Ұлттық өніміміз ретінде шетелге таныту – менің басты арманым
Шымкенттік жас кәсіпкер Айнаш Убайдуллаева қазақтың құртына өзгелердің қызығушылығын ояту мақсатында осындай атпен тауар белгісін шығара бастады. Сол кезде сайттар мен әлеуметтік желі қолданушылары «не шықса да, Шымкенттен шығады» деп жарыса жазған болатын. Бүгінде Айнаш «Құртафеллодан» бөлек, «Ақсұңқар» атты жарнама орталықтың ісін дөңгелетіп отыр. Бір жыл Қытайда білімін жетілдіріп қайтты. Ары қарай Айнаштың өзі баяндасын.2009 жылы анам сырқаттанып, дәрігерлер «саумал ішу керек» деп кеңес берді. Әкем бие сатып әкеліп, байлады. Үш ай үздіксіз саумал, қымыз ішкен анам дертінен құлан-таза айығып кетті. Сосын қымызды басқа адамдар да тұтынсын, денсаулықтарын түзесін деген оймен қымызхана аштық. ҰБТ тапсырып, студент атанып, мойнымнан ауыр жүк түскеннен кейін туысқан әпкеме көмектесіп, мен де қымыз сата бастадым. Күніне 100 литрге дейін өткізіп, 1 мың АҚШ долларына дейін табыс тапқан сәттер де болды. Шымкентке өзге елдерден қыдырып келген туристер жол бойында тұрған киіз үйді көріп, таңырқап, ішке енетін. Қымыз ішіп, құрттың дәмін көріп, суретке түсіп, риза болып кететін. Бұдан бөлек, Алматы мен Астанадан, өзге де қалалардан арнайы келетін тұрақты тұтынушыларымыз болды. Мақтанғаным емес,біздің қымыздың дәмін бір көрген адам, ол дәмді ешқашан ұмытпайды. Сосын басқа жерден қымыз ішкенде, қоспа қосылған, қосылмағанын бірден біледі. Шымкентте халық көп. Бәсеке де көп. Сол себепті келген тұтынушыларға жаңа нәрсе ұсынғым келді.Өзінің қалпын, дәмін бұзбай, ұзақ сақталатындықтан, адам денсаулығына пайдасы мол болғандықтан, құртқа тоқталдым. Сосын интернетті ақтарып, «Құртафаелло» деген атауға кезіктім. Идея бірден ұнады. Адамдарды ауылдың құртына қызықтыру үшін «Құртафелло» деп өзгерттім. «Құртафелло» тауар белгісін «Raffaello» шоколадының атауымен шатыстыруға болмайды. Өйткені, қораптың дизайнын өзгертіп, Астанадағы авторлық құқық саласының мамандарымен кеңесіп, тіркеуден өткіздім. Ата-анам мен бауырларым менің алғашқы тұтынушыларым болды. Талабымды құптап, қолдау көрсетті.
Ал мен танымал болуды, пайда табуды, мақсат тұтпадым. Жоспар да жасамадым. Сайт пен газет беттеріне шығып, телеарналардан көрсетілгеннен кейін жан-жақтан адамдар хабарласып, құттықтап жатты. Тіпті енді әрі қарай не істейтінімді сұрағанда, абдырап қалғаным рас. Одан кейін мен Қытайға бір жылға оқуға кеттім. «Құртафеллоның» ісі сәл баяулап қалды. Тамыз айынан бастап, қайта қолға алып жатырмын. Қытайдан қорап шығаратын арнайы қондырғылар сатып әкелдім. Құртты бредке айналдыру, ұлттық өніміміз ретінде шетелге таныту – менің басты арманым. Бүгінде құрт 100-600 теңге (қорабына байланысты) аралығында сатылып жатыр. Алдағы уақытта «Құртафелло» қаладағы ірі сауда орындарында тұрса деймін. Қазір ізденіс үстіндемін.
Мен баспа ісі, жарнама саласы бойынша өткен жәрмеңкеге қатыстым. Үш күн бойы таңғалып, тамсанып жүрдім. Қаншама ойлар келді басыма. Қытайға қыдырып барсаңыз, сол жәрмеңкенің уақытына ыңғайлап баруға кеңес берер едім. Өзім көктемде ата-анамды Қытайға апарып, жәрмеңкені көрсетсем деймін. Өйткені ол жәрмеңкеден кейін елге келіп, жеке кәсіп ашуға құлшынысың оянады. Бізде дамымай жатқан сала көп. Ниет болса, аз қаржымен-ақ іс бастауға болады.
Жазып алған Әйгерім Бегімбет
Ұлттық өніміміз ретінде шетелге таныту – менің басты арманым
Typography
- Smaller Small Medium Big Bigger
- Default Helvetica Segoe Georgia Times
- Reading Mode