Зейнеп Ахметова: «Ұлттық құндылықты ұлықтауымыз керек»
Шымкентте "Салт-дәстүр орталығы" ашылыпты дегенді ең алғаш естіп қатты қуанған едім. Өйткені менің айтып жүргенім де, жазып келе жатқаным да осы өзіміздің ұлттық құндылығымыз жайында. Анамнан алған ұлттық тәлім-тәрбием, ұлттық өнегем мен тағылымым тұрмысқа шығып алты алаштың ардақтысына айналған Момышұлы шаңырағына келін болып түскенде қайын ата алдындағы келіндік міндетімді өтеумен жалғасты. Уызыма жарып өскенімді білген соң ата да маған ұлттық тағылым жайында өзінің білетінімен бөлісті. Бір әулетте өзінің ұлттық дәстүрінің үзілмей сақталып қалуын, отбасы құндылығының, өз ұрпағының тамырына балта шабылмай қазақ салтының сабақтасқанын қалады. Өзімнен кейінгілер де мұны білсін, қазақтың әдет-ғұрып, ырым-тыйымын өз тұрмыс-тіршілігінде кеңінен қолдансын деген ниетпен шамамның жеткенінше насихаттап келем. Сондықтан да Салт-дәстүр орталығы ашылды дегенде ерекше қуандым және бұл тұңғыш әрі жалғыз орталық қой! 30 жылдағы ұлт үшін, ұлттық құндылық, отбасылылық құндылық үшін қызмет етуге арналып салынған һәм ашылған бірден-бір ғимарат. 2017 жылы осы орталықтың арнайы шақыруымен және ұйымдастыруымен Шымкентте екі үлкен кездесуім де өткен болатын. Сол жолы орталықтың атқарып жатқан шаралары жайлы естіп, аздап болса да істелген жұмыстары жайлы білгенмін. Енді ұлттық құндылықтардың отауын, сол орталықтағы қызметкерлердің ұйытқы болуымен өткеніңді ұмыттырмай, тарихтың қойнауында қалған дәстүр-салтыңның жақсысын бүгінгі жаңамен ұштастырып насихаттап жатқан қазақ үшін қастерлі шаңырақты туризімді дамыту үшін пайдалануға берілуге тиіс дегенді естіп көңілім жаман болды. Туризм дамуы керек, елімізге туристер тартылуы керек, қайта сол туристерді сол орталыққа апарып, ұлттық әдет-ғұрып, ырым-тыйыммен таныстырмаймысың?! Шеттен келгендерді басқа неңмен қызықтырмақсың әрбірден кейін. Ол орталыққа Өзбекәлі Жәнібековтің есімі берілсін деген ұсыныс та айтылыпты. Керісінше сол ұсынысты іліп әкетіп, Мархабат Байғұтты қолдаған жөн секілді, меніңше. Өйткені Өзбекәлі Жәнібеков - саптыаяққа ас құйып, сабына қарауыл қойған қылышынан қан тамып тұрған кеңестік кезеңде де ұлттың жоғын түгендеп, қазақтың мүддесі үшін еңбек етіп, ұлттық құндылықтардың сақталып қалуына аянбай тер төккен жан.
Зейнеп Ахметова: «Ұлттық құндылықты ұлықтауымыз керек»
Typography
- Smaller Small Medium Big Bigger
- Default Helvetica Segoe Georgia Times
- Reading Mode