Тек талмай еңбек еткен жан белестерді бағындырады

Қазақстанда
Typography
  • Smaller Small Medium Big Bigger
  • Default Helvetica Segoe Georgia Times
Қазіргі таңда ел тұрғындары несие алып, қарызға батпай-ақ, өз кәсіптерін бастауға қауқарлы. «Еңбек» бағдарламасы шеңберіндегі «Бизнес бастау» жобасы талай жанның шырағын жағып, біршама табысқа кенелтті. Мемлекет халық үшін мол мүмкіндікті қарастырып, шешімі бар мәселелерді бір жолға қойды.Тіпті, ауыл жастарына да қайтарымсыз қомақты қаражат ұсынып, еңбекқорлыққа жол ашты. Әрине, әрекеті бізден, берекеті Жаратушыдан екені белгілі. Бүгінгі кейіпкеріміз жас күнінен тынбай еңбек етіп, қазіргі таңда бірнеше кәсіптің нәсібін көріп отырған жігерлі жан. Дастон Абдалиев Ташкент қаласында дүниеге келіпті. Балалық шағын Түркістан облысы, Қарнақ ауылында өткізген Дастон, кәсіпкерлер отбасының ізін жалғаушы. Мектеп кезінен-ақ, өзін білімді де еңбексүйгіш азамат ретінде көрсеткен кейіпкеріміздің алған асуы мен бағындырған белесі көп. Арманындағы мамандыққа түсу үшін талмай терін төгіп, талай оқу ордаларының табалдырығын тоздырған Дастон, өз ауыл-аймағында қосымша білім беру мекемесінің жоқтығына налиды. Міне, сол күндерден бастап алдына айқын мақсат қойып, оқу орталығын ашуды қалайды.Университет қабырғасында жүріп-ақ, асқақ арманын жүзеге асырады.Әрине, бұл тұста ата-анасының ерен еңбегін атап кетпесек болмас. Перзентіне қанат бітіріп, талап шырағын жақты. Бастапқыда кішігірім орталық ретінде жұмысын бастаған кейіпкеріміздің бүгінгі таңда 3 бірдей оқыту мекемесі бар – Еңбек – бәрін жеңбек. Қаражаттың жеткіліксіздігі түк емес. Ең бастысы, адамда асқан қызығушылық болу керек. Бір пайыз талант, тоқсан тоғыз пайыз еңбек. Оқу орталығын ашқан сәтте 300-ге жуық баланы қабылдадым. Бәрі де мектеп жасындағы оқушылар. Шынында да, ауыл халқының қуанышында шек болған жоқ. Ата-аналар алғысын жаудырып, перзенттерінің болашағы үшін қаржысын аяған жоқ. Ал 2019 жылы 3 айлық «Бизнес бастау» жобасына қатысып, 550000 теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алдым. Мемлекеттің мүмкіндігін пайдаланып, екінші оқу орталығын аштым. Білікті де тәжірибелі ұстаздарды сұрыптап, жұмысқа қабылдайтынбыз. Себебі, баланың сол пәнді үйреніп, жақсы нәтижеге жетуі тікелей ұстаздың міндетіне кіреді, – дейді Дастон. Кәсіпкерлікті жанына серік еткен кейіпкеріміздің оқу орталығы біршама жетістікке жетіп үлгерді. Бүгіннің өзінде шет тілдері мен математика пәнінен оқушылар биікті бағындырыпты. Тіпті, кейбірі АҚШ пен еліміздің беделді мектептеріне оқуға түскен көрінеді. Әрине, бұл ашылғанына небәрі бес жыл болған мекеме үшін үлкен жетістік. – Қарнақ ауылында он сегіз мыңға жуық халық тұрады. Балалардың білімге деген құштарлығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қазіргі таңда оқу орталығында мың оқушы білім алады. Әсіресе, мектепке даярлық тобында бүлдіршіндер саны көп. Қатысушылардың көп бөлігі ағылшын және орыс тілдерін жетік меңгеруді қалайды. Ал біздің ұстаздар жетістіктің шыңынан көрінуге барынша көмек қолын созады. Аталған оқу орталығының басты ерекшелігі бар. Мұғалімдер сабақты жаңа методика мен қызықты ойындарды қосу арқылы өткізеді. Қатысушылар да зерікпейтін көрінеді. – Оқушыны білім беру мекемесіне қабылдамас бұрын оны сынақтан өткіземіз. Есте сақтау қабілетін, ой-деңгейін, психологиялық дайындығын, оқуға құштарлығын саралаймыз. Егер баланың қызығушылығы мен талпынысы болмаса, ата-аналарға түсіндіріп, жеке сабаққа қабылдаймыз. Себебі, мен үшін сан емес, сапа маңызды, – дейді Дастон. Еңбекқор кейіпкеріміз бір ғана кәсіпті емес, елімізде енді ғана қарыштап дамып жатқан бірнеше жобаны басқарып отыр. Солардың бірі – баспа орны. Әр түрлі тиражбен тарайтын баспа үйінің негізгі ерекшелігі – бағаның қолжетімді болуында. Бұл кәсіпке ел арасында сұраныс өте жоғары. Баспа орны өткен айда үш мыңнан астам кітап шығарыпты. – Баспа орталығыма мектеп ұстаздары да өз өтініштерін айтып келеді. Авторлық методика арқылы жаңа кітаптар шығаруды қалайды. Бір ғана ауылдың өзінде ұсыныс жасайтындар көп. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Ал бүгінгі күні жеке кәсіпкерлермен бірге «МDS» деп аталатын үлкен жобаны қолға алдық. Бағдарламаның мақсаты – ұстаздық жолды таңдаған оқушыларға бағыт-бағдар беру. Жобаның қатысушылары қалтасынан тиын шығармай, құнды білім ала алады. Тіпті, жататын орнына дейін тегін. Біздің ниетіміз де халыққа өз пайдамызды тигізу болды. Жобаның филиалдары Ақтау, Астана, Шымкент, Алматы қалаларында бар, – дейді Дастон Мураджанұлы. Дастон оқу орталығын өз пайдасы үшін емес, халықтың ризалығы мен батасын алу үшін ашыпты. «Жаңбырменен жер көгерер, батаменен ел көгерер» деп ата-бабаларымыз текке айтпаса керек. Ақ алғыстың арқасында асуларды алған кейіпкеріміз әлі де талай жеңіске жетуді арман етеді. Тіпті, кәсіп бастаушыларға өз кеңесін ағынан жарыла отырып жеткізді. -«Кәсіпкер болу керек» деп айта бергеннен кәсіпкер шықпайды. Адам жастайынан қай салаға икемді болса, соны дамыту керек деп ойлаймын. Уақыт өте келе бір саланы таңдауға тура келеді. Білімге, жаңашылдыққа ізденіс болумен қатар, өз-өзіңді дамытудан шаршамау керек. Кәсіпкер бір саланы өмір бойы алып жүрмеуі де мүмкін. Нарыққа қарай бейімделіп, жаңа жобаларға көңіл бөліп, кейінгі технологияны да пайдаланған абзал. Өмір болған соң бұлтарысы мен бақыты қатар жүреді. Жаратушы бізді ақыл-ойы бүтін, дені сау азамат етіп жаратқандықтан, біз де кемелділікке ұмтылу керекпіз. Кейбіреулер уақыт пен ақшаның жоқтығын тілге тиек етіп жатады. Бірақ, бұл жәй ғана сылтау. Адамда ниет болса, уақыт та, ақша да табылады. Мемлекеттің кәсіпкерлерге беріп жатқан үлкен мүмкіндігін пайдаланған жөн. Қайтарымсыз грантты алып, арманыңыздағы кәсіпті ашасыз. Көп ұзамай жеңіске жетсеңіз, қуанышыңызда шек болмайды. Керемет емес пе?! Тек талмай еңбек еткен жан ғана, белестерді ала алады, – дейді жас кәсіпкер. «Еңбек ептілікті сүйеді» – деген атам қазақ. Ендеше, сіз де мемлекеттің мүмкіндігін пайдаланып, кәсібіңізді ашуды бүгіннен бастаңыз!