Түркістан облысына инвестиция тарту мәселесі – бірінші орында тұрған міндеттердің бірі

News
Typography
  • Smaller Small Medium Big Bigger
  • Default Helvetica Segoe Georgia Times
2023 жылы өңірге 972 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылды. Ал, биыл бұл көрсеткішті 1 трлн. 133,8 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Алғашқы жартыжылдықта оның 420,8 млрд. теңгесі орындалды. Одан бөлек, биыл өңір экономикасына салынатын тікелей шетелдік инвестициялар көлемін 467 млн. АҚШ долларына жеткізу көзделіп, I тоқсанда 89,1 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Өткен жылы облыс аумағында жалпы құны 126,8 млрд. теңгені құрайтын 56 инвестициялық жоба іске қосылып, 2 140 жаңа жұмыс орны ашылды. Жобалар агроөнеркәсіп, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, туризм, энергетика, білім, денсаулық сақтау салаларында жүзеге асырылуда. Биыл жалпы құны 150 млрд. теңгені құрайтын 61 жоба іске асырылып, 2300-ден аса жұмыс орны құрылады деп жоспарланған. Бүгінге дейін олардың 15-і іске қосылып, 600-ден аса жаңа жұмыс орны ашылды. Ал, 2024-2027 жылдар аралығында жалпы құны 2,2 трлн. теңгені құрайтын 145 инвестициялық жоба іске асырылып, 18 мың жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Сондай-ақ, облыста жалпы құны 1,7 трлн. теңгені құрайтын ТОП-20 ірі инвестициялық жобалардың тізбесі жасақталған. Олар – «ПГУ Туркестан» ЖШС іске асыратын бу-газ қондырғысы, «Ocean Energy Company» ЖШС-нің ГЭС-і, «Састөбе Инновациялық кешені» ЖШС-нің каустикалық сода, ПВХ, цемент, карбид және әк шығару зауыты, «Созақ Фосфат» ЖШС-нің фосфорит кендерін өңдеу зауыты, «Standard Petroleum & Co» ЖШС-нің мұнай өңдеу зауыты, «Стандарт Пауэр» ЖШС-нің газ-электростансасы, «Казатомпром» ҰАК» АҚ-ның күкірт қышқылын өндіру зауыты, «КАТКО Қазақстан–Франция БК» ЖШС-нің уран өндіру кешені, «Казкрахмал» ЖШС-нің жүгеріні терең өңдеу зауыты, «GLOBAL TEXTILE» ЖШС-нің мақта-мата кәсіпорны, «Nurym Group» ЖШС-нің ірі қара мал етін және қалдықтарын терең өңдеу зауыты, украиналық «UBC Group» компаниясының мұздатқыш шығару зауыты, «Beibars-Bottlers» ЖШС-нің ауызсу және түрлі-түсті сусындарды шығару зауыты, «KAZPLAST» ЖШС-нің тігін фабрикасы, «ECOCULTURE-EURASIA» ЖШС-нің қызанақ өсіретін жылыжай кешені, «Nurym Group» ЖШС-нің заманауи мал базары, «TURKESTAN AGRO.KZ» ЖШС-нің мал бордақылау кешені, «Корпорация «ERNUR» ЖШС-нің жұмыртқа және құрама жем өндіретін зауыты, «MEAT MAGNAT» ЖШС-нің мал сою цехы, бордақылау базасы, салқындатылған қоймалар, тоңазытқыш камералар және етті қайта өңдеу зауыты, сонымен бірге «Gen Group Kazakhstan» ЖШС-нің өнеркәсіптік жылыжайы. – Облыс әкімі Дархан Сатыбалды бастаған делегация Қытай Халық Республикасы, Түркия және Оңтүстік Кореяға барып, іскерлік байланысты нығайтып қайтты. Осы іссапарлар қандай нәтиже беруде? – Былтыр Қытай Халық Республикасына шетелдік инвестицияларды тарту, өндіріс орындарымен танысу және тәжірибе алмасу мақсатында іссапарлар ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде бірқатар бірлескен инвестициялық жобалар нақтыланып, бүгінде оларды жүзеге асыру жұмыстары атқарылуда. Аталған инвестициялық жобалардың есебінен өңір экономикасына шамамен 1,1 трлн. теңге инвестиция бағытталады деп болжанған. Атап айтқанда, шұлық шығару, мақта шитін өңдеу, сұрыптау, полиэтилен пленкаларын шығару, тамшылатып суару жабдықтарын өндіру, ауыл шаруашылығы техникаларын шығару зауыттары, тоқыма кластері, күн және жел электростансасы сынды жобалар бар. