Инвестиция тарту: Алты жылда алты қыр асыппыз

Қазақстанда
Typography
  • Smaller Small Medium Big Bigger
  • Default Helvetica Segoe Georgia Times
Облыста инвестиция тарту ісіне басым бағыт берілген. Өңірде инвестициялық штаб жұмыс істейді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды әрбір инвестормен жеке кездесіп, қолдап, әр жобаның түпкілікті жүзеге асуын жіті қадағалайды. Бұл жұмыстар оң нәтижесін көрсетуде. Алты жылда облыс экономикасына тартылған инвестиция көлемі 3 есеге артып, өткен жылы 972 млрд. теңгені құрады. Негізгі капиталға бағытталған қаржының басым бөлігі жеке инвестицияға тиесілі. 2023 жылға жоспарланған 56 инвестжоба толық іске қосылды. Экономикаға тың серпін беретін 145 жоба пулы қалыптасты. Оның ішінде өндіріс пен ауыл шаруашылығы саласында терең өңдеуді дамытуға басымдық берілді. Бұл жобалар 17 мың жаңа жұмыс орнын ашып, өзіндік кірісті қосымша 100 млрд. теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының қомақты қаржы салуға дайын ірі компанияларға «бір терезе» қағидатымен жан-жақты қолдау көрсету жөніндегі тапсырмасы да айрықша назарда. 2024-2027 жылдар аралығында 2,1 трлн. теңгеге 145 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде қуаттылығы 926,5 МВт құрайтын «ПГУ Туркестан» бу-газ қондырғысы, «Standard Petroleum» мұнай өңдеу зауыты, «Қазатомпром» компаниясының күкірт қышқылын өндіру зауыты, «Казкрахмал» жүгеріні терең өңдеу зауыты бар. Мәселен, «Beibars-Bottlers» ауыз су және түрлі-түсті сусындарды шығару зауытында жылына 85-100 млн. литр түрлі-түсті сусындар шығару көзделіп отыр, онда 100-ге жуық адам жұмыспен қамтылады. Ал, «Global textile» зауыты іске қосылғаннан кейін 10 мың тонна мақта талшығын өндіреді. Мұнда 2000 жұмыс орны ашылмақ. «Lihua xinjang group» текстиль кластері жобасының құны – 180 млрд. теңге. Ол мақта кластерін дамытып, оны өңдеу, жіп иіру, мата шығару және мақта егуге байланысты өндірістерді жүзеге асырады. Бұл жоба бойынша 2500-дей жұмыс орны құрылады. Зауыттарды ашып қана қоймай, одан шығатын тауарлар мен өнімдерді өткізу мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген.