Бүгінгі таңда «Бизнес Бастау» бағдарламасы бір жолға қойылып, қарқынды түрде жүзеге асып келеді. Аталған жобаның арқасында талай еңбек адамы жетістікке жетіп, өз кәсіптерін дөңгелетіп кетті. Дәл осындай жас кәсіпкерлердің бірі – Ділназ Әбсемет. Түркістан облысының тумасы медициналық білім алып, жас күнінен өзін жан-жақты жетілдіреді. Араға жылдар салып, туған қаласының тұрғынына тұрмысқа шығып, перзент сүйеді. Еңбекқорлығы мен талпынысының арқасында мемлекеттік грант иегері атанған кейіпкеріміз бүгінде табысқа шығып, жеке ісін бастап кетті.
– Мемлекеттің халыққа беріп жатқан мүмкіндіктеріне айтар алғысым шексіз. Оқу орнын тәмамдаған соң үй шаруасы, бала тәрбиесімен айналыстым. Жолдасым көптеген жылдан бері пластиктен есік пен терезе құрумен айналысты.Міне, осы кәсіпті кәдеге жарату мақсатында бағдарламаның бастау алғанын біраз уақыт бойы күтіп жүрдім. Екі апталық курс оқуынан өткен соң сертификат иеленіп, бизнес жоспар құруға кірістім. Бәрі де сәтті өтіп жатты. Комиссия алқасының алдына жолдасым екеуміз кіріп, бәрін егжей-тегжейлі түсіндірдік, – дейді Ділназ.
Биыл Түркістан қаласынан «Бизнес бастау» бағдарламасына 700-ге жуық тұрғындар қатысып, жеке жобаларын алып шығыпты. Кәсіпкерлердің көп бөлігі тігін цехы мен кондитерлік өнім шығаратын орталық ашпақ ниетте көрінеді. Ал Ділназдың кәсібі өзгелерден ерекшеленіп, оқ бойы озық тұрыпты. Себебі, шаһарда пластиктен есік-терезе құруды қалайтын жандардың қатары қалың.
– Мемлекеттік грант иегері атанғанда қуанышымда шек болған жоқ. Тәуекел еттім де, өз ісімді бастап кеттім. Қорқыныш пен қобалжу сезімі байқалмады. 1225000 теңгені алып, кәсібіме керекті құрал-жабдықтарды алуға кірістім. Жолдасым істің басы-қасында жүріп, барынша қол созды. Қазір саудамыз жақсы жүріп тұр. Себебі, Түркістан қаласында жаңа ғимараттар мен мекемелер бой көтеріп жатыр. Бәрі де сапалы қызметті қалайды. Әрине, біз үшін бірінші орында халықтың алғысы мен ризашылығы.
Еңбексүйгіш кейіпкеріміз пластиктен терезе құру кәсібінің табысты екенін жеткізді.Тек істің көзін таба білген жан ғана шын кәсіпкер атана алатынын айтады.
– Бизнес жоспарды қорғау кезінде қателікке бой алдырмаған дұрыс.Комиссия мүшелері бөлінген қаражатты қайда жұмсайтыныңызбен толық түрде танысып шығады. Жылдық жоспарды апару да артықтық етпейді. Қазір жаман емес, кәсібімнің арқасында үлкен пайдаға кенеліп жатырмын. Бастысы мемлекетке салмақ салмай өз-өзімді жұмыспен қамтып отырмын. Өнімнің бұл түріне әлі де сұраныс жоғары. Уақытпен санаспай барынша тұтынушы талабына сай өнім шығаруға күш салып жатырмыз. Қазір нағыз құрылыстың қызып тұрған шағында тапсырыс саны да артып келеді. Тұтынушыларым да риза, мен де жеке табысыма қол жеткізіп жатырмын. Бұйыртса, тағы да қосалқы аппараттар алып, цехта өндірілетін өнім түрлерінің санын көбейту жоспарда бар, – дейді кәсіпкер.
Ділназ бір кәсіпті ұршықша иіріп кету үшін бірнеше жыл бойы тер төгу қажеттігін жеткізді.Тәжірибе көп болса, өнім де соғұрлым арта түседі.
– Егер де терезелерді дұрыс таңдай білсек, пайдалану мерзімі ұзақ жылға созылуы мүмкін. Пластик есік-терезелердің орнына жоғары сападағы ағаш терезе орнатуға да болады, бірақ оның бағасы қымбатқа түседі. Сондықтан, баға тұрғысынан келгенде пластик терезе орнатқан тиімді. Оның үстіне пластик терезелер үйдегі жылуды сақтап, сырттағы шу мен күн сәулесінен қорғайды.
Кәсіпкерлік саласы, шағын және орта кәсіпкерлік ауыл округтерінде дамып келе жатыр. Бұл дегеніміз, ауыл халқының әл-ахуалының жақсарып келе жатқанының айқын көрінісі. Мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие алып, кәсібін көркейтіп отырған азаматтардың қатары күн санап толығуда. Еңбегін сауып, маңдай терін төгіп, жұртшылықтың алғысына бөленіп жүрген Ділназ сынды жандардың ісіне ел сүйсінеді. Міне, сондықтан да ата-бабамыз: «Кәсіп – түбі береке», – деп текке айтпаса керек-ті.