Мақтаарал ауданында жылына 5 мың тонна құс етін саудаға шығаратын фабрика іске қосылды. «Мырзашөл-құс» ЖШС-нің құс фабрикасы ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асыру мақсатында құрылған болатын. Оның жұмысы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өңір тұрғындарын құс етімен, жұмыртқамен қамтуға бағытталған.
Аудан әкімі Бақыт Асанов өзінің сайлауалды бағдарламасында өңірде өндіріс орындарын көбейтіп, кәсіпкерліктің дамуына барынша жағдай жасауға атсалысатынын айтқан болатын. Сондықтан аудан басшысы серіктестікке арнайы барып, кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысты.
Жобаның І кезеңі бойынша 10 мың бройлер тауығының балапандары өсірілуде. Қазіргі таңда 5 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Жобаның IV кезеңіне дейін жұмысшылар санын 15-ке жеткізу жоспарланып отыр.
«Өндіріс орнын барлық стандарттарға сай құрып жатырмыз. Мақсатымыз – халыққа сапалы, жоғары сұрыпты құс өнімдерін ұсыну. Бүгін жобаның І кезеңін іске қосып отырмыз. Фабрикамыздағы құстар гармондық қоспаларсыз, өсу стимуляторлары қолданылмай, генетикалық түрлендіргіш заттарсыз өсіріледі. Алдағы уақытта кәсіпорынды үлкейтіп, бірнеше кезең бойынша өнім түрлерін де көбейтпекшіміз» деді фабрика басшысы Қасымхан Мүталиев.
Айта кетейік, кәсіпорынның І, ІІ кезеңдері бойынша жылына 20 миллион жұмыртқа, 5 мың тонна құс етін өндіру, ІІІ, IV кезеңде тәулігіне 48 тонна жем дайындайтын цехты іске қосу көзделген.
Мақтаарал ауданы.