Аймақ басшысы Мұхит Тұрысбеков аудан орталығында асфальт жабындысы төселіп жатқан көшелерді аралап, жұмыс барысымен танысты. Айта кетейік, биылғы жылы аудан орталығының 5 шақырымға жуық ішкі көшелеріне асфальт төселіп, бірқатар көшелердің ажары арта түспек. Өткен жылы аудан бойынша 34,1 шақырымды құрайтын 29 көшеге асфальт төселген. Сондай-ақ, 22,4 шақырымды құрайтын 18 көше «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында, ал 1,6 шақырымдық 11 көше жергілікті бюджет есебінен жол төселген. Нәтижесінде Жартытөбе, Аққолтық, Балдысу және Басбұлақ елді мекендерінің ішкі жолдары 100% асфальт жолмен қамтылған. Бұл бағытта жұмыстар биылғы жылы да қарқын алып, елді мекендердің ішкі 34 көшесіне асфальт жабындысы төселмек.
Сондай-ақ аудан аумағынан өтетін облыстық маңызы бар күре жолдардың да жөндеу жұмыстары жалғасуда. «КХ-2 Ұланбел-Созақ-Екпінді» автомобиль жолының Шолаққорғаннан Ыбырайға дейін 83 шақырымы, «КХ-57 Созақ-Қарағұр-Бақырлы» автомобиль жолының Созақтан Қарағұрға дейінгі 30 шақырымы, «КХ-56 Жамбыл облысының шекарасынан-Құмкент-Шолаққорған-Ащысай» жолының Шолаққорғаннан Құмкентке дейінгі 39 шақырымына асфальт жабындысын төсеу жұмыстары биыл толық аяқталады деп жоспарлануда.
Жалпы аудан көлемінде 917 шақырым автомобиль жолдары бар. Оның ішінде 435 шақырымы - облыстық маңызы бар жолдар, 79 шақырымы - аудандық маңызы бар жолдар, 403 шақырымы - елді мекендердің ішкі жолдары.
Айта кетейік, 2024 жылы облыс көлемінде 1 100,3 шақырым жол мен көшелерге құрылыс-жөндеу жұмыстары жүреді. Ал, жыл қорытындысымен 546,6 шақырым жол пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Қазіргі таңда облыстық маңызы бар 368,1 шақырым жолға құрылыс-жөндеу жұмыстары жүруде. Ал аудандық маңызы бар 97,3 шақырым жолға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ, елді мекендердегі 630,6 шақырым жол жөндеу жұмыстарымен қамтылуда. Атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы - техникалық қадағалаушы мекемелерден бөлек, Ұлттық сапа орталығының Түркістан облыстық филиалының тұрақты бақылауында. Сондай-ақ, басқарманың шаруашылық жүргізу құқығындағы «Оңтүстік жолдары» мекемесі жыл бойына облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстау жұмыстарымен айналысады. Кәсіпорынға 39 бірлік арнайы техника бекітілген және 174 қызметкер жұмыс істейді.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі