Грант иегері ерекше дизайнмен лего-қоршау құрастырады

Қазақстанда
Typography
  • Smaller Small Medium Big Bigger
  • Default Helvetica Segoe Georgia Times
Кәсіп ашып, еңбек ету, бұл бүгінгі күннің талабы. Мемлекет кәсіп ашып, ырзық табуға ниеттілерді қашанда қолдап келді. Әсіресе, ауылдық жерлерде жеке кәсібін ашып, өз ісін дөңгелетіп отырған жандар жетерлік. Басым бөлігі мемлекет тарапынан қаржылай қолдау алса, бірқатары барын салып кәсібін бастауда. Мемлекеттік грант – жаңа бизнесті іске қосу және дамыту мақсатында өтеусіз берілген бастапқы капитал. Грант көлемі 400 АЕК-ті (1 225 200 теңге) құрайды. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады. Гранттар қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Грантты қажетті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, малды, жануарларды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алуға, орын-жайларды жалға алу ақысын төлеуге алуға болады. Мақсат - кәсіпкерлікке бет бұрған азаматтарды қаржылай қолдау арқылы олардың бизнесіне жол ашу. Осындай мүмкіндіктерді пайдалана отырып, өзінің сүйікті ісін кәсіпке айналдырғандардың бірі – Түркістан қаласының тұрғыны Бақыт Байдүйсенов. Ол қоршау құрастырумен айналысады. Жобасын сәтті қорғап алған ол грант қаржысына қоршау жасауға қажетті бетон араластырғыш, құрал-саймандарын түгелдеп алды. Қалалық жұмыспен қамту орталығы мамандарының көмегіне жүгініп, тиісті оқыту курсынан өтіп, мемлекет тарапынан бөлінген қайтарымсыз грантты ұтып алған азамат қазір кәсібін ұршықтай иіріп отыр. Мүмкіндігі шектеулі болса да еңбектеніп, өз отбасына өзі асырап бағуда. Ешкімге қол жаймай, сүйікті ісін табыс көзі етіп, ізденісті жүрген азаматтың әрекеті елді сүйсіндіруде. Бақытқа тапсырыстар көбінесе жекелеген үй иелерінен түсуде. Қоршауларды қолдан құрастырып, ерекше дизайн жасайтын шебердің қолынан шыққан дүниелерге сұраныс та зор. Грант иегері қоршау құрастыруға қажетті материалдар мен қоспаларды шетелдерден алдыртады. Бұл кәсіп түрі көп уақытты қажет етеді. Бір тапсырыс жасауға бір ай кетеді. Осы уақыт аралығында қоршау құрастырылып, клиент көрсеткен орынға орнатылады. Қолдан құрастырылған қоршауларды ол ең алғаш Ресейден көрген. 2017-2018 жылдары Мәскеуде болған ол елге келгенде осы кәсіп түрімен айналысуды ұйғарады. Алғашқы курсты онлайн түрде Ресей мамандарынан алады. Алайда, карантин кезінде бизнеске бет бұру мүмкін болмады дейді. Еңбекқор кейіпкеріміз үнемі ізденісте. Тапсырыс көлемін арттыру үшін ізденісін қашан да жалғастырудан танбайды. Жетістіктің кілті – еңбекте дейді ол. Жалпы, кәсіп бастауда адамға ең алдымен күш-жігер қажет. Күштеніп, жігерленіп іске кіріскен азаматтарды дер кезінде қолдауды мемлекет қазір мойына алып отыр. Түрлі бағдарламаларды іске қосып, тұрғындарды жұмыспен қамту, кәсіпке баулу - өзекті мәселелерден саналады. Осы бағытқа басымдық беріп отырған Үкімет түрлі шараларды іске асырып, бизнеске бет бұрған азаматтарды қолдауды жалғастыруда. «Бастау» жобасы өңірде кәсіпкерліктің дамуына белсенді ықпал етуде. "Халқымыз "Еңбек – ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы" деп бекер айтпаған. Жаңа Қазақстанда еңбекқор адам ең сыйлы адам болуға тиіс. Біз өскелең ұрпақты адал еңбекке баулып, жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеуіміз қажет. Маңдай термен тапқан әр тиын – нағыз ардың ісі, Абай айтқан "толық адамның" еңбегі екенін жастардың санасына тоқуымыз қажет", – деді президент. Президенттің айтуынша, қазір – ақыл-ой және дарын иелерінің заманы. Әлемде еңбекті бәсекелестік деңгейіне көтерген мемлекеттер бар. Соның арқасында олар сапалы өнімдерімен жер жүзін мойындатып отыр. Бұл халықтар өз ұрпағын жас кезінен тынбай жұмыс істеуге баулиды. Солардың тәжірибесін өзімізге бейімдеп, бала тәрбиесіне енгізу жайын қарастырған жөн, деді мемлекет басшысы.