Инвестиция тарту жұмысын бірінші орында. Өңірде инвестициялық штаб жұмыс істейді. Әрбір инвес¬тормен жеке кездесіп, қолдап, әр жобаның түпкілікті жүзеге асуын жіті бақылап отырмыз. Барлық аудан, қала әкіміне нақты индикаторлар бекітілді. Оларды кәсіпкерлермен бірге Қытай, Аустралия, Өзбекстан елдерінің өндірістік аймақтарына іссапарға жібердік. Делегация әлемге танымал кәсіпорын, зауыттарды аралады. Алпауыт компаниялармен келісімдер жасалды.
Алты жылда облыс экономикасына тартылған инвестиция 3 есе артып, 2023 жылы 972 млрд. теңгені құрады. Негізгі капиталға бағытталған қаржының басым бөлігі жеке инвестицияға тиесілі. Былтыр жоспарланған 56 инвестжоба толық іске қосылды. Экономикаға тың серпін беретін 145 жоба пулы қалыптасты. Бұл жобалар 17 мың жаңа жұмыс орнын ашып, өзіндік кірісті қосымша 100 млрд. теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Бұл тұрғыда инвесторларға қолайлы жағдай жасауға баса мән беріп отырмыз.
Біріншіден, өңірде 594 гектарды құрайтын 10 индустриялық аймақ және 580 гектардан тұратын арнайы экономикалық аймақтар бар. Онда 49 кәсіпорын жұмыс істейді. Қосым¬ша 39 жобаның құрылысы жүргізіліп жатыр.
Екіншіден, шағын өндірістік парк аумағында 42 ғимарат салынып жатыр. Бірінші кезеңде 14 ғимарат құрылысы аяқталды. Жалпы құны 30,7 млрд. теңге болатын 10 жоба жос¬парланса, соның 7-еуі (24,2 млрд. теңге) іске қосылды. Олардың қатарында тоңазытқыш өндіретін «UBC group», әскери шатыр мен жиһаз өндіретін «Aqniet holding», жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйесін шығаратын «BNK group» компания¬лары бар. Өндірістік парктің биыл аяқталатын екінші және үшінші кезеңінде 70 млрд. теңгеден астам инвестиция қаржысына өндіріс орындарын ашу жоспарланған. Осындай паркті аудандарда да салуды жоспарлап отырмыз.
Мемлекет басшысының қомақты қаржы салуға дайын ¬ ірі компанияларға «бір терезе» қағидатымен жан-жақты қолдау көрсету жөніндегі тапсырмасы айрықша назарда. 2024–2027 жылдар аралығында 2,1 трлн. теңгеге 145 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде «ПГУ Түркістан» қуаттылығы ¬926,5 МВт құрайтын бу-газ қондырғысы, «Standard Petro¬leum» мұнай өңдеу зауыты, «Қазатомпромның» күкірт қышқылын өндіру зауыты, «Казкрахмал» жүгеріні терең өңдеу зауыты бар. Мәселен, «Beibars-Bottlers» ауыз су және түрлі- түсті сусындар зауытында жылына 85–100 млн. литр өнім шығару көзделіп отыр, 100-ге жуық адам жұмыспен қамтылады. Ал, «Global textile» зауыты іске қосылғаннан кейін 10 мың тонна мақта талшығын өнді¬реді. Сонымен қатар 2000 жұмыс орны ашылмақ. «Lihua xinjang group» текстиль кластері жобасының құны – 180 млрд. теңге. Мақта кластерін дамытып, оны өңдеу, жіп иіру, мата шығару және мақта егу өндірісін жүзеге асырады. 2500-дей жұмыс орны құрылады. Зауыт ашып қана қоймай, одан шығатын тауар мен өнімді өткізуге де ерекше көңіл бөлінген.
Инвестиция тарту оңай емес. Түркістан қаласында халық саны, жұмыс күші аз. Оған қоса, инвестор инфрақұрылымға, білім, медицина сапасына мән береді. Олар мамандарын әкелуі үшін балаларына шет тілінде білім беретін бәсекелі мектеп іздейді. Мұндай білім ұялары өңірде жоққа тән. Сондықтан инвестор тартуда көрші елдерден екі есе көп жұмыс істеуіміз керек. Инвестиция тарту, жұмыс орындарын ашу арқылы елдің әл-ауқаты ғана жақсармайды, халықтың санасы, мәдениеті, тұрмысы көтеріледі. Сол арқылы елімізде саяси тұрақ¬тылық беки түседі.