Дәл қазіргі уақытта әйел адамдар көбінде өздерін ерлерге тән ұстайды. Оның себебі, жұмысбастылық, отбасын асырауы, қызмет бабы, басшылыққа көтерілу кезеңдері... Әйел өзінің табиғат жаратқан нәзіктігінен сәл-пәл алшақтап, мықты бола түседі, өзін тым үстеп. Кейде сұсты ұстайды. Мұны неге айтып отырмыз? Қазіргі психологиялық тренингтерге әйелдердің, қыз-келіншектердің дені «Қалай нәзік әйелзаты бола аламын?», «Өзгергім келеді, сондай биязы, нәзік, ер адамды қаратардай табиғи тартымды болғым келеді» деген сарында мәселелермен келеді. Иә, олар шынында ерлерге ұнамды образға енгісі келеді, көз тартар нәзік, сырт келбеті мен мүсіні, сөйлеген сөзі жарасымды, тиянақты кейіпке енгісі келеді. Ойлап қарасаңыз, біз әу бастан – әйелзаты табиғатымыздан солай нәзік болып жаратылған жоқпыз? Оны алыстан іздеп не керек, ол табиғат біздің бойымызда бар ғой... Ал, не себепті мұндай құбылыстардан алыстап барамыз? Оның себебі әртүрлі ғой... Мәселен, кейбір әйелдер тұрмыста небір ауыртпалықтарды көргеннен кейін бе, тым дөрекі! Кейбір нәзікжандылар ерлер секілді шалбар, шорты, жай табан туфли киінеді, сөйлеген сөздері, асығыс, апыл-ғұпыл жүрістері де ерлерге тән. Сөйте тұра, біздің әйелдер, ару бойжеткендер табиғи жаратылысына қолдан нұқсан келтіре тұра, қайтадан туабітті болмысына қайтып оралғысы келеді. Сөйтіп ол бейнені таба алмай әуре-сарсаңға түседі...
Мен осы мәселенің түпкі себебі неде екен деген сұрақпен, баяу қозғалып көшеге шықтым. Үйде отырып, әйелзатының сыртынан тон пішіп, сұрақтың жауабын санаммен сабылып іздегенше, өз кейіпкерлерімді көзіммен көрейін дедім.
Міне, қарсы алдымда іскер, табысты деуге болатын әсем қыз кездесе кетті. Шашы желке тұсынан шорт қиылған. Үстінде іскер кәсіпкерлерлер киетін костюм, (киім киісі ерлерге ұқсайды), қолында қалың құжаттар толы портфель. Ол аяғын нық басып, сарбаздар секілді сарт-сұрт жүріп келеді. Көзқарасы тым суыт, алысқа көз салып қарайды. Ол қыз айналасындағы өмірге назар аудармайтындай, тіпті байқамайтындай.... Мәселен, аспанда шөкімдей әппақ бұлт қалқып жүр, жан-жағында қаз-қатар тізілген көз жауын алар шыршалар, құстар шықылықтаған даусы... бәрі әдемі-болатын. Ал, бойжеткен әлдебір жаққа асығып, мақсатына жетуге тырмысып кетіп бара жатқандай. Иә, менің одан байқағаным: көздеген мақсаты бар, оған ешкім кедергі болмауы керек. Ол тіпті қазір қатаң басшы ретінде өзін көрсете алады, қол астындағы қызметкерлеріне барып, шұғыл тапсырмалар береді, кімге телефон қоңырауын шалу керек, нені реттеу керек, егер қызметкерлерінің жұмысы көңілінен шықпаса, ол дереу көлікке өзі отырады да, тікелей құрылы басына тартады. Сол жерге барып, не болып жатқанын, жұмыс барысында қандай кемшіліктерін барын анықтап біледі, тапсырыс беруші мен орындаушы арасындағы компаниялардың келісім-шартын жүргізеді, кімге қанша қарыз, кімдерге жалақысын уақытылы беру керек, қай жерден қандай жұмыстар олқы соғып жатыр, қаржылық сметаның қай жерін түзеу керек.... қысқасы ол шеше алмайтын шаруа жоқ, ол бәріне араласып үлгереді. Содан қас-қарайғанда біздің бұл кейіпкеріміз үйіне бас сұғады, ол жақ та демалыс жоқ, кезекті іссапарға дайындалып, киім-кешектерін алып кетуге келген. Ұйықтап жатқан күйеуіне хат жазып қалдырды: «Сені оятқым келмеді, бір аптадан соң қайтамын». Ол асығыс пойызға отырды, купеде жалғыз келе жатқанына, терезедегі көркем табиғатқа тамсана қараудың орнына, пойыз доңғалақтарының дүрсіліне құлақ қойып, жәй ғана кофе ішіп, рахаттанып отырудың орнына, тағы да портфелін алып, қай жұмыс тиянақты орындалды, қайсысын ендігі кезекте орныдау керегін жазып-сыза жөнелді. Жұмыс, жұмыс, жұмыс.... Иә, ол айтқанындағыдай бір аптадан соң, үйіне оралды. Сондай шаршаған, дене қызуы көтеріліп, басы ауырып тұр.
-Сен не істеп жүрсің осы? Осының барлығы не үшін керек? Саған не жетпей жүр? Қызуың көтеріліп, басың ауырып тұрса да, құрылыс басына баратының не? Немене, сенен басқа адам жоқ па, осы жұмыстарды тындыратын? Бәлкім, осы жерден тоқтарсың... Мен сенің күйеуіңмін, жұмыс істеп, жалақымды алып келіп жатырмын үйге? Бұдан артық не керек? – деп күйеуі бас салып дүрсе қоя берді.
— Сен ештеңені түсінбейсің? Айлығың шайлығыңа жетпейді, сөйте тұра, менің тапқандарымды місе тұтпайсың? Көзге ілгің келмейді. Мен ол жерге ерігіп барған жоқпын, мен бармасам, тірлік бітпейді.
— Мәселе сені көзге ілмегенімде емес, неге сен жанталасып өмір сүріп жүрсің? Көбірек тапқандағы мақсатың не? Неге өзіңді еркек сияқты ұстайсың? Мен аштан өліп, көштен қалатындай соншама аз тауып жатқан жоқпын. Басқа отбасылар секілді, бұл ақшаға да күн көруге болады, қазірден бастап мына жұмысыңды таста.
— Жұмысты тастап не істемекпін сонда? Үйде төрт қабырғаға қарап отырайын ба? Сен мені түсінгің келмейді, қара да тұр, табысқа жетпей қоймаймын.
Осы жерде ойлаңызшы, мұндай жағдайдар жиі кездеседі, әсіресе, қазір еркектің көзқарасындай, еркектің өміріндей өмір сүріп жатқан ханымдар жақсы біледі.
Әңгімеміздің әрі қарай жалғайық. Осылай тартысып, айқасып жүргенде шынында біздің кейіпкеріміз істеп жатқан жұмысын тоқтатты. Кім тоқтатты? Өмір!!! Немесе Жаратылыс заңы тоқтатты, тағдыр тоқтатты, жаратушы тоқтатты десеңіз де болады. Аяқ астынан болған жазым ол әйелді ауруханадан бір-ақ шығарды. Ес-түссіз жан сақтау бөлімінде жатқан оның туған-туыстары, жақындары келіп, тірі қалатынына күмәндана бастаған еді. Егер ол бұл өмірден озып кетер болса, артында не қалды, кім қалды? Айта жүрер жақсылық жасады ма, кімге мейірімін төкті, кімге махаббат пен жылылық дәнін септі? Жоқ, бұлардың бірде-біреуін айта алмайды екенсіз, тек ол көбінде ешнәрсеге көңілі толмай жүретін, армандары мен мақсаттары алдағы күндерімнің бірінде жолығып, бақытты боламын деп сенетін. Осындай естелікпен өмірден мәңгі бақи қоштасып кете баруы мүмкін бе? Жоқ. Тағы да Жаратушы дейміз бе, тағдыр дейміз бе, әйтеуір белгісіз бір күш біздің кейіпкерімізді өмірге қайтып алып келді. Оған о бастағы әйел қалпына келуге тағы бір мүмкіндік берді.
***
Бірнеше күннен кейін есін жиып, бірнеше айдан соң, қайтадан жүріп-тұра бастаған, тілге келген ол өмірге мүлде басқа жағынан қарады. Бұрынғы ерлер секілді әдеттерден айықты, бұрынғы қытымыр, өте талапшыл, ауыр қағидалар мен ережелерін, көзқарастарын сызып тастады. Ол терезенің арғы жағындағы адамдарға, әуедегі шөкімдей ұлпа бұлттарға, көкпеңбек аспанға, сәулелі күнге қызыға қарап отырып, өзіне сұрақ қойды. Шын мәнінде өзінің ішкі жан дүниесінен, түпкі бейсанасынан қадала сұрады: «Мен неліктен бұған дейін өмірдің рахатын сезінбегенмін, неге жәй ғана кеудемді бос ұстап, баяу тыныстап, емін-еркін сау аяқ-қолдарымды керіп, әйелдік табиғатымнан, жаратылысыммен өмір сүрмегенмін? Неге мен өзімді нағыз еркектерше қатты ұстағанмын?»
Ал, шындап келгенде, ол әйел нағыз әйел болудың не екенін білмейтін де... ештеңеге қарамастан қалай нәзік те биязы бола білу, сүйікті болу, сүю, кейде қамқор, кейде ерке, кейде қаннен-қаперсіз, кейде кірпияз бола білуді білмеген.
***
Арада біраз жылдардан соң...
Ауа-райы сондай тамаша болатын. Жаздың аптап ыстығы қайтып, күздің қара суық желі мен жаңбыры бастала қоймаған, күн күлімдеп жүзінде ойнайтын жаймашуақ күннің бірінде қарсы алдымнан ол шыға келді. Бойшаң, ұзын қолаң шашты, әрбір басқан қадамында әйелге тән нәзіктік, жүрісінде тартымдылық бар оны – расын айтқанда бастапқыда мүлде танымай да қалдым. Оның жимиып күлгені де өзгерген, ерекше еді.
— Танымай қалып тұрған жалғыз сен емес, танымай қалдың деп те ренжімеймін,көрген адамдар таңырқап қарап қалады, – деді ол күлімсіреп.
— Сен бе, қалай өзгергенсіз? Адам да осыншалықты өзгереді екен-ау?!
Салған жерден не айтарымды білмей сасып қалдым. Бұрынғы кейпі мен қазіргі бейнесінде аспан мен жердей айырмашылық бар-тын. Ол бұрынғыдай менің қасымнан асығыс өтіп кетпейді, жылы жүзбен, күлімдей шәйға шақырды. Оның бұл бастамасы да мен үшін күтпеген жаңалық. Баяғы «темір ханшайым», «бизнес леди» қайда кеткен деймін? Менің таңданысым соншалықты, байқамай бұл сөздерді аузыммен айтып жіберіппін. Ол болса, тағы да жымия түсті. Бұрынғы ханшайым бұл сөздерге тез ашуланып қалатын. Ызаланып ғана қоймай, ызғарлы сөздері от шашатын. «Еркектер қазір әлсізденіп кеткен, әйелдер амал жоқтықтан мықты боулына тура келеді» деген ойынан қайтпайтын.
— Шәйға шақырып тұрмысың? Қалайша? Сен ылғи да асығыс болушы ең ғой? Қолың тие бермейтін...
—Сен мені әлі бұрынғыдай көріп тұрсың. Қазір өзгергенмін. Мінезім ауыр, салқынқанды болсам да, бұрынғы таныстарым ішінде жақсы қарым-қатынаста болған сен ғана болатынсың. Ауруханаға түсер алдын телефонымды жоғалтып алғанмын, сол жерде сенің нөміріңді де жоғалттым. Бірақ, әйтеуір бір кездесіп қаламыз деп ойлап жүруші едім. Міне, сені көргеніме сондай қуанып тұрмын.
— Жарайды, мен осы жақын маңда шағындау дәмхананы білемін. Ол жер у-шу емес, тыныш жер, әрі ол жерде темекіге тыйым салынған. Бәрінен бұрын құймақтарды дәмді әзірлейді.
— Өте тамаша! Ендеше сонда әңгімелесейік. Біз ол дәмханаға жетеміз дегенше, сен менің жаңа бейнеме көзіңді үйретіп аласың және бағанадан бері шашырап кеткен ойларыңды жинақтайсың...
Мен одан бетер таңғала түстім. Ол менің қандай күйде екенімді біліп алды. Бұрын ол мұндай аңғарымпаз емес-тұғын. Мен де өзіме-өзім келіп, ойымды жинақтап, одан қалй өзгергенін сұрай бастадым.