АЛҒЫСҚА БӨЛЕНГЕН ЖАН

Отбасы бақыты
Typography
  • Smaller Small Medium Big Bigger
  • Default Helvetica Segoe Georgia Times

Адам ұрпағымен мың жасайды дейді халық даналығы. Ел басына қиын-қыстау заман туғанда, халық арасынан қара үзіп шығатын қайраткер тұлғалар бар.  Мәселен, Алаш арыстарының бәйтерегі Тұрар Рысқұлов миллиондаған қазақты аштықтың аранынан аман алып қалды.  Сонау балапан басымен, тұрымтай тұсымен, бір үзім бидайға зар болған заманда айналасына көмек қолын созып, қайырымды іс қылған жандар болды. Іргедегі Шақпақ ауылында ашаршылық жылдары Қырғызәлі дейтін қазақ өткен екен. Ел іші ауып, үдере көшкенде ол кісі қара жерге бидай егіп, қолындағы уақ малын бағып, жан сақтаған екен. Маңайындағы ағайын-туысқа қарасқан. Содан бері талай тарих жаңғырып, ұрпақтар ғұмыры жалғанған шаңырақтың басына бертінгі жылдарға дейін Ресейден орыс туыстары іздеп келіп тұрды. Олар кімдер десеңіз, сонау аштық жылдары балаларын Қырғызәліге хат жазып қалдырып, өздері тағдырдың жазуымен басы ауған жаққа тентіреп кеткен мұңлық жұбайлар болатын. Содан бері қос мұңлықтың ізі табылмады. Балалары Қызғызәлінің қолында жетілді, оларды өз балаларымен бірге оқытып, аяқтандырып,  сынағы мол өмірге бейімдеді…  «Есің болса, халықтан қарғыс алма, алғыс ал» дейді. Айтайын дегеніміз, ағайынға қайырымдылық танытып, алғысын алған атаның бүгінгі ұрпақтары ел ішінде. Бүгінгі әңгімеміз сол атаның немересі, бұл күндері аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Нұржамал Қызғызәлиева турасында болмақ.

Нұржамал Әлібекқызы да атасы секілді елге қайырымын тигізіп келе жатқан жан.  Осы күні аудандағы көптеген шағын және орта бизнес өкілдерінің өз кәсіптерін дөңгелетіп әкетуіне Нұржамалдың тигізген көмегі зор деп айтуға негіз бар. Өйткені, 2009 жылы облыстың экс-әкімі Асқар Мырзахметовтың бастамасымен ауылшаруашылығын дамыту мақсатында  «Ырыс» микроқаржы ұйымы құрылды. Сол жылдары Қазақстан бойынша тек бір ғана облыста бой көтерген ұйымның бет-алысы жаман болмады. Тіршілік етемін деген талай шаруаларға ең төменгі пайызбен несие үйлестірді. Сол шақтары «Ырыс» микроқаржы ұйымының Түлкібас ауданы бойынша менеждері қажет болады да, комиссия мүшелері өткізген байқау арқылы бес үміткердің ішінен тәжірибесі мен біліктілігі жағынан Нұржамал Қырғызәлиева іріктеліп алынады.

— Мен ол кезде 51 жастамын. Біздің облыста аймақтық инвестициялық орталық құрылып, әр ауданда өкілдіктері ашылатынын газеттен оқып қалдым. Содан тәуекел етіп, комиссиядан өтуге бардым, — дейді Нұржамал Әлібекқызы әңгіме үстінде. — Әр ауданнан бір адамнан келсе, Түлкібастан 5 адам барыпты. Қалған аудандардан келгендерді жұмысқа қабылдады да, Түлкібастан келгендерге іріктеу өткізді. Сол конкурста жасы үлкені ретінде ешқандай тамыр-таныссыз, экономикалық білімімді, компьютерге жетіктігімді, әңгімелесу арқылы тұтынушымен қалай сөйлесетініміз, оларға қалай қысқа да нұсқа түсіндіретінім жайлы әңгімелесу болды. Содан мені Түлкібас ауданы бойынша аймақтық менеджер етіп сайлады. 2009 жылдан 2016 жылға дейін зейнеткерлік жасқа жеткенше сол мекемде жұмыс істеп,  ұйым арқылы ауданға 1 млрд. 700 млн теңге инвестиция құйдық. Ауданның шаруа қожалықтарына, кәсіпкерлеріне жеңілдетілген несие бердік. Бұл сол кездері облыстың ауылшаруашылық саласын дамыту бойынша қолға алынған ірі жобалардың бірі болатын. Әсіресе, алғашқы жылдары «Ырыс» микроқаржы ұйымының ішінде әлеуметтік несие деген болды. Ең төмен 7 пайызбен қаржыландырылды. Мәселен, халыққа қызмет көрсету, малға, техникаға, егінге, шаштараз, тігіншілік, кондитерлік цех, балабақша ашамын деген азаматтарға 500 мың теңгеден 10 млн.-ға дейін қаржыландырдық.

