Гендерлік саясат ер азаматтар мен әйел азаматшалардың құқығының теңдігін көрсетеді
Тұңғыш Елбасымыздың Жарлығымен «Гендерлік саясат тужырымдамасы» жарияланған күннен бастап ерлер қауымының дабыл қаққаны біріміздің есімізде қалғаны бар қалмағаны бар, әртеуір біраз білектілер орнынан тұрып орынтағына қайта жайғасқан жайы бар. Өйткені атам қазақ ежелден ер алдында әйелдердің төмендігін тайға таңба басқандай белгілеп беріп кеткен-ау шамасы. Сол ықылым заманда әйел теңдігі тұрмақ, ражұлына ым дей алмай, екі-үш әйел алуға да рұқсат беріп жатты. Мүмкін, осы тұрғыда шығар, әйел құқығының соншалықты қорғалмағаны белгілі болып тұр. Міне, осы гендерлік саясат бізге не берді? Әйел құқығының теңдігі туралы №122 жалпы орта мектебінің директоры Гүлжан Әбдіғаппарқызын сөзге тартқан едік. Гендерлік саясат туралы ойы былай өрбіді: «Гендерлік саясатты мен өз басым дұрыс жағына қарай қабылдаймын. Гендерлік саясат ер азаматтар мен әйел азаматшалардың құқығының теңдігін көрсетеді. Жалпы әйел азаматтар, әсіресе, жоғарғы қызметте жүрген, жоғары лауазымда жүрген әйел азаматтар ер азаматтардан қалыспай, намысқа тырысып, жауапкершілікпен өз қызметтерін өз деңгейінде атқарып жүр деп есептеймін... Жалпы мен жанұямда гендерлік саясатты өз орнымен, дұрыс пайдалануға тырысамын. Өз орнымды біліп, жолдасымның алдына шығып кетпей, қабырғаммен ақылдасып, жанұяның береке-бірлігін алдыңғы кезекке қоямын. Өз кезегінде отағасы да қанатымның қияғы деп еркелетеді. Оған әрине, әйел адамы мақтанып, марқайып қаласың ғой... Әйел басшы, ер басшы деп қазіргі заман талабына сай оларды бөлудің де қажеті жоқ шығар. Нәзік жандылар сол білектілермен бірдей қызмет етуге, өзінің бар күш жігерін, өзінің жұмысына абыроймен, намысқа тырысып, ерлерден қалыспай еңбек етуде. Сондықтан мен өзім сияқты әйел басшылардың еңбектеріне табыс тілеймін. Оларға қызыға қараймын. Себебі, оларға оңай тимесі анық. Өйткені, қызмет пен отбасын бірге алып жүру, үйдегі балғындардың мәселесі де ананың мойнына жүктелген. Сондықтан оларда екі-үш қап арқасына байланған деп айтсам, артық айтпағандық деп түсінемін. Себебі, ана сарыала етек, сарпытаңкүй кешіп, сары баланы қамы деп жүрсе,екінші ағайын-туыс, құда-жекжаттың да татулығы, қызмет қосымша бар, ойлай беріңіздер, барлығын ара-жігін ажыратып, жібін ағытып, шешу арқылы уақыты кейде жетпей жатса да, тырысып бағады. Ал жалпы өзім осы басшылық қызметте жүріп, әйел болып сол жұмыстың үдісінен шыға алмай, қиналған кездерім болған емес. Бәрінің шешімін, жолын тауып, қиындықтың баспалдағынан өтсемде, жеңіп еңбек етіп келемін. Қатпар-қатпар жолдарды басып өтіп, жеңіске жете білдім, тасым өрге домалап, айым оңынан туған әйелмін деп ойлаймын. Жаратқан иемнің де маған қарасқан желеп-жебегені деп түсінемін».
Гендерлік саясат ер азаматтар мен әйел азаматшалардың құқығының теңдігін көрсетеді
Typography
- Smaller Small Medium Big Bigger
- Default Helvetica Segoe Georgia Times
- Reading Mode