Бақытты һәм бақыттары баянды...
Күмбездерін күнге сүйдірген Мәскеу қаласында жолыққан екі жас егіздерін енді тапқандай болған-ды. Екеуі де ғаламшар атты дөңгеленген дүниенің екі түкпірінен білім алсам, ғылымның кәусарынан сусындасам, отаныма пайдамды тигізсем деген тілекпен жеткен. Тілектердің түйісуі оңға басты. Орыстың оғланы Александр да, қазақтың қаракөз қызы Толқын да ақ арман, көздеген мақсат жолында өз жартысын жолықтырғандарына қуанышты һәм бақытты еді. Арман адастырған жоқ. Қуаныш құшағында тербелген екеуі оқуларын да ұмыт қалдырмаған. Бір-бірінің жүрегіне бойлаумен, жан көктемін тойлаумен жүріп білім ордасын тәмамдап тастағандарын да байқамапты. Талайларға арман болған әсем қаладағы ауылшаруашылық институтын бітіріп, екеуі де жігіттің еліне тартып отырды. Әрине өзге ұлттың өкіліне тұрмысқа шығатынын есіткенде анасы қарсы болды. Тіпті «Өлмей ғана елге қайт» деген хатын да алды. Ақ сүтін берген асыл анасының тілегін орындау қолынан келмеді бірақ... Содан Ресейдің шалғай түкпіріндегі Новгород облысы, Поддар ауданы, Зимник деревнясында тұрақтап қалды. Ол кезде колхоз-совхоздардың дәуірлеп тұрған шағы. Нәзік те талдырмаш Толқын жұмыстан қорыққан жоқ, білекті сыбанып кірісіп кетті. Бастысы сүйгені жанында, жаны қалайтын жұмысы бар. «Красная знамя» колхозына агроном болып орналасты. Іскерлігімен көзге түскен оны колхоз бастығы бір жылдан соң нәзікжанды деп бөле жармай бас агроном етіп тағайындады. Александр да қолына алған жұмысты жапырып істейтін ілкімділігі де, ісмерлігі де бар. Колхоздың есеп қисабын қолына алды. Тұрмыстары тәп-тәуір тұрып жатты. Бақыттан бастары айналған шақтың шаттығын шалқытып тұңғыштары дүние есігін ашты. Александрдың әжесі Игорь деп ат қойды. Балапандары бір жасқа толғанда Толқынның әке-шешесі іздеп келді артынан. Баяғы өкпе реніш ұмытылған. Бауыр еті баласынан қай ата-ана бас тартсын?! Олардың келуімен қоса алға қойған жоспар да өзгерді. Қазақстанға қоныс аударатын болып шешілді. Жігіттің ата-анасы қарсылық білдірмеді. Әке-шешесін шығарып салған соң буынып-түйініп көш-керуендерін туған жерге қарай бұрды. Ең алғаш табан тірегендері Шымкент қаласы болды. Ата анасының ауылы да алыс емес. Барып келуге де жақын. 90-жылдардың бел ортасы болатын. Қиын кезең, жағаға лақтырылып қалған балықтай болып қалған жұрт. Жұмыс таппай, жұмыс болмаған соң нәпақа таппай тағы сенделген жұрт. Жас мамандарды құшақ жайып қарсы алатын бұрынғы колхоздардың да басынан бағы тайған. Алғашқыда қиналмасын деп ата-анасы көмектесіп тұрды. Содан ғұмырында қолына күрек ұстап, балшық илеп көрмеген күйеубала көргендерін іске асырып, баспана тұрғызып алды. Одан жеке фирмаға жұмысқа тұрды. Еңбекқор жанға қайда да болса жұмыс табылатыны ақиқат. Отбасын тарықтырмай көшін түзеп, түтінінің түзу ұшуына көп тер төкті. Толқынның 90-нан асқан қарт әжесі «100 күйеубалаға айырбастамайтын асыл бала ғой» деп Сашаға өле-өлегенше риза болып, батасын беріп кетті. Ерінбей еңбек ететін кішіпейіл күйеубала бүгінде бүкіл ағайын туғанның сүйкімдісіне айналған. Қазақстанды жатсынған жоқ. Отаны санаған ұлысты бауырына тартатын кең өлке расында бұ отбасыға құт мекен болды. Осында Әсем атты қызды, Руслан атты ұлды болды. Тұңғыштары бүгінде темір жол колледжін тәмәмдаған соң, М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын қызыл дипломмен бітірді. Қыздары Әсем медициналық колледждің түлегі. Бүгінде осы салада тер төгіп жүр. Кенжетайлары Руслан колледжде білім алып жүр. Қай-қайсы да қазақшаға судай. Ағып тұр. Үлкендері Игорь мақалдап, мақамдап сөйлегенде қазекемнің өзін жаңылыстырады. Мектепте жүргенінде түрлі тіл байқауларына қатысып, бас жүлдені қанжығасына байлағаны бар. Тіпті жергілікті телеарналар тілі қазақ, түрі орыс жігітті аттай қалап жұмысқа шақырғаны бар. Тәлімді, тәрбиелі отбасында үлбіреп өскен ұландарға құда түсушілер расында көп... Александр мен Толқынның отбасы осылайша ағайын туысқа үлгі болып, бір белеске көтерілісімен тағы бір тың белеске қол созып тұрып жатқан жайлары бар. Отбасы құндылығын құнттаған нағыз тату тәтті жанұя. Бақытты һәм бақыттары баянды...
Аяулым Арыстанбек
Бақытты һәм бақыттары баянды...
Typography
- Smaller Small Medium Big Bigger
- Default Helvetica Segoe Georgia Times
- Reading Mode