Экономист ретінде қырық жылғы қызмет өтілінде оның халықпен етене тығыз араласқан, жұртшылықтың алғысына бөленген кезеңі — осы «Ырыстағы» жұмыстары еді. Өйткені, қаншама халықтың ризашылығын алды, кәсіппен айналысамын деп талаптанған қаншама жан несібесін арттырды, осынша еңбектің арқасында отбасылық бизнесін өркендетті. Несие алған кәсіпкер кәсібіне қол жеткізіп, сондай қуанып кетіп бара жатса, Нұржамал да сондай қуанды. Бастапқы кезде «Ырыста» әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік несие берілген. Мысалы, қорасына 2-3 бас ғана мал сиятын, бала-шағасы көп, сиыр алайын десе қолы қысқа отбасыларға бес жүз мың көлемінде несие таратты. Сондағы әлеуметтік несиеге деген сұраныстың көптігін көрсеңіз… ауылда тұратын көп балалы отбасылардың қуанғаны әлі күнге көз алдында. Шағын несие беріліп жатыр деп естіген жұрт ағылып келген. Кейін облыс көлемінде ет және сүт өнімдерін дамытуға жете көңіл бөлу керек болды-да кіші жобаларды қаржыландыруды доғара тұрып, ірі жобаларға көңіл бөлуге тура келді.  Яғни, қорасында 30-40 мал басы саны артық  фермерлер қаржыландырылды.  Одан соң «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы республикалық бюджеттен 6 пайыздық несие беріле бастады. Осы шақтары  «Ырыс» микрокредиттік ұйымы аталған бағдарламамен жұмыс істей бастады. Бұл 2012 жыл болатын. Қазіргі таңда бұл бағдарлама бойынша ауданда кәсібін табысқа айналдырып отырған белсенді азаматтар қатарында Қамысбек Жабатаев, Азаттық ауылында кондитерлік цех ашқан Мавлюда Қасымова, «Дулат» медициналық кешенін ашқан дәрігер Гүлнар Сыдықова және т.б атауға болады.

Өзбекстаннан көшіп келген өзіміздің қандас бауырымыз Әнуар Жәрімбетов деген азамат көрші елде зоотехник болып істеген, осында Т.Рысқұлов ауылына көшіп келген соң, «Ырыстан» 500 мыңға 30 бас қой алады. Бұл 2010 жылдың қыркүйек айы болатын, келесі жылдың наурыз айында облыстық телеарнадан түсірілім тобы хабарласып, мал шаруашылығымен айналысатын кейіпкер іздейді. «Дереу Әнуар Жәрімбетовке хабарласып, шарбағына барғанымызда, қорадан топырлап қозы-лақтың маңырап шығып жатқанын көрдік. Сонда жеті айдың ішінде отыз бас жетпіс бес бастан асып көбейген.  Қой мен ешкі үшеуден төлдеген. Несібесіне орай, шын пейілмен еткен еңбек осындай берекелі болады» деп еске алды Нұржамал апай.

2015 жылы облыс орталығында және әрбір ауданда кәсіпкерлік палатасы ашылды.  Барлық ауданда кәсіпкерлік мектебіне арнап жаңа ғимарат соғылып, барлық жағдай жасалды. Мұның өзі мемлекетіміздің және Елбасының шағын және орта бизнесті дамытуға барынша жағдай жасауда оң ниет танытқандығының арқасы. Кәсіпкерлік палатаның біздің аудандағы филиал директоры Болат Мелдебеков іскер жігіт болатын, ол:

-Нұржамал апай, келесі жылы зейнеткерлікке шығасыз, үйде қол қусырып отыра алмайсыз, сізге қоғамдық жұмыс ұсынайын деп отырмын. Таяуда кәсіпкерлік палатасының жанынан іскер әйелдер кеңесі ашылғалы жатыр. Сізді төрайым етсек, жұмысты алып кететіңізге сенеміз, — деді. Нұржамалда іштей «істей алмасам қайтем?» деген қобалжу болды. Бірақ әріптестері «жоқ, сіз ауданның барлық кәсіпкерін танисыз, бұл жұмысты жандандыра аласыз» деп үміт артқан соң, қазір расында сол тәуекеліне қуанады.  Міне, бұл күндері аудандағы кәсіпкер әйелдермен тығыз байланыста. Мұнда да жұмысты басынан бастап істеуге тура келді. Биыл үшінші жыл Астанадағы кәсіпкер әйелдер форумына барып келіп, кәсіпкер әйелдерге өз кәсібін ашуға барынша қолдау білдіріп, кеңестерін аямайды. Форумнан түйген жаңалық, енді іскер әйелдерге 5 пайыздық үстемемен несие берілетін болды. Бұл форумда меморандумға қол қойылып, іскер әйелдердің бизнесін қаржылай қолдау қоры ашылды. Ендеше, бизнес ханымдарының кәсібін шыңдауға мүмкіндігі мол деуге болды. Алда әлі атқарылар жұмыс көп…

