Бүгінде елімізде масылдыққа жол жоқ. Мемлекетке қол жайып, жәрдемақымен, зейнетақымен күнелтетін уақыт та емес. Кәсіппен айналысып, жұмысқа орналасу мүмкіндігі жыл өткен сайын молайып келеді. Жалпы жеке кәсіп ашып пайда тапқысы келетін жандарға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау көп. Ауыз толтырып айтар тағы бір жаңалық биылдан бастап берілетін қайтарымсыз несиенің қаржы көлемі де артқан. Осынау қолдаудың арқасында бүгінде елімізде ауылдық жерлерде шағын және орта бизнеспен айналысатын азаматтар қатары көбейіп келеді. Грант алу үшін түрлі жобалар ұсынып, өздерінің сүйікті істерінің арқасында отбасын асырап жүргендер жетерлік. Мұндай қолдаулардан түркістандықтар да шет қалмай, тіршілік жасауға ебі бар тұрғындар өздерінің сүйікті істерін табыс көзіне айналдырып отыр.
Муслим Рысқұлов жастайынан қара жұмысқа епті, талай жылдан бері жиһаз жасаумен айналасып келген. Тапсырысқа жиһаздың түр-түрін жасап, табыс көзіне айналдырып отыр. Алайда, кәсіптің бұл түріне қазір тапсырыстар көбейгенмен, көне қала Түркістанда жиһаз жасаумен айналысатын адамдар да көп. Тіпті облыс орталығында ірілі-ұсақты жиһаз жасаумен айналысатын цехтар көбейіп кеткен. Осыны ескерген кейіпкеріміз кәсіп түрін ауыстырып, сұраныстың ыңғайына қарай бағытын өзгерте бастайды. Оның пікірінше, бүгінде көлік тізгіндеген халық жыл санап артып келеді. Сондықтан да көлікке қатысты кез-келген бизнес өміршең. Себебі, тұтынушысы көп болғандықтан, жыл он екі ай кәсіп те тоқтамайды. Осындай ойда жүрген ол жуырда көліктің жабындыларын тігумен айналыса бастайды.
Муслимнің көлік сәндеуге деген құлшысыны ақыры, кәсіп ашуына себеп болыпты. «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша оқып, көптен ойында жүрген жобасын қорғап шығыпты. Биыл көктемде мемлекеттен 1 млн 200 мың теңге көлемінде қайтарымсыз несие алып, іс бастап кетіпті. Қаражатқа жабындыларды тігетін түрлі қондырғыларды сатып алады. Жабындыларға ерекше сән беретін түрлі фурнитураларды сатып алып, тапсырыстар қабылдай бастайды. Оған үлкен ұлы көмекке келеді. Көбінесе ауыр жүк көліктеріне тігіс тігетін олар қазір жүргізушілердің талғамы да әралуан екенін айтады. Себебі, нарықта бүгінде көлік ішін сәндеуге қажетті тауарлар саны да көп. Шетелдерден олардың түрі-түрі жеткізілуде. Әсіресе, көп уақытын көлікте өткізетін алыс-жақын шет мемлекеттерге жол жүретін ауыр жүк көлік иелері машинаны сәндеуге әуес келеді екен. Олар көліктерін үйлерінен кем көрмейді деп әзілдейді кейіпкеріміз. Сондықтан да көліктің жабындыларынан ақшасын да аямайды екен.
Муслим Рысқұлов көп балалы әке. Төрт баланың әкесі мектеп жасындағы перзенттерін бағып-қағу үшін таңертеңнен қара кешке дейін еңбектенеді. Кез-келген тапсырысты сапалы орындауға барын салады. Әрқандай клиенттің көңілінен шығу үшін көп ізденеді. Жабындылардың дизайнын ойластыруда ұшқыр ойлы баласының көмегі көптеп тиеді екен. Муслим қазір жастар интернетті пайдаланатындықтан, олардың идеялары да өтімді келеді дейді. Көптеген дизайндарды әлеуметтік желілердегі парақшалардан алады екен. Қазір әлеуметтік желілерде көлікті сәндеуге арналған түрлі парақшалар көп. Кейде тапсырыс берушілер де өздерінің дайын дизайндарын ұсынады. Тапсырыс ойдағыдай шығу үшін клиент ұсынған дизайнды да айнытпай шығару менің міндетім дейді Муслим. Кей клиенттер кірпияз келеді, олар тіпті жабындылардың материалдарының түстерін таңдауға келгенде де көп ойланады екен. Алайда, еңбекқор, шыдамды, талғампаз шебер қызметіне жүгінгендердің барлығының да сұранысын толықтай қанағаттандыруға барын салады. Сондықтан да оның клиенттері көбейіп келеді. Бір тапсырыс берушінің соңынан бірнеше клиент еріп келеді. Әрқайсысы қайталанбас дизайн қалайды.
Муслим грант туралы алғаш естігенде тіпті сенбегенін айтады. Мемлекеттен осыған дейін ешқандай көмек алып көрмеген ол кәсіп бастауға қажетті қаражаты қолына түскенше күдікпен жүргенін айтады. Алайда, жобасын қорғап болған соң ол сүйікті ісін мемлекет қолдауының арқасында кәсіпке айналдыруға болатын мүмкіндік жасалып отырғанына дән риза болыпты.
Кәсіп бастауға берілетін грант әсіресе, жұмыссыз бос жүргендер үшін өте қолайлы қолдау дейді ол. Ал ауылдық елдімекендерде екі қолға бір күрек табу оңай шаруа емес. Кез-келген адамның өзі қолынан келетін жақсы көріп жасайтын шаруасы болады. Сол икемділігін кәсіп бастауға бағыттап, табыс көзіне айналдырса жеткілікті дейді. Муслимнің алға қойған мақсаты айқын. Ол болашақта шеберханасын кеңейтіп, тапсырыс көлемін де артқысы келеді. Ол үшін оған бірінші кезекте жұмыс күші қажет болады. Сондықтан ол болашақта жергілікті тұрғындарды осы кәсіпке бет бұруын қалайды. Жастарды көлік жабындыларын тігуге баулығысы келеді. Өзі үйретіп, тапсырыстар алуға көмек қолын созуды көздейді. Осылайша ол табысын арттырып, ауылда бос жүрген тұрғындарға жұмыс орнын ашып, халыққа пайданыс тигізуді ойластырып жүр. Себебі, бұл кәсіптің болашағы зор деп біледі. Уақыт өте келе ол түрлі дизайндарды ойластырып, көлік иелеріне ұсынып көрмек.