Бұл күндері жеке кәсібін ашып, мал бордақылауды қолға алған, ірі қара мал – жылқы мен сиырды қатар бағып келе жатқан отырарлық азамат М.Сүлейменовтың еткен еңбектері туралы әңгімелемекпіз.
Мұхтардың жанына жақыны жылқы жануары екен. Дегенмен, «төрт түлігім ырысым» дейтін қазақпыз ғой, осы күндері уақ мал мен ірі қараны бірдей төлдетіп, күтіп баптап жүрген М.Сүлейменов өз кәсібінің ыстық-суығына төзіп келе жатқандықтан, мал бағудың қыр-сырын айтудан жалықпайды.
-Өз басым қалтамда екі дипломым бар, жоғары білімді, тіпті оқу орнын қызылға бітірген жандардың бірімін, - дейді кәсіпкер. – Мемлекеттік, бюджеттік қызметкер де болып жұмыс істедім, бір жалақымен күн көрген, тіпті жұмыссыз қалған кездерім болды. Барлық тәжірибеден, өмірдің сабақтарынан өттім. Ойлана келе, түбінде өзімнің жеке кәсібімді бастаймын деп шештім.
Расында ол көп ұзамай мал басы санын көбейте отырып, тәуекелмен алға бір қадам аттады. Істің оңғарылуы – адамның ынтасы мен талап-тілегіне байланысты. Оның да маңдай тері өтеліп, ойындағы мақсаты орындалғандай болды. Содан соң, шаруасының дөңгелене жөнелгенін біліп, тағы да қора-қопсыны кеңейтіп, мал басын ұлғайтуды ойлады. Сондай сәттерде «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы бар екенін естіп, аудандық жұмыспен қамту орталығына бас сұғады. Ондағы мамандар бағдарламаның бағыт-бағдарын, жай-жапсарын түсіндірген соң, «іздегенге сұраған», Мұхтар бұл бағдарлама өзіне нағыз көмекші екенін ұқты. Ол алты пайыз жеңілдетілген несие арқылы әрі қарай жұмысымды жандандырамын деп үлкен мақсат қойды.
Жалпы жылқыны өсіру мен оның өнімдерін бабына келтіріп дайындау және пайдалану – атам қазақтың ежелгі ісі. Еліміз өз тәуелсіздігіне ие болып, нарықтық қатынасқа көшкеннен бері жылқы өсіруге деген ынта-ықылас барынша күшейе түсіп отыр. Себебі, жылқы етінің бағасы ішкі рыногымызда жылдан-жылға шарықтай түсуде. Сондықтан жылқы өсіру біздің халқымызға ежелден мәлім десек те, бұл мәселенің кейбір қыр¬лары туралы газет оқыр¬мандарына баяндай кеткенді жөн көрдік.
Әлемде жылқының ұсақ та, ірі де түрлері кездеседі. Жалпы алғанда, оның бойы 50 сантиметр¬ден бастап 185 сантиметрлік аралықты қамтиды. Ал салмағы 60 килодан бастап 1 мың килоға дейін жетеді. Өзінің есту қабілетінің ерекше дамуына, адамға деген жақындығына және есте сақтау қабілетінің жоғары болуына байланысты жылқы малы үйретіп, мінуге және түрлі жағдайларға жаттықтыруға жедел көндігеді.
Жылқы етінің адам денсаулығы үшін пайдалы жақтары көп. Оның етінде май аз кездеседі. Ал жылқы сүтінен дайындалатын қымызда қант аз да, сүт қышқылы, спирт, әртүрлі қош иісті заттар мол. Осыған байланысты қымыз адам тәбетін ашып, асқазан мен бауырдың жұмысын жақсартады. Оны көптеген аурулар үшін ем ретінде пайдалануға болады.
Жылқы жыл он екі ай бойы жайылыста болатындықтан көп күтім мен бапты қажет етпейді. Дегенмен, қысқы уақытта аяздың күшейген кезінде оны қораға кіргізген жөн болады. Қораны ағаштан жасаған жөн. Ағаштан салынған қора жылуды жақсы сақтайды және құрғақ болады. Қораның ішін ұстайтын жылқы санына байланысты бірнеше бөліктерге бөлгеннің артықтығы жоқ. Себебі, жылқы тебінгіш келеді. Қора ішінде тебінген жағдайда буаз биелер іш тастауы мүмкін. Ал едені қатты заттан болғаны жөн. Бірақ буаз биелердің астына жұмсақ сабан мен сағдар төсеген жөн. Әрбір жылқының алдына шөп салатын орын лайықталады.
Жылқы тазалықты сүйетін мал. Сондықтан оның жататын орнын тазалап отырған жөн. Сондай-ақ, бір уақыт жылқы малының денесін де тазалап отырған дұрыс болады. Бұған киім тазалайтын щетканы пайдалануға болады.
Жылқы сұлымен, арпамен, басқа да азық-түлік қосылған жүгерімен, бұршақ тұқымдас шөптермен, сәбізбен, картоп және сүрлеммен, құрама жеммен азықтандырылады.
Жазғы уақыттарда жылқы өз қажетін жайылымдықтардан алады. Ол шалғынды шөпті сүйсініп жейді. Сонымен қатар, оған күніне бір рет тұз жалатуды да ұмытпау қажет. Жылқыны күніне үш рет суарған дұрыс.
М.Сүлейменов:
- Қолыма алған 3 млн.несиеге қора жайымды күрделі жөндеу жұмыстарынан өткіздім, ірі қара мал басын көбейтіп, тайыншалар мен құлындарды сатып алдым. Сонымен бірге бордақылау кезеңін жүргізу үшін екі жұмысшыны қарамағына қабылдадым. Қазір бұл жұмысшылар айлық жалақысын дер кезінде уақытылы алып отыр.
- Әдепкі кезде Зеңбі баба тұқымынан – жиырма шақты сиыр байлап, сүті мен етін өткізіп жүрді. Күніне елу-жетпіс литр сүтті балмұздақ жасаушылар тапсырыспен әкететін. Етін қасапханаға өткізіп, келісін нарықтағы бағамен базар мен дүкендерге сатты. Сиырды сатып аларда сүтті швед, неміс тұқымдарын арнайы алдырған. Көрсеткіштері жаман емес. Алайда, кәсіпкердің тәжірибе барысында түйгені – сиыр баққаннан гөрі, жылқы баққан әлдеқайда тиімдірек. Себебі, сиырды бордақылау кемінде төрт-бес ай уақыт алады, әрі сүті мен еті жылқы етіне қарағанда молынан сатылып кете бермейді. Ал, жылқының қымызы да, еті де жылдың қай мезгілі болсын, үздіксіз өтеді. Бордақылау уақыты бар болғаны 50-60 күндей уақыт алады. Мәселен, жылқы еті мен қымызы – той-томалаққа, қазаға, көпшілік жиынға, күнделікті жеуге жиі тұтынылады. Сондықтан кәсіпкер тағы да қабырғасымен кеңесе келе, жиырма бас сиырдың қасына он екі-он үш бас жылқы қосып қойды. Қазір мал азығын, тіпті әрбір екі сағат сайын сауылымын көмекшілерімен бірге бастан-аяқ өзі атқарады. Дәл қазіргі сәтте үш құлынды биенің саумалын Алматыдағы шипажайларға өткізеді. Күндігіне жүз литрге дейін сүт алатынын айтты кәсіпкер.
«Қымыз мың дертке шипа екенін білесіздер. Әсіресе, қыстыгүні бие сауу оңай емес. Сол себепті, қымбатырақ сатамыз. Болашақта сиырды азайта отырып, түгел жылқы бағуға көшсем» деп отыр кәсіпкер. Тіпті, алдағы уақытта жылқы зауытын ашу да ойында бар. Мұхтар соңғы жылдары жылқыға ден қойғаны сонша, қалай күтіп-баптау, жемдеу, суару, мал ауруымен күресу туралы көп зерттейтін болды. «Уақыт өте келе жылқының еті мен сүтін неге экспортамасқа?» деген ой қылаң береді.
Кәсіпкердің айтуынша күнделікті бір сағат атқа мініп, шауып келген адамның бойында жүрек ауруы болмайды, ми және қан тамырлары белсенді жұмыс істеуі жақсарады, бүйректегі тасты кетіреді екен. «Мұны өз басымнан талай байқадым. Ат байлап шапқалы денсаулығым аттай бола бастады. Сондықтан күніне бір сағат атқа шабуды әдетке айналдырдым» дейді төрт баланың әкесі, бұл күнде отбасылық кәсіпті шырқ үйіріп, табысқа кенеліп отырған кәсіпкер.