Кәсіпкер әйелдер қатары көбейіп келеді

Қазақстанда
Typography
  • Smaller Small Medium Big Bigger
  • Default Helvetica Segoe Georgia Times
Ел арасында «Әйел-үйдің шырақшысы, жылуы мен берекесі» деп жатады.Иә, расында да, нәзік жандылардың қоғамнан ойып тұрып алар орны бар.Жан жолдасының шаңырағын шайқалтпай, айрандай ұйытып, өзге үйдің отымен кіріп, күлімен шығатын әлем тұтқаларынсыз дүние бос.Ұрпақ тәрбиесімен айналысып, жанұяны татулықта ұстайтын нәзік жанды қараңғы өмірге жарық береді.Сондықтан да болар, қазақ әйел затын кие тұтып, ерекше қастерлеп, төріне шығарған.Тарих беттерін парақтай қалсаң да, арулардың ерлік істері мен тал бесіктен жер бесікке дейінгі даналығына еріксіз таңдай қағасың.Ал бүгінгі таңда жан-жақтылықты жанына серік етіп, жанұя жарасымдылығы мен кәсіпкерлікті қатар атқарып жүрген әйел адамдарының қатары көбейіп келеді.Адал еңбек етіп, ай сайын табысын тауып, ел келешегін күйттеп жүрген жандардың бұл ісі көпке үлгі.Дәл осылай айналасына шуағын сеуіп, халық алғысына бөленіп жүрген нәзік жандының бірі-Шахтыгүл Ақылбекқызы.Түлкібас ауданының тумасы жас күнінен-ақ қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, көптің көзіне түседі. Еңбек жолын Шымкент қаласындағы ғылыми-зерттеу институтының геология бөлімінен бастаған кейіпкеріміздің еңбегі ерен.Мемлекеттік бағдарламаның көмегімен кәсібін жолға қойған Шахтыгүл Ақылбекқызы - жан-жақты тұлға. -Мен кішкентай кезімнен әкемнің жанында болып, бауырларыммен бірге оған көмектесетінбіз. Сөйтіп жүріп қара жұмыспен қабырғам қатайды, оқушы кезімде, яғни 14-15 жасымда шалғы орақпен шөп шауып, қой қырқып, үйдегі 2 биемізді арқандап, баптап, оларды сауып, қымыз дайындайтын едік, – деп еске алады кейіпкеріміз. – Анам Ұлбосын үйде көп болмайды, себебі, шаруашылықтың сан түрлі жұмысын атқаратын. Шаруашылықтың мың ірі қара ұстайтын сиыр фермасы бар еді. Анам сонда сауыншы болып істейді, қарауында 35-40 сиыр бар. Осыншама сиырды таңертең және кешке қолмен саууды көзге елестетіп көріңізші! Айтуға оңай, ал, іс жүзінде машақаты бастан асатын шаруа. Екінші жұмысы – құрылыс басындағы күзетшілік. Міне, осыншама жұмыстың бәрін ата-анамыз біздің ештеңеден тарықпай өсуіміз үшін атқарды. Біздің шаңырақтағы бес қыз, екі ұл сол кездің өзінде-ақ еңбекпен шыңдалып жетілді. Жастайынан еңбекке баулығаннан болар, бүгінде барлығы жоғары лауазымды қызметте жүр,-дейді Шахтыгүл. Елі үшін сіңірген еңбегі үшін кейіпкерімізді көпшілік Шаттық деп атап кеткен.Шахтыгүл Ақылбекқызы 1979 жылы Кершетастағы мектепті бітіргеннен кейін Шымкенттегі Қазақ-химия технология институтына оқуға түсіп, оны 1985 жылы ойдағыдай бітіріп шықты. Алған мамандығы – инженер-химик-технолог. Талай тер төгіп, тәжірибе жинақтаған соң 1992 жылы «ЮжКазэнерго» басқармасында екінші дәрежелі инженер қызметіне қоса іс-жүргізу инспекторлығын атқарды. Кейіннен мамандығына сәйкес химиялық зертхананың меңгерушілігіне тағайындалады. Оның энергетика саласындағы 21 жылдық жемісті қызметі ескеріліп, 2000 жылы Шымкент қаласы, Абай аудандық әкімдігі әлеуметтік саласының бас маманы қызметіне шақырылды. Ол осы жұмысымен қоса әйелдер кеңесінің төрайымы қызметін атқара жүріп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Кейіннен кәсіпкерлік салаға ден қойды. Бұл бағытта оған «Маман» оқу-өндірістік орталығында алған білімі көп жәрдем берді. 2004 жылы «Құрманәлі» шаруа қожалығында жұмыс істей жүріп, бұл саланың тыныс-тіршілігінен біраз хабардар болады. Әрине, бизнеске деген ынтызарлық Шаттыққа М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың кәсіпкерлік және серіктестік департаментінің 6 айлық курсын тәмамдап, үздік кәсіпкер куәлігін алуына мүмкіндік берді. -Қазақта «тәуекел түбі - жел қайық» дейді ғой. Тәуекел ете білген жан мақсатын жүзеге асырып, биіктіреді бағындырары анық. Шаруашылықпен айналыспас бұрын ұйқысыз таңым атты, уайыммен күнім батты. Себебі, өз жұмысымды бастау үшін үш миллион теңге көлемінде несие алдым. Бұл қаражатқа жиырма бір сауынды сиыр сатып алдым.Осылайша кәсібімді бастадым. Бүгінде «Бекзатова» жеке кәсіпкерлігі мен «Құрманәлі» шаруа қожалығының басшысы Ш.