ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КҮНІНЕ ОРАЙ «AGROFEST TÚRKISTAN - 2024» САЛТАНАТТЫ ШАРАСЫ ӨТУДЕ

Қазақстанда
Typography
  • Smaller Small Medium Big Bigger
  • Default Helvetica Segoe Georgia Times
Түркістан қаласында өз несібесін жерден терген, қажырлы еңбектерімен қоғамның әлеуметтік тұрақтылығының нығаюына қомақты үлес қосып келе жатқан Түркістан облысының ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай «AGROFEST TÚRKISTAN - 2024» салтанатты шарасы өтіп жатыр. Бұл күні тұрғындарға ала жаздай ризық-несібесін жерден терген өңір диқандарының 3000 тоннадан астам өнімдері ұсынылды. «Керуен сарай» туристік кешенінде ұйымдастырылған мерекелік шарада асыл тұқымды мал шаруашылығы мен техникалар көрмесі және ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі және Ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтуде. Ауқымды шараға қатысқан Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ауыл шаруашылығы техникалар көрмесін көріп, «Тұран су» МКК, «Ветеринариялық қызмет» МКК-на арнайы техникалар табыстады. Ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесін аралап, кол өнер шеберлерінің жұмыстарымен және мал шаруашылығы көрмесімен танысты. Еңбек адамдарына құрмет көрсеткен облыс әкімі ауыл шаруашылығы саласы өкілдерін құттықтады. – Халықтың әл-ауқатының жоғары болуы – агроөнеркәсіптік кешенінің дамуымен тығыз байланысты. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында облыстың агроөнеркәсіп кешені тұрақты дамып келеді. Түркістан облысы аграрлық саланы дамытуда елімізде жетекші орынға тұрақтаған. Ауыл шаруашылығында еліміздегі жалпы өнім көлемінің 14 пайызы өндіріледі. Биыл 9 айда 747 млрд. теңгеге жуық өнім өндірілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деп, бұл салаға ерекше мән береді. Осы тұрғыда, өнімділікті арттыру және жаңа технологияларды ендіру бағытында, біз көршілес Өзбекстан, Қытай және Түркия, Австралия мемлекеттерінің оң тәжірибелерін ендіруіміз қажет. Облыстың табиғи – климаттық қолайлығы, жұмыс күші тұрғысында саланы жан-жақты дамытуға мол мүмкіндіктер береді. Заман көшінен қалмай, біз өрлеу үшін алдымызға ауқымды жоспарлар түзіп, биік межелерді белгілеп отырмыз. Сіздерге адал еңбекпен еліміздің дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жүргендеріңіз үшін құрметпен алғысымды білдіремін. Өздеріңізбен бірге, облыстың аграрлық саласының жаңа бағытта дамуына қол жеткізетіндігімізге үлкен сеніммен қараймын. Өйткені, Түркістан өңірінің еңбекқор елі, құнарлы жері бар. Сіздерді бүгінгі мерекемен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, береке мен бірлік тiлеймiн! Еліміздің игілігі жолында жаңа табыстарға жете беріңіздер. Мереке құтты болсын! - деді Дархан Сатыбалды. Салтанатты шарада облыс әкімі бір топ азаматты Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттады. Жиында облыстың аграрлық саласының дамуына белсенді үлес қосып келе жатқан озат агроқұрылым басшылары мен өкілдеріне де құрмет көрсетілді. Сондай-ақ облыстың агроөнеркәсіптік кешенінде даму көрсеткіштерін орындауда алғашқы үштікке енген және негізгі капиталға инвестиция тартуда озат аудан, қала әкімдері облыс әкімінің дипломымен марапатталады. Бірінші орынды қайта өңдеу саласын дамытуда көш бастаған, 13 даму көрсеткіштері бойынша алғашқы орынға шыққан, жалпы өнім көлемі 108,7 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 129,8 пайызға жетіп, облыстық көрсеткіштің орындалуын қамтамасыз еткен Сайрам ауданы әкімдігі жеңіп алды. Екінші орынды Қазығұрт ауданының еңбеккерлеріне бұйырса, үшінгі орынға Жетісай ауданы лайық деп танылды. «AGROFEST TÚRKISTAN - 2024» мерекелік іс-шарасы Қазақстанның жарық эстрада жұлдыздары «Мұзарт» тобы, Қайрат Нұртас және Мирас Жүгінісовтың қатысуымен кешкі гала - концертпен жалғасатын болады. Айта кетейік, Түркістан облысында бұл салада мақта кластерін дамыту, Австралия тәжірибесі негізінде ет кластерін құру, Жібек шаруашылығын дамыту, субтропикалық жылыжай шаруашылығын ұлғайту, қайта өңдеу саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру көзделген. Алдағы 5 жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 2,2 есе арттыру көзделген. Облыста 80 мыңға жуық агроқұрылымдар жұмыс жасайды, бұл республикалық көрсеткіштің 31 пайызы. Өңірімізде 1 млн. ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайы ауыл шаруашылығына тікелей қатысты. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестициялар 1,6 есеге дейін артып, 148 млрд.теңгеге жетті. Қайта өңдеу көлемі 94 млрд. теңгені құрады. Ет экспорты бойынша облыс – еліміздің көшбасында келеді. Экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің – 80 пайызы, ұсақ мал етінің – 75 пайызы Түркістан облысының үлесінде. Биыл облыста ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыруда кешенді шаралар қабылданды. Мемлекет басшысы Үкіметке ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейтуді тапсырып отыр. Осы тұрғыда, облыста су үнемдеу технологияларын жаңадан 17 мың гектарға ендірілді. Технологияның қол жетімділігін арттыру үшін, 3 жергілікті зауыт іске қосылды. Мемлекет тарапынан су үнемдеу технологияларын ендіру шығыстарының 80 пайызын субсидиялау жүргізуде. Бұл салаға жаңа технологияларды ендіруге басымдық берілген. Биыл ағын суды, энергияны, еңбек ресурстары мен минералды тыңайтқыштарды үнемдей отырып, жаңа технологиямен 2 мың гектарға егілген мақта дақылы 60 центнерден өнім алуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл облыстың орташа көрсеткішінен 2,5 есеге жоғары. «ҚазАгроҚаржы» Акционерлік қоғамының жылдық 5 пайыздық қол жетімді лизингтік бағдарламаcы іске қосылды. Нәтижесінде, 9 айда жаңадан 1 603 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынып, облыстағы техникалар паркі 6,3 пайызға жаңаланды. Бұл жұмыстар жалғасын табатын болады. Өңірдегі су нысандарының құрылысын «Ислам даму банкі» арқылы қаржысын тарту есебінен жүргізу келісілді. Бірінші кезеңге құны 73,6 млрд. теңгеге 14 жоба қаржыландырылады. Құрылыс жұмыстары 2025 жылы басталады. Нәтижесінде, 166 шақырым канал бетонмен қапталып, 53,3 мың гектар суармалы жерге су жеткізетін болады. Екінші кезеңге 2025 жылға 23 нысанға жобалық сметалық құжаттамалар әзірленуде. Жобалардың болжамды құны 120 млрд. теңгені құрайды. Сонымен қатар коммуналдық меншіктегі 11 су нысанын «Қазсушар» республикалық мекемесі теңгеріміне беру арқылы «Ислам даму банкімен» қаржыландырылады. Нәтижесінде, 151 шақырым канал бетонмен қапталып, 78,7 мың гектар ағын сумен қамтамасыз етіледі. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі