«Барлық жұмыс бекітілген кестеге сәйкес жүруі керек»

Қазақстанда
Typography
  • Smaller Small Medium Big Bigger
  • Default Helvetica Segoe Georgia Times
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Кентау ЖЭО-дағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Кеншілер шаһарына арнайы барған облыс әкімі мердігерлерге маңызды істі жауапкершілікпен атқаруды тапсырды. Сондай- ақ, керек қондырғыларды жеткізуші шетелдік компания жетекшілерімен байланысып, мән-жайды нақтылады. Жаңа жылыту маусымында Кентау қаласын сапалы жылумен қамтамасыз ету жұмыстары күшейтілген режимде жүргізілуде. Алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын тексерген Дархан Амангелдіұлы жылу көздерін жаңғырту барысын бақылап, жылумен жабдықтау желілерін жөндеуге жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді. Барлық жұмыстарды бекітілген кестеге сәйкес аяқтауды міндеттеді. Жөндеу жұмыстарына қажетті негізгі қондырғылар отандық өндірушілерден сатып алынуда. Олармен тұрақты байланыс орнатылған. Қосымша жабдықтар шетелден тасымалданады. Айта кетейік, ауқымды жұмыстың мердігер мекемесі – «ЭМ-ходинг» ЖШС-і. Техникалық қадағалаушы – «OTAU CONSTRUCTION» ЖШС. Авторлық қадағалаушы – «БизнесСтройПроект» ЖШС. Облыс әкімі жөндеу жұмыстарына жауапты мекеме басшыларының басын қосып, жылу орталығында жиналыс өткізді. Мердігерлерге кестеден қалған әр күнге белгіленген айыппұлдың артатынын ескертті. Жаңа жылу маусымына 4 бірдей қазандық толықтай жаңадан орнатылады. Тағы екі қазандық күрделі жөндеуден өтіп, жаңартылады. Қазандықтар, турбиналар және басқа да қосалқы жабдықтар ретке келтіріледі. Отын тасымалдау цехтары жаңартылады. Көптеген қосалқы бөлшектері ауыстырылып, жөнделеді. Яғни орталықта атқарылатын жұмыс ауқымды. Осыны ескерген облыс әкімі жұмысты ширатып, жұмысшылар санын көбейтуді тапсырды. – Біздің қателесуге құқығымыз жоқ. Жылу орталығындағы жаңарту жұмыстары ерекше назарда. Басты талап – сапа мен мерзім. Осы екі мәселе қатаң сақталуы тиіс. Тұрғындардың мүддесі қорғалып, жылудан проблема туындамауы керек. Мойындарыңызға алған міндетті жауапкершілікпен атқарыңыздар. Келісімшартта көрсетілген барлық талап толық орындалуы тиіс. Қажетті қаражат толық қаралған. Біз өз тарапымыздан әрі қарай да барлық жағдайды жасаймыз, – деді өңір басшысы. Сондай-ақ, облыс әкімі әр жеткізушімен жеке-жеке сөйлесіп, мән-жайды нақтылады. Қажетті құрал-жабдықтар мен қондырғылар шет мемлекеттерден тасымалданатын болғандықтан Барнаул, Новочеркасск, Төменгі Новгород қалаларындағы жеткізуші мекемелермен байланысты. Тапсырыстың орындалу барысы, мерзімі мен сапасының маңыздылығына тоқталды. Жалпы, Кентаудағы ЖЭО 14 мыңнан астам абонентті жылумен қамтамасыз етеді. Оның ішінде 347 көпқабатты үй, 106 бюджеттік мекеме, 401 коммерциялық нысан және 2229 жеке сектордағы үй бар. Келешекте жылу энергия орталығын, жылу қазандықтарын газға ауыстыру көзделген. Сонымен қатар қуаттылығы 240 МВт газотурбиналық электростанса салу мақсатында жобалау сметалық құжаттамасы әзірленуде. Тоқсан жылдық тарихы бар ЖЭО-дағы электр энергиясының генерациясы орталықтың өз қажеттіліктерін өтеуге де жетпейді. Ал, тариф күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауқымды жөндеу жұмыстарына Үкімет резервінен 9 млрд. теңге, ал, облыстық бюджеттен 3,9 млрд. теңге қарастырылды. Стратегиялық нысанда өткен жылы 4 қазандық демеушілер есебінен жөндеуден өткізілген. Сондай-ақ, республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, 4,7 шақырым жылу магистралі толық ауыстырылды. Қалған 1,9 шақырым жылу желілерін жаңарту жұмыстарын қыркүйек айына дейін аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар жылу жүйесіне заңсыз қосылғандар әлі де анықталып, кәсіпкерлік нысандар мен жеке үйлер тексерілуде. Орталық жылуға заңсыз қосылғандар жылу көзінен ажыратылады. Қаладағы тұрғын үйлердің ішкі жылу құбырлары да тозған. Дегенмен, жылу сапасын жақсарту жұмыстары жан-жақты жүргізілуде. Орталыққа қосылған 347 көпқабатты үйде 130,5 шақырым ішкі орам жүйелері мен магистральдық жылу құбырларын қысыммен жуып-шаю жұмыстары жүргізілді.