Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты №75 мектеп-гимназиясының бітіруші түлектерінің жарқын болашаққа алған жолдамасы. Қашықтықтан оқыту көп жылдан бері оқу орындарында дәстүрлі түрде өз орнын тауып келген оқытудың бір түрі екендігі бәрімізге мәлім. Дегенмен, қазіргі таңда әлемде болып жатқан індеттің таралуына байланысты бұл оқыту түрінің маңыздылығы арта түсті. Себебі еліміздегі мектептер Covid-19-дың таралу қаупіне байланысты өз жұмыстарын тоқтатып, оқушыларды қашықтықтан оқытуға кірісті. Қазіргі заманғы технологиялар оқу үрдісінің барлық кезеңдерін қашықтық форматқа көшіруге толығымен мүмкіндік береді. Яғни, қашықтықтан оқыту карантин жағдайында оқу үрдісін жалғастыруға мүмкіншілік туғызып отыр. Қазіргі таңда елімізде төтенше жағдай режимінің аяқталмауына байланысты, Шымкент қаласының бас санитары Тулебаевтың №18 қаулысына сәйкес, мектептерде «соңғы қоңырау» іс-шараларының өтуіне тыйым салынды. 2019-2020 жыл №75мектеп-гимназиясы үшін табысты, жетістікке толы жыл болды. Әлемде болып жатқан жағдайларға байланысты, оқушыларымыз өз білімдерін қашықтықтан шыңдай отырып, жақсы нәтиже көрсетті. Биылғы жылы жалпы бітіруші 62оқушы,оның ішінде 5 «Алтын белгі», 6 «Үздік аттестат» иеленіп отыр. Білім биігін бағындырған түлектер тәрбие мәселесінде де көңілге көлеңке түсірген жоқ. Мектеп қабырғасында жүргізілген жастар арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатындағы тәрбие сағаттары өз жемісін берді. Оқушылар мектеп ұстаздарын ұятқа қалдырған жоқ. №75 мектеп-гимназиясының директоры Оразбаева Ақтолқын Дилдабекқызының басшылығымен директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары Кудасова Айнагүл, сынып жетекшілері Жабағиева Еркежан, Алиева Қалбибі, Сайлауова Гулнұр ұстаздарымыз бітіруші түлектердің үйлеріне «Аттестаттарын» табыстау мақсатында барып қайтты. Ата-аналар мен оқушылар қазіргі төтенше жағдайға түсіністікпен қарап, қауіпсіздік шараларын қолдады. Ата-аналары ұл-қыздарының жетістіктеріне қуанып, білім берген ұстаздарына ризашылықтарын білдіріп, ата-әжелеріміз баталарын беріп, балапандарының әр қуанышы үшін бір жасап қалатындығын. Әр жеңісі үшін балаша қуанатындығын. Болашақтарына сеніммен қарайтындығын жеткізді. Өз кезегінде сөз алған мектеп директоры Ақтолқын Дилдабекқызы түлектерге әуелі, Елбасымыз айтқандай үш тілді жетік меңгеріп, рухани бай, білімді азамат болуын. Сосын мәпелеген ата - ана, білімге баулыған ұстаздарын қадірлей біліп, солардың үмітін ақтауға шақырды. Соңында, қай жерде болса да шәкірттеріміз еліміздің атын паш етіп, биік белестерді бағындырып, елге сыйлы азаматтар болатынына сенім білдірді. Біз шәкірттерімізге өмір жолында тек сәттілік серік болсын деп тілейміз. Елбасы армандаған мәңгілік болашақтың бүгінгі жас құрылысшысы екендігін ұмытпай, еліміздің көркеюіне, дамыған мемлекеттермен терезесі тең мемлекетке айналуына өз үлестерін қосады деп сенеміз!