыр. Ғимарат сыртын қаптайтын мұндай материал Орта Азия мен Еуропа мемлекеттерінде жоқ. Негізінде бұл өніммен сыртқы қабырғаны безендіруде мол үнемге қол жеткізе аласыз әрі сенімді. Эстетикалық тұрғыдан да әдемі, – дейді кәсіпкер. Нұрлан Рысбеков – Түркістан облысының тумасы. ҚазҰУ-де білім алып, экономист мамандығын алып шыққан. Кейін Мәскеудің мемлекеттік әлеуметтік университетінде заңгер мамандығы бойынша білім алған. Әскери борышын өтеп келгеннен соң Алматы қаласында түрлі салаларда еңбек етіпті. Соңғы жылдары, атап айтқанда, 2018 жылы ЛТД «Нұр-Строй» ЖШС-і, 2019 жылы «АБН АЛЬЯНС» ЖШС-інде басшылық қызмет атқарған. Ал, 2021 жылдан бүгінге дейін «Almaty NS-Group» ЖШС-і Директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқаруда. – Тұрғылықты мекенжайым Алматы қаласы болғанымен, 2018 жылы Түркістан қаласы облыс орталығы болып жарияланған соң, күш-жігерімді туған өлкемді өркендетуге жұмсауға шешім қабылдап, осында келдім. Бұл үшін алдымен үш жобаны жоспарлап алдым. Осы бойынша 2019 жылы Қытай азаматымен бірлесе отырып, полиэтилен материалынан өндірілетін құбырлар (кәріз, газ, су) шығаратын кәсіпорын аштық. Қазіргі уақытта «АБН Альянс» ЖШС-нің бұл өнімдері Қазақстанның барлық аймақтарына тасымалданады. Жылына 4000 тонна құбыр шығарамыз. Оған 1,5 млрд. теңге инвестиция салдық. Ал, екінші жобамыз – жоғарыда айтылған үй сыртын қаптайтын құрылыс материалы (кристаллический камень) болатын. Жоба мақсаты – Кентауда өнімділігі жылына 250 000 шаршы метр микрокристалды тастың және сәндік көбікті микрокристалды қаптаманың энергия үнемдейтін инновациялық өндірісін жолға қою. Соңғы жылдары елімізде құрылыс саласы айтарлықтай қарқын алды. Көптеген тұрғын үйлер, әлеуметтік-мәдени мақсаттағы заманауи нысандар салынуда. Заман талабына сай оларға бағасы қолжетімді, экологиялық таза, бүгінде бүкіл әлем қолдап отырған «Жасыл стандартқа» сай келетін құрылыс материалын қолданған тиімді дер едім. Осы тұрғыдан келгенде біз шығарып отырған қаптама барлық техникалық сипаттамаларға сай келеді, тіпті, сапасы дәстүрлі әрлеу материалдарынан асып түседі. Беріктігі өз алдына, табиғи тастан жасалған бұйымдармен салыстырғанда анағұрлым арзан. Үй-жайлардың ішкі және сыртқы беттерін әрлеу, ғимараттарды салу және қалпына келтіру жұмыстарында да қолданылады, яғни қолдану аясы кең. Бұл өнім – жасанды тастың немесе сапалы кварцтың аналогы. Ал, жасанды тастан немесе сапалы кварцтан жасалған әрлеу материалдарына деген сұраныс қазіргі нарықта тұрақты өсіп келеді, – дейді кәсіпкер. Осы жоба аясында «Almaty NS-Group» ЖШС-і микрокристалды тас пен сәндік көбікті микрокристалды қаптама дайындайтын зауыт ашуды жоспарлап отыр. Шикізат ретінде өнеркәсіп қалдықтарын пайдалануға болады екен. Жоба аясында компания 12 гектар болатын өз жер учаскесінде өндірістік және әкімшілік ғимараттардың құрылысын бастап, өндірістік жабдықтарды сатып алуды және іске қосуды жүзеге асыруда. Сондай-ақ, зауыттың тоқтаусыз жұмыс істеуі үшін шикізат пен материалдардың қойма қорын құруды жоспарлап отыр. Жоба толық жүзеге асса, жұмыс орындарын (69 жұмыс орны) құруға мүмкіндік береді. Өңірдің ЖІӨ-ге салымы жылына шамамен 2,8 млрд. теңгені құрайды. – 2021 жылы облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиевтің қолдауымен біраз жұмыстар басталған еді, бірақ аяқсыз қалды. Газ тартылмады, теміржол кірмеді, салықтық преференция берілмеді. Үшінші жобамыз бір ай көлемінде іске қосылады. Жылына 45 миллион дана сапалы керамикалық қыш шығарсақ деп отырмыз. Жоба құны – 2,5 млрд. теңге. Мұның ұтымды жері шикізат ретінде Кентаудағы 30 жылдан бері шашылып жатқан өндіріс қалдықтарын кәдеге асыру болмақ. Инвесторларымыз сол ЖЭО қалдықтарын қосу арқылы қыштың бағасын түсіруге болатынын дәлелдеп берді. Біз арнайы техникалар әкеліп, қалдықтарды қайта өңдеуге дайынбыз, – дейді Нұрлан Рысбеков. Кәсіпкердің сөзі бізге де ой салды. Ол ұсынып отырған жобалар жүзеге асатын болса, қала кен қалдықтарынан тазарады әрі жаңа жұмыс орындары ашылар еді...