Бекзатова кәсіпкерлік саланың ұңғыл-шұңғылын меңгеруге зор құлшыныс танытып отыр. Жоспарлаған мақсаттарын жүзеге асырудың қамында жүр. 1,3 гектар жерді – жалға, 45 гектар жайылым жерді жекеменшігіне сатып алыпты. Алдағы уақытта жаңадан мал қорасын салып, онда 100-ден астам ірі қара ұстауға ниет етіп отыр. Шаруа қожалығында 35 отбасыға жұмыс тауып берген. Олардың қатарында көпбалалы аналар, 2-3-ші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Қожалықта жұмыс істейтіндердің орташа айлық жалақылары 64 мың теңгені құрайды. Жұмыс істейтіндердің Шаттыққа ешқандай реніші жоқ, керісінше оған өздеріне қамқорлық жасап отырғаны үшін дән риза. Ол – бүгінде аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы. Аудандағы кәсіпкер әйелдерге жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Иә, мемлекеттің мол мүмкіндіктерінің арқасында шыңға шығып, тәуекел еткен жандар көп. Ал келесі кейіпкеріміздің есімі – Мүслима Рақымжанова. Ол кәсібінің арқасында нәсібін тауып, бүтін бір қаланы гүлдендіруге өз үлесін қосып келеді. -Мен – Арыс қаласының тұрғынымын. Арыс - Жібек жолының бойындағы өткені мыңжылдықтарға тамыр тартатын тарихи өлке. Арыс- қазақ даласын орыс орманымен жалғайтын тоғыз жолдың торабындағы бір құйқалы мекен. Арыс сонау өткен ғасырда Отан соғысы жылдары майданды қару жарақпен, азық түлікпен қамтамасыз еткен аймақ. Арыс — танымал теміржолшылар, Социалистік Еңбек Ерлері Салықбаев Әуэзхан мен Боранбек Шүкірбековтің, опера әншісі, Қазақстан мен Татарстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаеваның, техника ғылымдарының докторы профессор Нағима Жақыпбекованың, 2016 жылғы Олимпада ойындарының күміс жүлдегері, ауыр атлет Жазира Жаппарқұлдың, сонымен қатар ірі ғалым, химик, Қазақстан Республикасының Ғылым Академиясының президенті Мұрат Жұрынов сияқты қазақ атын әлемге танытқан жақсылар мен жайсаңдардың кіндік қаны тамған киелі мекені. Арысбау бақша өсіріп, құрылыс салған, өндіріс ашып кәсіп бастаған қарапайым еңбек адамдарының да қасиетті мекені. Біз де алдыңғы толқын ағалардың ізін жалғап 1998 жылы шағын ғана іс бастадық. Кейін бұл отбасылық кәсібімізге ұласып кетті. Қазіргі таңда кәсібімізді ұлғайттық. Біз қолымыздан келетін, әрі әрқайсымыз сүйіспеншілікпен қарайтын іспен айналыстық. Біріміз ағаш шеберіміз, біріміз техника тілін білетін инженерміз, біріміз қолы алтын аспаз, біріміз мықты ұйымдастырушымыз, дегендей жұмысқа бар ықыласы мен зейінімен берілген жандармыз. Дәл қазіргі таңда біз жерлестерімізді жиһазбен, тұрмыстық техникамен және тағам түрлерімен қамтамасыз етіп отырмыз. 30 адамды жұмыс орнымен қамтыдық. Біздің кәсіпорын әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға әрдайым көмек көрсетіп келеді. Қиындық туған кезеңде мен қызмет істейтін кәсіпорын да қиындықтан шет қалмады. Көптеген біз сияқты кәсіпкерлерге «Ырыс» микроқаржы ұйымынан 1 пайыз сыйақымен 3-5 миллион теңге аралығында несие берілді. Біз кәсіпорнымызды қалпына келтіріп, іске қосқанымызға, жұмысымыздың жүріп жатқанына бір айдан асты. Арыс қаласы үшін ғана емес барша еліміз үшін сын сағатында мемлекет, барша Қазақстан халқы Арыс жұртын қолдаусыз қалдырған жоқ. Бұл тұрғыда мемлекет басшысына айтар алғысым шексіз. Қазақ қызы қашан да еркін өскен, өз намысын бәрінен жоғары қойған, батыл, қайсар да іскер болған. Біздің арамызда тек өз отбасы, бала-шағаның қамымен шектелмей, кәсіппен айналысып, жұмыс орындарын ашып, қоғамға, бүкіл елге пайдасын тигізіп жүрген қыз-келіншектер көп. Мен өзім зейнет жасында болсам да, кәсібімнен қол үзгім келмейді. Себебі кәсіп адамды шынықтырып, шымыр етеді, кәсіп арқылы адам елге танылады. Кәсіп адамды ертеңгі күн үшін уайымдамауға кепілдік беріп, сенімін қатайтады. Қазіргі күні Арыс қаласында шағын және орта бизнеспен айналысып жүрген қыз-келіншектер саны – 1200-дің шамасында. Олардың көпшілігі сүт өнімдерін, тағам түрлерін дайындау, тігіншілік, құс өсіру сынды істермен айналысып, тым жақсы табыс тауып жүр. «Бастау бизнес» жобасы бойынша көптеген қыз-келіншек кәсіпкерлік негіздерін оқып, өз істерін ашуды жоспарлап отыр. Біз жаңа іс бастаған жастарға ақыл-кеңесімізді айтып, қолдау көрсетуге дайынбыз,-деп ағынан жарылды кейіпкеріміз. Бүгінгі таңда кәсіп бастаушыларға мол мүмкіндік қарастырылған.Тек өлшеусіз еңбек етіп, ынтаңызды осы іске салсаңыз, сіз де биіктерді бағындырып, нәтижеге жете аласыз.Ендеше, әрекет етуді бүгіннен бастаңыз, қымбатты оқырман!