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын табуда. Нақтырақ айтсақ, Қытай Халық Республикасына жасалған іссапардың нәтижесінде «Шангси Джонгчанг Груп» 5 жұлдызды қонақүй, бизнес орталық және аквапарк құрылысы бойынша облыс әкімімен кездесіп, қазіргі уақытта жобаның эскиздік жобасын әзірлеп жатыр және С5 визасын алу бойынша қажетті құжаттарды жинақтауда. Түркия Республикасына жасалған іссапар нәтижесінде өңірімізге «Акплас» тамшылатып және жаңбырлатып суару техникаларын шығаратын зауыттың өкілі келді. Біздің тарапымыздан облыстың инвестициялық әлеуеті таныстырылып, Отырар ауданының және Арыс қаласының шаруаларымен кездесу ұйымдастырылды. Тамшылатып және жаңбырлатып суару техникаларын шығаруды егжей-тегжейлі талқылау үшін жуырда өңірімізге инвестор іссапармен келеді. Одан бөлек, тамшылатып және жаңбырлатып суару техникаларын шығаратын «Эржанлар пластик»; ауыл шаруашылығы техникаларының бөлшектерін шығаратын «Фрэй Френ»; тыңайтқыштар шығаратын «ЭЗЖ Агро» зауыттарының өкілдері де облысқа іссапармен келеді деп күтілуде. Ал, Оңтүстік Корея Республикасына жасалған іссапар аясында облыс әкімінің төрағалығымен «Дусан Энербилити» жол-құрылыс техникасын шығаратын компаниясының вице-президенті Ким Чон Гванмен және «Донг Сунг» фармацевтикалық компаниясының бас директоры Ян Гу Лимен кездесулер ұйымдастырылды. Сондай-ақ, 2024 жылдың 12 маусымында Кореядағы «KITA» халықаралық сауда қауымдастығымен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. – Өңірге инвестор көптеп тартылса, демек, инвестициялық алаңдар мен өндірістік аймақтардың қызметін жақсарту керек. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр? – Қазіргі уақытта облыста көлемі 594 гектарды құрайтын 10 индустриалды аймақ және 580 гектар жерді алып жатқан 3 өнеркәсіптік, яғни арнайы экономикалық аймақ бар. Мысалы, «ТҰРАН» көпфункционалды арнайы экономикалық аймағы 2018 жылдың соңында құрылды және оның қатысушыларына салықтан босату, кедендік жеңілдіктер, инфрақұрылымы бар жер телімдері және ерекше құқықтық режим ұсынылады. Бұл аймақтарда құны 37 млрд. теңгені құрайтын 49 кәсіпорын жұмыс істейді. Қосымша 106,2 млрд. теңгеге 39 жобаның құрылысы жүргізіліп, жүзеге асыру сатысында тұр. Ал, шағын өндірістік парк аумағында 42 өндірістік ғимарат салынуда. Өндірістік парктің бірінші кезеңі аяқталып, 14 ғимарат жұмыс істеп тұр. Жалпы, 30,7 млрд. теңгеге 10 жобаны іске қосу жоспарланып, 24,2 млрд. теңгеге 7 жоба іске қосылған. Олардың қатарында тоңазытқыш шығаратын «UBC Group», әскери шатыр және жиһаз шығаратын «Aqniet Holding», жаңбырлатып суару және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын «BNK Group» компаниялары бар. Өндірістік парктің екінші және үшінші кезеңдері бойынша құрылыс жұмыстары жүргізіліп, ол осы жылдың екінші жартыжылдығында аяқталады. Бұл аймақтарда құны 70 млрд. теңгеден асатын инвестициялық өндіріс орындарын ашу жоспарланған.