Жол сапасы қатаң бақылауда

News
Typography
  • Smaller Small Medium Big Bigger
  • Default Helvetica Segoe Georgia Times
Жол құрылысының сапасы қатаң бақылауда. Атқарылып жатқан жұмыстардың нормативтерін қатаң сақтап, сапасыз жұмыстардың (асфальтобетон жабыны қалыңдығының жетіспеуі, асфальтобетонның ұшуы, шашылуы және тағы басқа) алдын алу мақсатында жол жабынына тұрақты түрде сараптамалар жүргізілуде. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов салаға жауапты басшылардың басын қосып, осы саладағы өзекті мәселелерді талқылады. Сапаны назарда ұстамаған, жұмыс барысында орын алған кемшіліктерді қалпына келтірмеген аудан, қала әкімдері мен жауапты басшыларды сынға алып, тиісті тапсырмалар берді. Нысандардағы жұмыстар мен қолданылып жатқан материалдардың сапасы техникалық қадағалаушы мекемелерден бөлек, «Жол активтері сапасының Ұлттық орталығының» тұрақты бақылауында. Кәсіпорынның ISO 17025 және ILAC стандарттары бойынша аккредиттелген зертханалармен жабдықталған филиалдары бар. Бұл ретте жұмыс автожол жобаларында қолданылатын сапаны бақылаудың қолданыстағы бес сатылы жүйесіне біріктірілген. Сапаны бес сатылы бақылау қағидатын сақтау автожол жобаларының сапасын, олардың барлық құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкестігін, сондай-ақ, пайдаланудың қауіпсіздігі мен сенімділігін қамтамасыз етеді. Жол құрылысы бойынша алынған сынамалар бірқатар кемшілікті анықтап берген. Бүгінде оларды жою үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде. Анықталған ақаулар қалпына келтіріліп жатыр. Биыл Түркістан облысындағы автомобиль жолдарын жақсартуға бюджеттен 37,6 млрд. теңге қаржы бөлініп, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы ұзындығы 1100,3 шақырымды құрайтын жолдар мен көшелер немесе 244 нысанды қамту жоспарланып отыр. Жыл аяғына дейін 546,6 шақырым болатын 149 нысанды пайдалануға беру жоспарлануда. 368,1 шақырымды құрайтын 34 облыстық маңызы бар жолдар құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылады. Жыл соңына дейін 19 нысан немесе 163,6 шақырым жол, 4 көпір, 4 құбыр пайдалануға берілмек.