Төл тамырдан тағылым алған жөн
Баланың негізгі тәрбиешісі-өзінің туып өскен ортасы, ата-анасы. Баланың дұрыс азамат болып өсуі немесе қате жолға түсуі көбінесе үлкендерге байланысты. «Баланы-жастан…» деген сөздің мазмұны өте терең. Себебі, есейіп кеткен соң баласының теріс мінезін, қалыптасқан қате көзқарасын өзгерту өте қиын. Жасөспірімдердің білім алуында, тәрбиесінің дұрыс қалыптасуында мектеп пен отбасының тығыз қарым-қатынаста болуы қажетті жағдай болып отыр.
Бүгінгі отбасы жағдайында бала тәрбиесін ұйымдастыру көптеген ғылым саласынан білімді де, қабілетті болуды керек етеді. Ата-аналардың дені отбасын асырау мен олардың қажетін қанағаттандырумен уақыттарын өткізуде. Ал бала тәрбиесі назардан тыс немесе өзге адамның қолында болып отыр. Олай дейтін себебіміз, бүгінгі күні әрбір үйде демесек те, бес отбасының бірінде бала күтуші жалданып жұмыс істейді.
Отбасында ұл баланы тәрбиелеуде әкенің рөлі қашанда жоғары тұруы тиіс. Бала келешекте елін, жерін қорғайтын азамат болып өсуі үшін әке тәрбиесінің орны бөлек болып есептеледі. Сондықтан жалпы ер балаға жауапкершілікті өз мойнына арта білуді үйрету қымбат. Өйткені, ер-азамат отбасы үшін бүкіл жауапкершілікті өз мойнына ала білуі тиіс. Өкінішке қарай, осы жағынан кейде олардың қоғамдағы рөлі төмендеп кеткендей болып көрінеді. Бала тәрбиесін әйелдерге ысырып тастаушылық басым түсіп жатады. Еркектердің енжарлығы мен бала тәрбиесіне мән бермеуі салдарынан олардың бойындағы әлгіндей қасиеттер олқы соғып тұрады. Сондықтан біз өзіміздің бұрынғы құндылықтарымызға қайта оралуымыз керек деп ойлаймын. Ер бала ер азаматтың тәрбиесімен, ал қыз бала шешенің өнегесімен өскен кешегі төл тамырдан тағылым алғанымыз жөн. Жастар арасындағы қылмыстың алдын алу үшін тәрбие тізгінін уыстан шығармау қажет.
Әл-Фарабидің «Тек бақытты адамдар ғана ізгі істер атқаруға қабілетті болады» деген ұлағатты сөзін ескеретін болсақ, отбасында татулық пен береке болған ортадан шыққан маман ғана қоғамға пайдалы істермен айналыса алмақ. Бүгінгі таңда қазақтың біртуар перзенті М. Әуезовтың «Ел болам десең, бесігіңді түзе!» деп айтқанындай әрбір дүниеге келген бала тағдырын мемлекеттік деңгейде отбасылық тәрбие жағдайында іске асыруды ойластыра отырып, дәстүрлі ұлттық тұрғыдағы отбасылық тәрбие жұмысын жүйелі жүргізу қажеттігі артып отыр.
Әлиев Ш.Ш.,
ӘГҒЗИ ғылыми қызметкері
Төл тамырдан тағылым алған жөн
Typography
- Smaller Small Medium Big Bigger
- Default Helvetica Segoe Georgia Times
- Reading Mode