Елімізде соңғы жылдары интернет-алаяқтыққа қатысты қылмыстардың саны күрт өсуде. Осы орайда Түркістан облыстық полиция департаменті тарапынан арнайы «CyberPol» тобы құрылды. Бұл туралы брифингте Түркістан облысы Полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Ермек Ералыұлы мәлімдеді.
«Статистикаға сәйкес, 2024 жылдың 10 айының қорытындысымен облыс көлемінде интернет-алаяқтық бойынша 454 іс тіркелсе, оның 196 – сы сотқа жолданған. Аталған саладағы қылмыстардың ашылу пайызы – 44,5%. Сонымен қатар, биыл 1 қарашадан бастап ІІМ-де интернет-алаяқтықпен күресті тиімді жүргізу мақсатында киберқылмысқа қарсы күрес департаменті құрылды. Алдағы уақытта біздің өңірде осындай дербес басқарманы ашу бойынша жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ, арнайы мақсаттағы топтың әлеуметтік желілерде парақшалары ашылды. Бұдан былай алаяқтардың құрбанына айналған азаматтар әлеуметтік желілердегі парақшаларымызға анонимді түрде өз арыз-тілектерін жолдай алатын болады»-деді спикер.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі