Өңірде өндіріс орындарын ашу мен инвестиция тарту жұмыстары облыс әкімі Дархан Сатыбалдының жіті бақылауында. Нәтижесінде инвесторлар үшін облыста тәп-тәуір бизнес климат қалыптасуда. Облыс көлемінде 594 гектарды құрайтын 10 индустриалды аймақ және «Turan» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істеп тұр. Бұл аймақтарда инвестиция құны 190 млрд. теңге болатын 95 кәсіпорын өз жобаларын жүзеге асыруда. Оларды инфрақұрылыммен толық қамту жұмыстарына күш салынған.
Тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістанның инвестициялық және сауда-экономикалық мүмкіндігі зор. Таяуда облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов салаға жауапты басшылардың басын қосып, өзекті мәселелерді талқылап, тиісті тапсырмалар берді. Өңірімізде бизнесті мемлекеттің қолдауы аясында 18 нысанның бюджеттен қаржысы қаралып, ол бойынша жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, Сауран ауданы, Шаға ауылындағы өндірістік парктің электрмен жабдықтау және газ тарту нысандарының құрылысы аяқталды. Түркістан қаласында индустриалды аймақ аумағын кеңейту және инфрақұрылым тарту жұмыстары да аяқталуға жақын. Онда газ, су, кәріз құбырлары тартылып, 25000 метр электр желілері жүзгізіледі. Өндірістік паркке 100 млрд теңгеге жуық инвестиция тарту көзделген. Маңызды жоба толық іске қосылған кезде екі мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылатын болады.
Бүгінде Мақтаарал, Шардара, Созақ, Қазығұрт, Кентау, Түлкібас, Бәйдібек және Ордабасы индустриалды аймақтарында инфрақұрылым жүйелері жүргізілген. Шағын өндірістік парк құрылысы жүзеге асырылуда. Парк аумағында өндірістік ғимараттар салынуда, 14 ғимарат іске қосылды. Облыста индустриалды және өндірістік аймақтарды кеңейту, газбен, сумен, электрмен, инфрақұрылыммен қамту және жаңа инвесторлар тарту жұмыстары жалғасады.
Өндірістік паркті құрудағы мақсат – әртүрлі көлемдегі өндірістік компанияларды тарту арқылы (оларға қажетті тиімді, инновациялық өндірістік қуаттар мен заманауи форматтағы қойма үй-жайлар) олардың өзара әрекеттесуі негізінде үйлесімді өндірістік орта құру. Бұл ретте, өндірістік парктерді құру шикізаттық емес секторды дамыта отырып, өндірістің инновациялық дамуына мүмкіндік береді. Ең бастысы, тұрақты жұмыс орындары ашылады.