Шаңырағы шаттыққа толған отбасы
Әдетте көпті көрген қарияны қазынаға теңейміз. Шаңырақ басында шежірені айтатын, әулеттің өткен-кеткен тарихын қозғап, немерелерінің құлағына құйып отыратын ата-әжелері болғанға не жетсін, шіркін. Келін тәрбиелеп ғана қоймай, ауыл-елге үлгі-өнеге болып отырған апаларымыз арамызда жеткілікті. Солардың бірі Шымкент қаласының тұрғыны он алты құрсақ көтерген, соның ішінде аман қалған он перзентін өсіріп ержеткізген «Алтын алқа» иегері Сағымкүл апа Сартаева.
Сағымкүл апа сексеннің сеңгіріне жетіп, бұл күнде шөбере сүйіп отыр. Бүгінгі заман адамдарына он баланы бағып-қағып жеткізу дегеніңіз аңызбен бірдей. Кешегі күнгі Батыр аналардың ерлігін қазір баяндайтын болсаңыз, ертегі айтып отырған секілді көрінетін шығар... Әйтсе де, сол аналарымыз тұрмыста таудай қиындықтар көріп, талай кедергілерге ұшыраған, сонда да болсын қажымай, талмай алға ұмтыла білген. Барлық балаларына білім алғызып, аяқтандырып, ел қатарына қосқан. Осындай алтын құрсақты аналарымыздың әңгімесін, олардың ертеңгі күнге қалдырар өсиет-сөзін неге тыңдамасқа, бүгінгі келіндері мен қыздарына үлгі етіп көрсетейік деген оймен біз Сағымкүл ананы алыстан іздеп бардық.
-Ата-бабадан келе жатқан қонысымыз Төле би ауданы, Сарқырама ауылы. Ұлы жүз Сиқымнан тарайтын Қусирақпыз, қарағым, -деп бастады әңгімесін апа. – 1953 жылы он жеті жасымда осы қара шаңыраққа келін болып түстім, міне, содан бері алпыс жылдан асты, түтінін түтетіп келемін. Балаларымның әкесі отағасым Жаңбырбай өзімнен екі жас үлкен, екеуміз бас қосқанда ол он тоғызда еді. Ауылда мен сауыншы да болдым, 17 жыл қатарынан дүкенннің қарауылы да болдым. Ол кезде жұмыс таңдамай істей беруші едік, шалым колхоздың комбайнын айдады, қойма меңгерушісі де болды. Екеуміз де елмен бірдей колхоздың қара жұмысын істедік, сөйте жүріп, дүниеге баланы бірінен-соң бірін алып келдік. Құдай етегіме он алты құрсақ берді, соның тіл-көзден аман қалғаны он бала болды. Алла өзі алам дегенін алды, қалғаны қалды. Шетінеп кеткен балаларымның туу туралы метркесі сандықта сақтаулы.
Әрбір отбасының тарихы әрқилы. Сағымкүл апа ерім өмірден озды деп түңілмей, әрі қарай балаларын өзі жетілдірді. Қыздары Ханзада тұрмыс құрып, Құланқадыр келін әкеліп, тіршілік жалғасқандай болғанмен екі отбасы да перзенттері болмай қиналады. Алайда, Сағымкүл апа Алладан үмітін үзбейді. Одан кейін Назира, Құлан-мұхиддин, Бақберген үйленіп, бала-шағалы болады. Немере сүйіп, шаттыққа кенеліп отырғанмен, Ханзадасы мен Құланқадырдың баласыз қиналып жүргені жүрегін тілгілейді. Сөйтіп жүргенде отызға қарағанда Құланқадыр қыз балалы болады. Үміт оты жанып, көңілдерінде қуаныш ұялаған жұбайлар жылдар жылжып, қырыққа таяп қалады. Нәресте исін тағы аңсайды.
Сағымкүл апа әңгімесін жалғады.
-Құланқадыр баяғы Ишан атаның өзі атын қойып кеткенін, сол атаның батасымен балалы болғанымды титтей кезінен естіп өскен соң, өзі қырыққа жақындағанда былай деді: «Мен сол Ишан атаны іздеп көрейін. Өзі болмаса да жөн білетін көзі қалған болар. Алдына барып жағдайымды айтайын... Бәлкім, жолым оңғарылып қалар». Ұлым Құланқадырдың мына сөзінен кейін ақ жол тілеп, шығарып салдым. Содан Өзбекстанның Самарқанына жетіп, Ишан атаны жағалай сұрастыра бастайды. Біреу-міреуден естіп, әйтеуір атаның үйін табады. Сол алпысыншы жылдардың өзінде ата болып жүрген кісі, содан бері қырық жыл уақыт өткен екен, «елу жылда ел жаңа, қырық жылда қазан жаңа» деген, ата өмірден озып кетіпті. Өзінің жолын қызына беріп, бар білгенін сол қызына үйретіп кеткен екен. Ишан атаның қызының өзі сол кезде біраз жасқа келіп, кемпір болыпты. Құланқадырдың әңгімесін тыңдап болып: «Жақсы келдің, балам. Әкем Қазақстаннан мені үш адам іздеп келеді деп айтып отыратын. Қалған екі бауырың қайда?» деп сұрайды. Құланқадыр екі бауырының да бала-шағалы, тіршілігі дөңгеленіп отырғанын, қалған іні-қарындастарының барлығы үйлі-баранды, бәрі де тіршілік етіп, қолдары босамай жұмыста жүргенін айтады. Содан емші апа жөн сілтеп, «Ишан атаның жатқан жеріне барып, басына Құран бағыштап, атап әкелген қойыңды сойып, сол жердегі тұрғындарға таратып бер. Сөйтіп атаңның батасын аларсың. Бірақ, әкелген қойың, өз маңдай тер, табан ақыңмен табылған болсын» деп ескертеді. Құланқадыр қой алып, атаның басына барды. Сол жерде Құран оқытып, өзінің еңбегімен тапқан қойдың етін мұқтаждарға таратып берген. Құланқадыр зираттың басында екі көзіне ерік беріп жылап, Ишан атаға мұңын ақтарған екен: «Ата, атымды өзіңіз қойып едіңіз. Өзіңіздің батаңызбен дүние есігін аштым. Бүгінде сол балаңыз перзенттен қысылып жүр. Өзіңіздің алдыңызға келіп тұрмын. Қолдай көріңіз».
-Балаларым ішкілік пен шылымқорлықтан алыс болды. Ұлдарымның барлығы әскерге барған. Бақберген Семей полигонында әскерде қызмет етті. Келіндеріммен бет қаратып ұрысқан емеспін, олар менің бетімнен алған емес. Бір-бірімен сыйласып, бәрі де өз күндерін көріп жүр. Мен үшін отбасы құндылығы ең басқы орында. Құлан-мұхиддиннен үш, Назирадан үш, Бақбергеннен үш, Оразбиден төрт, Бақыттан екі, Нұриладан төрт, Даниярдан екі немерем бар, - дейді. Немерелерін айтқанда апаның жүзі нұрланып, жадырап кетті.
Айта берсе, әңгімесі таусылмайтын, ақыл кеніне толы Сағымкүл апа осылай немерелерінің ортасында отырғанын бақыт көреді. Ендеше, берекелі отбасының татулығы арта берсін, апаның немерелері-шөбелері аман-есен көбейіп, шаттыққа тола берсін деп тілейміз.
Шаңырағы шаттыққа толған отбасы
Typography
- Smaller Small Medium Big Bigger
- Default Helvetica Segoe Georgia Times
- Reading Mode