«Сарыағаш–Дарбаза– Мақтаарал» бағытындағы теміржол құрылысы пысықталды

News
Typography
  • Smaller Small Medium Big Bigger
  • Default Helvetica Segoe Georgia Times
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Сарыағаш–Дарбаза–Мақтаарал» бағытындағы теміржол құрылысын жүргізу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар бойынша облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты сала басшыларының қатысуымен мәжіліс өткізді. Жергілікті әкімдік тарапынан теміржолдың жүретін жері белгіленіп, жерді ресімдеу жұмыстары қолға алынған. Осыған сәйкес тиісті аудан әкімдерінің баяндамалары тыңдалды. Оларға жұмыстарды ширату бойынша нақты тапсырмалар жүктелді. Түркістан облысында ұзындығы 152 шақырым болатын Дарбаза–Мақтаарал жаңа теміржол желісінің құрылысы былтыр қарашада басталды. Оның аясында қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасы арқылы жаңа өткізу пункті ашылады. Бұл теміржол торабы бойынша өтетін жүк ағыны болашақта 20-25 млн. тоннаға дейін көбеюі мүмкін. Бұл маңызды жоба Түркістан облысын республиканың магистральдық теміржол желісіне қосу арқылы оның дамуына үлес қоспақ. Жоба «Сарыағаш» стансасындағы кептелістерді азайтып, Өзбекстанға экспорттық жүк тасымалдауды арттырады. Жаңа теміржол желісін салу қолданыстағы Сарыағаш–Ташкент учаскесінен жүктерді жаңа тармаққа қайта бағдарлауға, «Сарыағаш» стансасының жүктемесін азайтуға және жалпы Өзбекстан бағытында экспорттық тасымал көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл бағыт республикалық теміржол желісіне қосылып қана қоймай, Түркістан облысын кесіп өтетіндіктен, осы өңірдің дамуына оң ықпал етпек.