Түркістан облысының құрылғанына биыл – 6 жыл.
Еліміздің және түркі әлемінің рухани астанасы саналатын қасиетті өңір аз уақыт ішінде даму жолына түсті. Ал, тарихы терең Түркістан қаласы өңір орталығы болып, көне мен келешектің көпіріне айналды. Алты жылда жеткен жетістіктер, алған асулар аз емес.
Айталық, қаланың жалпы аумағы соңғы үш жылда 19,6 мың гектардан 22,4 мың гектарға ұлғайды. Тұрғындар саны 230 мыңға адамнан асты. Былтыр мұнда 228 мың адам тұрған.
* * *
Екінші тынысы ашылып, ерекше дамып келе жатқан шаһарға зиярат етушілер, туристер көптеп келе бастады. Мәселен, биыл 4 айда қалаға 326,3 мың адам саяхаттап келген. Яғни көрсеткіш 37,6 пайызға өсті. Шетелдік туристер саны 4,3 мың адамға жетті, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 58,1 пайызға өсті.
* * *
Бүгінде қала аумағында 76 мектеп (52 668 оқушы) бар. Оның 34-і мемлекеттік (42 115 оқушы), 42-сі жекеменшік (10 553 оқушы). 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» жобасы арқылы 8 мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде.
* * *
Түркістанда «Ұлы Дала Елі» орталығы, «Оқушылар сарайы», теңдесі жоқ «Фараб» кітапханасы, сазды-драма театр ашылды. Сонымен қатар, қазіргі таңда мұнда 500 орынды Мәдениет үйінің құрылысы жүріп жатыр, ол ағымдағы жылы пайдалануға беріледі.
* * *
Облыс орталығында 44 548 абоненттің 44 102-сі, яғни 98,9 пайызы таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Биыл 2 нысанның құрылысы жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде жыл аяғында тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 99,5 пайыз болады.
* * *
Қалада 16 336 абонент орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамтылған. Жыл қорытындысы бойынша бұл көрсеткішті 55,8%-ға жеткізу жоспарлануда.
* * *
Түркістан қаласында 44 548 абоненттің 44 102-сі сапалы электр қуатымен қамтылған. Таяу күндері тағы 4520 абонент сапалы электр қуатымен қамтамасыз етіледі. Бұларға қосымша 3 нысан құрылысын қаржыландыру үшін республикалық бюджетке ұсыныс берілді. Ол мақұлданса, қала тұрғындарын сапалы электр қуатымен қамту 99,0 пайыздан 99,5 пайызға жететін болады.
* * *
2024 жылдың аяғына дейін қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 59,1%-ға жеткізіп, қаладағы асфальт жолдарды 499,5 шақырымға жеткізу жоспарлануда. Қала аумағында жалпы 458 аялдамаға қажеттілік бар болса, бүгінгі таңға 276 аялдама жаңартылған, қосымша қажетті 182 аялдама кезең-кезеңімен жаңартылатын болады.
* * *
Түркістан қаласы облыс орталығы статусын алғалы қалаға жаңа 210 автобус сатып алынды. Жақсы жағдайдағы автобустардың үлесі 100%-ға жеткізілді. Қазіргі уақытта онда 22 қоғамдық көлік бағыты жұмыс істеп тұр.
* * *
Түркістан облыс орталығы болғалы келушілерге қызмет ететін үлкенді-кішілі қонақүй саны да көбейді. Бүгінде қалада 60-қа жуық қонақүй бар. Оның 10-ы жоғары санатты. Жалпы осы жылдар аралығында қонақүйлер саны 45 пайызға көбейген.