Әлі күнге қоғамдық жұмыстарға белсене араласуы жастайынан әкесі Әлібек пен анасы Марияның еңбекке баулып өсіргені сеп болды. 1975 жылы Түлкібас ауданы, Шақпақ баба ауылы Бреусов атындағы орта мектепті бітірген бойжеткен Шымкент қаласындағы гидромелиоративтік құрылыс техникумына оқуға түседі. Оқуын бітірген соң, Шардара қаласына жолдама арқылы құрылыс бөліміне инженер болып жұмысқа орналасты. Ол уақытта комсомол жастар бригадасы болған, сол жылдары әр ауылда қолға алынды. Жас қойшылар, жас құрылысшылар,  сауыншылар бірігіп комсомол жастардың үш бригадасы құрылады, Нұржамал жас маман ретінде өз жұмысымен қоса комсомол ұйымының хатшысы ретінде қосымша жұмысты алып жүреді. Мұнан соң, ізденгіш ару оқуын жалғастырғысы келіп, Шымкент қаласында сол кездегі химия-технология институтынның экономика факультетіне оқуға түсіп (қазіргі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті), бухгалтер және аудит мамандығын алып шығады. Сол аралықта Түлкібас ауданы Ақбиік ауылына келін болып түсіп, отбасын құрады. 1980 жылдары ауданда Құс фабрикасы соғылатын болып, сол фабриканы соғу үшін ауданда ПМК құрылады. Осында өндірістік-техникалық бөлімде инженер болып жұмыс істеді.  Кейін аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінде аға экономист, мүліктерді техникалық инвентаризияцалау өткізу және тіркеу мекемесінде маман болып жиырма жыл жұмыс істейді.

Нұржамал Әлібекқызы белсенді қоғам мүшесі ғана емес, бір отбасын ұйытып отырған берекелі ана. Құдай қосқан қосағы Айтбек Ергебеков бірге екеуі үш ұлдары мен қызғалдақтай бір қызды тәрбиелеп өсірді. Өмірлік жары отыз жыл ішкі істер саласында қызмет еткен, қазір Б.Садықов атындағы жалпы орта мектепте шаруашылық меңгерушісі. Үлкен ұлы Мадияр полковник, Астанада ҰҚК-де қызмет етеді. Ортаншы ұлдары Талғат Сайрам аудандық ҰҚК-де қызмет етсе, үшінші ұл Мақсат – облыстық ішкі істер департаментінің криминалды полиция бөлімінде қызмет етеді. Бір қызығы үш келіндері де дәрігер. Барлығы да өз орталарына сыйлы. Құт қонған киелі шаңырақ екенін осыдан-ақ аңғаруға болар. Әдетте, адамды нағашы жұртына қарап та тануға болады, айта кетейік, Нұржамалдың нағашы атасы Кененбай Жасыбаев кезінде Сыр өңіріне аты мәшһүр  ақын Нартай Бекежановпен үзеңгілес бір жүрген досы болған, суырып-салмалық қасиеті бар  дүр жігіт болған. Сырдария ауданындағы Бірлестік колхозын басқарып, аштық жылдары Жезқазған облысына қарасты Қарсақбайдағы отыз үйлі найманды көшіріп әкелуге, сөйтіп жұттан қорғап қалған жан екен. Жол салып, канал қаздырған, Қарсақбай қаласында Кененбай каналы деп аталатын канал әлі күнге дейін бар…. Атасы жақсы қандай-ды деген осы болар…

Міне, өнегелі атаның ұрпағы Нұржамал апай жақында ғана ауданның үздік меценаттары қатарынан көрінді. Аудан әкімінің арнайы алғыс хатына ие болды. Кәсіпкер ханымдарды басын біріктіріп, әрқашан мұқтаж отбасыларға көмек қолын созып, жәрдемдесуге ұйытқы болып жүреді.  Біз жүзінен нұры тасыған Нұржамал  Әлібекқызын алпыс жасқа келген мерейтойымен құттықтай отырып, бастаған ісіңіз әрдайым табысты, сәтті болсын, әлі де талай асуларды бағындыра беріңіз деген тілек білдіреміз.

Құралай АХМЕТ