Үйдің берекесін кіргізетін әйел

Қазақстанда
Typography
  • Smaller Small Medium Big Bigger
  • Default Helvetica Segoe Georgia Times

Үйдің берекесін кіргізетін әйел

 

Қариясы бар үй қазына.  Әсіресе, әулеттің әрін келтіріп, кейінгі ұрпағының құлағына  ізгі ақылын құйып, өмірдің жөн—жосығын көрсете жол сілтеп отырар аяулы әжең болса, ол бір алтын көмбемен тең ғой. Осы күні әлдеқандай қария кісіні жазғыратындар, көпе—көрінеу сөгетіндер де табылады. Мұндайда әдемі қартая білу де өнеге ме дерсің?!Көкірегі өсиет пен шежіреге толы, көненің көзін көрген, үрім-бұтағы десе аузында айтары бар, берер тәлімі мол Дәнекүл апа бүгінде сексеннің бел ортасын бағындырып отыр. Тұңғыш балаларының өзі алпысты аралап, немерелерінің алды азамат болғаны қашан. Қара шаңырақта шүпірлеген шөберелерімен бірге кейде бала сықылды шаттанып, қапелімде солардың жүзін мұң торласа, аналық жүрегімен қамығып, алаңдап қалар. Дүниенің өзі солай ғой, бірде қатты, бірде тәтті. Алып мұхиттың адуынды толқындарынан аман жүзіп, бағыт-бағдарын білген кеме сияқты, Дәнекүл апа да бар саналы ғұмырын бала тәрбиелеуге, отбасы құндылығын сақтауға, оларға жолсыз жерде жарық беретін шамшырақ болуға арнаған. Өзі он бір құрсақ көтеріп, тағдырдың тырнағынан аман қалған тоғызын үзеңгілестерінен кем қылмай өсірді, ержеткізді. Осы қастерлі шаңырақтың тілеуін тілеп келеді, көсегесін көгертіп, жан жылуына, аналық махаббатына бөледі.Рас, тұлымшағы желбіреген өрімдей кезінен Дәнекүл апа ұлттық салтты, дәстүрді бойына сіңіріп өскен қазақ әйелі екенін ә дегеннен аңғарасыз. Өйткені, ертеде түскен келіндерінің өзі осы күні ене атанып, шашына ақ кіріп, Пайғамбар жасына жетіп, салихалы бәйбіше болған, енелерін көргенде сол бәз-баяғы әдетінше әлі иіліп сәлем салады. Немере келіндері алдын бір кесіп өткен емес. Кие қонған шаңырақтың құты болған осындай асыл әженің ортамызда қауқиып отырғаны үлкен бақыт, немелері мен шөберлеріне көз қуаныш, ұл—қызына мерейлі мәртебе екен.

Қ. Ахметова

Шымкент қаласы