Клининг – елімізде енді дамып келе жатқан қызмет түрі. Клинингтік компания өкілдеріне қоңырау шалып, шақырсаңыз болғаны, үйіңіздің іші-сыртын айнадай етіп жуып, кілеміңізді қағып, басқа да шаруаларыңызды тап-тұйнақтай тындырып береді. Соңғы кездері бұл қызметке жүгінетіндердің қатары артып, баяу болса да дамып келеді.
Клинингтік қызметті бастау үшін төмен мөлшерде қаражат пен тазалау жабдығының аз көлемі ғана қажет. Алайда клинингтік қызметті жолға қойғанда арнайы жабдық, орынжай мен жұмысқа қабілеті жоғары мамандар қатары қажет болады. Мұндай компанияға салынатын қаражат көлемі де ауқымды. Клинингтік компаниялардың 3 түрі бар: бірі пәтер мен кеңсе тазалауға бағытталса, екіншілері коммерциялық жылжымайтын мүліктерге күн сайын қызмет көрсетуді қолға алады. Ал енді бір компаниялар қызметтің бір ғана түрін таңдайды, мысалы кілем жуу, киімдерді химиялық тазалау қызметін ұсынады. Компания үлкейген сайын, оның көрсететін қызмет түрлері де артады.
Түркістандық Олжас Жолдасов клинингтік қызметтер көрсететін орталық ашып, 4 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ол биыл «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша оқып, жобасын қорғап шығыпты. Осы жылы наурыз айында мемлекеттен 1 млн 200 мың теңге көлемінде қайтарымсыз несие алып, орталық ашып алады. Қаржысына түрлі техникаларды, клинингтің қызметтер көрсетуге қажетті құрал-жабдықтарын сайлап алады.
Клининг саласында бизнес бастаудың екі тәсілі қолданылады екен. Біріншісі – нақты бір клиентке арнап бастау. Мысалы сауда орталығы немесе басқа да бір ірі нысанның тазалау жұмыстарына келісіп, жаңа кәсіпті бастауға болады. Мамандар қатарын жасақтап, тиісті жабдықтарды алғаннан кейін уақыт өте келе тәжірибе жинақталады. Одан кейін тапсырыс берушілердің қатарын арттыруға болады. Сонымен қатар бір ғана бағытта қызмет көрсету, айталық кілем жуу, еден тазалау секілді түрлерін ғана таңдау арқылы мамандану. Шағын компания бірнеше тәжірибелі маманмен заманауи тазарту құралдарын пайдала отырып қызметтің бір ғана түрін көрсетеді. Жауапкершілік пен адал қызмет ету тұтынушылар қатарын арттырмай қоймайды дейді кейпікеріміз.
Жобаның ұтымды тұсы сол, клинингтік компанияға арнайы кеңсе қажет емес. Тапсырыс қабылдау үшін телефонға жауапты адам болса болды. Уақытылы тапсырыс қабылдап, жұмысшыларды жөнелтіп отырса жеткілікті. Әрине, кеңсесіз фирманы елестету қиын. Уақыт өте келе тұтынушылар қатары көбейген соң, қызметкерлердің қатары да, қолданатын заттар да артады. Мақсаты айқын кейпкеріміз осындай деңгейге жеткенде жайлы әрі қолайлы орын іздестіретінін айтады.
Ал клиент қатары қалай көбейеді? Оның айтуынша, бірніш құпияның кілті - көптеген компаниялар бастапқы тапсырысты таныстары арқылы алады екен. Ал жай ғана жарнама беру арқылы тұтынушы табу бұл салада тиімсіз. Себебі қызмет көрсету сапасына қарай клиенттер біріне бірі ұсынады. Осылайша, клиент қатары артып, табыс та көбейе түседі дейді ол.
Түркістанда бүгінде жаңа ғимараттар көптен салынуда. Күрделі жөндеуден өткен ғимараттар санында да шек жоқ. Тапсырыс берушілердің дені осындай ғирамат иелері екен. Ал тазалаушылардың қатары тапсырысқа байланысты болады. Нысан неғұрлым үлкен, жұмыс та көлемді болған сайын көп қызметкер жалдауға тура келеді дейді кейіпкеріміз.
Олжас грантқа жобасын ұсынарда нарықты әбден зерттеп алған. Тіпті клининтік қызмет көрсететін компаниялармен хабарласып, олардың қызметін пайдаланып көру де жұмысын реттеп алуға мүмкіндік беріпті.
Клининг саласындағы кәсіби жуғыш құралдар, әрине шетелдік өнімдер. Шығыны да әжептеуір болатын клининг бизнесте тапсырыс берушімен ақысын әбден пысықтап алу қажет болады. Себебі, қызмет көрсететін жұмысшылардың ақысы да аз емес. Ал табыс қалай түседі? Бұл кәсіпте де кез келген бизнестегідей тапсырысқа қарай табыс артады. Дегенмен ауқымды тапсырыс алуға ұмтылу – аз уақытта көп қаражат табудың көзі. Клиентке адалдық, жауаптылық пен ұқыптылық – тұрақты тапсырыстың кепілі екенін Олжас жақсы біледі.
Клинингтік фирмалар тазалау жуу ғана емес, сондай-ақ сантехникалық, электрлік, ұсталық және басқа да қызметтерді қоса алғанда табысы артады. Тиісінше жұмысшылар қатары да көбейеді. Осыны ескерген Олжас алдағы уақытта кәсібін кеңейткісі келеді. Ол адам ешқашан бір орында тұрақтап қалмауы тиіс деп санайды. Жеткен жетістікке тоқмейілсіп, тоқтап қалу бұл айналып келгенде кәсібіңнің шатқаяқтауына әкеледі дейді ол. Себебі, қазір нарықтың заманы. Кімнің қызметі сапалы, соның табысы артады. Кімнің өнімі сұранысқа жауап берсе, соның кірісі көбейеді. Ал табысты арттырудың кілті үнемі ізденісте болуда. Жаңаша әдістерді, тың тәсілдерді меңгеру арқылы бизнесті түлетіп, жаңа жұмыс орындар ашып, жұмыссыздықпен күресуге мүмкіндік береді. Оның үстіне күн сайын сұранысы көбейіп отырған клининг қызметтеріне де жүйелілік қажет дейді ол. Ал жүйелі жұмыс тәжірибемен келетінін жақсы түсінетін кейпікеріміз бүгінде қызу ізденіс үстінде.
Қызметтерге көбінесе сайтқа берілген хабарландырулар арқылы түсіп жатады. Әрбір тапсырыс берушінің қажетіне жарай білген Олжас сапалы жұмыс арқылы тапсырыс көлемін де арттырып отыр. Күндіз-түні тынбай еңбектеніп отбасының қамымен жүрген түркістандық тұрғын көп балалы әке. Әлден перзенттерін еңбекке баулып жүрген ол қазір тек жұмысқа қабілеттілердің заманы деп біледі. Себебі, мемлекет саясаты еңбекке қыры бар азаматтарды қолдайді. Кәсіпке, іс бастауға бейімі бар тұрғындарға мүмкіндік тіпті молынан. Тек, әрекет жасасаң жеткілікті дейді Олжас.