Тапшы өнімге сұраныс көп
Шымкенттік кәсіпкер Дана Әсембекқызы еңбек жолын 2003 жылы «Сәуле» тігін фабрикасынан бастайды. Қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отырып, арнайы киім тігеді. Сол кезде түймеге сұраныстың көптігін және бізде түйменің өте тапшы екенін, онда да Алматыдағы Қазақ соқырлар қоғамының Оқыту-өндірістік кәсіпорны ғана шығаратынын біледі. Түйме өндірісін әбден зерттеген кейіпкеріміз 2006 жылы желтоқсан айында «Казпластты» ашады, деп жазады «Шымкент келбеті». Пластмассамен байланысты әрі отандық өнім болғаннан кейін атын «Казпласт» деп қояды. Сол кезде «кішкентай затқа бола атын айқайлатып қойыпты» деп миығынан күлгендерге Дананың «Казпласттың» қандай болатынын әлі-ақ көрсетемін» деп намысын қайрай түскені бар. Сонымен не керек, өндірістің алғашқы тауары 2007 жылдың 19-шілдесінде шықты. «Шикізатын Ресей мен Польшадан алдырдық. «Термопласт автоматпен» қалыпқа құю әдісімен кез келген формадағы түймелерді жасап шығардық. Біздің алғашқы ассортиментіміз әскерилердің жейдесі, арнайы киімдерге қажетті түймелер еді», - деп бизнеске басқан алғашқы қадамдарын еске алған Д.Әсембекқызы. «Сәуле» тігін фабрикасын түймемен толықтай қамтамасыз еткеннен кейін «Казпласттың» аясы кеңейеді. Семейден басқа қалалардан тапсырыс түсе бастайды. Ол кезде кәсіпкерлердің көпшілігінде артық ақша жоқ. Сондықтан төлем мерзімін оларға ыңғайлы етіп, барлық фабрикаларға жағдай жасайды. Әрі салығын да өзі төлеп отырады. Осылайша біртіндеп отандық өндірушілерді өзіне қарата бастайды. 2010 жылы «Арай» май зауытымен келісімшартқа отырып, май бөтелкелерінің қақпақтарын жасауға кіріседі. 2012 жылы карабин, ұштық сияқты тігін саласына қажетті фурнитураларды шығарады.
Тапшы өнімге сұраныс көп
Typography
- Smaller Small Medium Big Bigger
- Default Helvetica Segoe Georgia Times
- Reading Mode