Отбасы құндылығы туралы тәрбиелік сағаттар өткізуде

Қазақстанда
Typography
  • Smaller Small Medium Big Bigger
  • Default Helvetica Segoe Georgia Times

Отбасы құндылығы туралы тәрбиелік сағаттар өткізуде

Шымкенттегі Әдет ғұрып және салт дәстүр орталығы ұлттық дәстүрлерді жаңғыртуда ауқымды жұмыстар атқаруда. Ұлттық құндылық, отбасы құндылығы туралы тағылымды тәрбиелік сағаттарды әлеуметтік желілерде насихаттап жүр. Бүгінгі жастарға титімдей де тәмсіл болсын, отбасы іргесін сақтауға септігі тисін деген игі тілектері бар. Бүгінгі сабақ Азан шақырып, ат қою тақырыбына арналып отыр.
Бала дүниеге келгенде әр отбасы оған жарасымды әрі әдемі есім беруге тырысады. Кейбірі заманына сай, ел арасында кең таралған, заманауи есімдерді қойып жатса, кейбірі ата-бабаларының, ұлы тұлғалардың есімін, кейбірі ежелгі есімдерді қояды. Жаңа туған сәби болашақта сыйлы, құрметті, үлкен адам болсын деген үмітпен ата-анасы жасы үлкен, сыйлы адамға ат қоюға қолқа салады. Жастардың әке-шешесі, ата-әжесі тірі болған жағдайда сәбиге атты солар қояды. Үлкендердің айтқаны бұлжытпай орындалатындықтын, міндетті түрде солар ұсынған ат қойылады. Кейде жастармен келісе отырып, бала есімін үлкен кісілер таңдайды. Балаға есім үш күн ішінде берілуі құпталады. Ауылдың беделді азаматы сәбиді қолына алып, азан шақырып, ағайын-туыспен бірге таңдалған есімді сәбидің құлағына қайталайды. Ежелде ақсүйек әулеттердің баласына есімді молда құран оқып, кітапқа қарап қойған екен.Сәбиге ат қойғанда айтылуы қиын, қатаң дыбысты, жақсы да жаман мағына беретін немесе айқайлап тұрған есімдерден аулақ болған жөн. Есім адамның тағдырына, болмысына әсер ете ме деген сауал төңірегінде ғалымдар ХХ ғасырдан бері зерттеулер жүргізіп келеді. Соның негізінде адам есімдерін зерттейтін антропонимика ғылымы пайда болған. Ғалымдардың зерттеуінше адам аты оның өміріне айтарлықтай әсер етеді екен, баланы неғұрлым көркем есімдермен атаған сайын, тұла-бойы да соған сәйкес көркемделе түседі. Көбіне қазақтар ырымдап ат қойған. Мысалы, ертеректе бала туысымен ең алғаш кездескен кісінің атын қою дәстүрі болған. Мұны жақсы ырымға балаған. Сәбиге көз тимесін, өмірі ұзақ болсын деген мақсатпен мағынасы ерсі немесе сиқысыз есімдерді қойған. Мысалы, Сасық, Қисық, Шоқпыт және т.б. Бірақ қазірде бұл ескірген ырымдар қатарында. Бұрынырақта балаға қолбасшы, пайғамбар, батырлардың есімін берсе көтере алмай, ауырып қалады деп сенген. Сондықтан ондай есім бергеннің өзінде есейгенше еркелетіп, басқа атпен атаған. Адам есімі тағдырына байланысты дегенді ескерсек, ежелде бала аурушаң, не үлкен қасіреттен аман қалса, тағдырын өзгерту мақсатында атын да өзгерткен. Алайда бұл ырымның қаншалықты өмірде іске асқандығы жайлы нақты деректер жоқ.