Түркістан облысында жүзеге асқан Қазақстан – Қытай біріккен жобасының өнімдеріне сұраныс артты

Қазақстанда
Typography
  • Smaller Small Medium Big Bigger
  • Default Helvetica Segoe Georgia Times
Түйе сүтінен ұнтақ жасайтын зауыттың жұмысы қызу жүріп жатыр. Кәсіпорын тәулігіне 100 тонна түйе сүтін өңдеп, 3 түрлі өнім жасап шығарады. «Зауыт іске қосылған кезден қазіргі уақытқа дейін 200 тоннаның үстінде құрғақ сүт өндіріп шығарды. Кептірілген түйе сүті ұнтағын Қытай, Макао және Бангкок тағы басқа елдерге экспорттаймыз. Қазіргі таңда біз түйе сүтінен 3 түрлі өнім шығарып жатырмыз. Біріншісі, құрамында майы жоғары түйе сүті ұнтағы, екіншісі, аз мөлшердегі майсыздандырылған түйе сүті ұнтағы. Оның ішінде ақуыз мөлшері жоғары. Үшіншісі, майсыздандырылмаған түйе сүті ұнтағы, ол бір рет қолданатын кофе сияқты ішіндегі қалташаларда 15 грамнан бар. Ал қалған екеуі 300 грамнан сатылады», – дейді «Golden Camel» өндіріс орнының сату бөлімінің басшысы Шолпан Ерболат. Маманның айтып отырған, 300 грамдық құтыдағы ұнтақтан 3 жарым литр шұбат шығады. Орталық Азиядағы түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығаратын жалғыз, теңдесі жоқ зауыт Түркістан индустриалды аймағында орналасқан. Жоба 2018 жылы іске қосылған. Алайда арада пандемия басталып, шетелдік технологтарды күтуге тура келген, соның себебінен кәсіпорын 3 жыл бойы жұмысын тоқтатып қойды. Кәсіпорынды қайта іске қосу мәселесі өткен жылы облыс әкімі Дархан Сатыбалды Қытайға сапары кезінде талқыланып, онда ол Golden Camel басшылығымен кездесті. Нәтижесінде кәсіпорын іске қосылып, жоғары сұранысқа ие өнім экспорты басталды. Зауыттың жұмысы қайта жанданды. Түйе сүтін өңдейтін алпауыт кешен заманауи құралдармен толықтай жабдықталған автоматты жүйе арқылы жұмыс істейді. «Өңірдегі түйе шаруашылықтарынан жинақталған сүт алдымен өңдеу цехына жеткізіледі. Осы жерде құрамы мен майлылығы тексеріліп, сүзгіден өтеді. Арнайы қондырғымен тазаланып, залалсыздандырылады. Ең соңында біз таза сүтті келесі өндірістік цехқа жіберіп, ұнтақ шығаруға дайындаймыз. Барлығы цифрлы технологиямен басқарылады. Сүт өңделетін өндірістік цехқа арнайы киімдегі технологтардан басқа адамдар кіргізілмейді. Дайын өнімнің сапасы әлемдік стандартқа сай болуы үшін мұндағы талап та қатал», – дейді цех басшысы Хы Жы Чиаян. Зауыттың жобалық құны 7 млрд теңге болған. Оған Қытай инвесторы қаражат құйған. Қазір мұнда 70 адам еңбек етіп жатыр, оның бесеуі Қытайдан келген мамандар екен. Әзірге Азия елдеріне ғана экспортталып жатқан құрғақ шұбатты болашақта Ресей мен Еуропа елдеріне де шығарамыз деп жоспарлап отыр зауыт басшылығы. Кәсіпорын қазіргі таңда күніне 10-15 тонна шикізат өңдейді, себебі әлі толық қуаттылығына көшпеген. Аймақтағы түйе шаруашылықтары әзірге бұдан үлкен көлемдегі шикізатты өндіруге қауқары жетпейді. Түркістан облысында жалпы алғанда 50 мыңға жуық түйе бар. Оның тең жартысы сауылады. Зауыттың жұмыс істеуі өңірдегі түйе шаруашылығын дамытуға баса көңіл бөлуді талап етіп отыр. Ақтөбе, Маңғыстау облыстарынан түйе сатып алу жұмыстары жүріп жатыр. Ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы шаруаларға 5 пайыз жеңілдікпен несие беріледі. Қазір зауыт шаруалардан шұбаттың бір литрін 900 теңгеден сатып алады. Мамандар 15 тонна сүттен бір тонна ұнтақ алынатынын айтады. Алып өндірістің Түркістан облысында ашылуы аймақтағы түйе шаруашылығының дамуына оң серпін беріп отыр. Айта кетейік, кейінгі бес жылда Түркістан облысы инвестиция тартудан көш бастап тұр. Бүгінде өңірдің экономикасына 8,1 млрд доллар қаражат құйылған, 157 жоба жүзеге асып, 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.