Тапсырыстар көп түседі

Қазақстанда
Typography
  • Smaller Small Medium Big Bigger
  • Default Helvetica Segoe Georgia Times

Тапсырыстар көп түседі

Шымкенттік жас кәсіпкер Айнаш Убайдуллаева  бүгінде баспа ісін дамытып отыр. Кәсібін қалай дамытып отырғанын өз аузынан естиік. «2009 жылы Шымкенттегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеттің «графикалық дизайн» мамандығына оқуға түстім. Сосын қашанғы қымыз сатамын, өз салам бойынша білімімді жетілдірейін деген оймен 2 курстың жазында жұмыс іздей бастадым. Жарнама, дизайн ісінде сол кезде «Ернияз» баспасының аты ауызға жиі ілінетін. Түйіндемемді қалдырып, ертеңіне басшысы Ербол Дайрашов ағаға қоңырау шалдым. Студент екенімді, қосымша жұмыс істегім келетінін айттым. Шақырды. Бір ай тегін іс-тәжірибеден өттім. Екі жыл алған білімімді қайтейін, көп дүниеден хабарсыз болып шықтым. Жұмыста көбірек қалып, ізденуге тура келді. Компьютерлік бағдарламаларды меңгердім. «Ернияз» ұжымына, Ербол ағаға айтар алғысым шексіз. Студент екеніме қарамастан жұмысқа қабылдады. Маман болып қалыптасуыма көп еңбек сіңірді. Кейін жеке кәсіп бастағым келді. Осы сала бойынша тәжірибесі мол Айжан есімді әпкемен бірігіп бастауды жөн көрдім. «Ақсұңқар» деп ат қойдық. Басында екі компьютер сатып алып, кішкентай кеңсені жалға алдық. Бар-жоғы 2х2 шаршы метр болатын. Мәтін теру, көшірме жасау, студенттерге СӨЖ жазып беру сынды компьютерлік қызмет көрсеттік. Сосын қаржы жинап, үлкен көлемдегі қағаздарды шығаратын аппарат сатып алдық. Бұзылса, жөндеп, тілін үйрендік. Өкініштісі сол, бір жарым жылдан кейін кеңсеге ұры түсіп, барлығын үптеп кетті. Өзіміз енді аяққа тұрып келе жатқанда бұл бізге үлкен соққы болды. Сондай-ақ, компьютерде қанша уақыт жинаған құнды дүниелер, көз майымызды тауысып жасаған дизайн үлгілері кетті.

Мойымай, қаржының басын біріктіріп, қайтадан қажетті заттарымызды сатып алдық. Басқа кеңсеге көштік. Бүгінде қарамағымда 5 қызметкер бар. Балабақша, мектеп, арнаулы және жоғары оқу орындарынан тапсырыстар көп түседі. Көрнекілік құралдарын жасаймыз. Өзіме балабақша ішін безендірген ұнайды. Түрлі тәжірибе жасап көремін. Университетте Ербол атты оқытушымыз «көшеде жүргенде, қоғамдық көлікте отырғанда бос отырмаңдар. Жан-жақтарыңа зер салып, дизайн үлгісіне, үйлесімділігіне, түстердің біркелкілігіне назар аударыңдар» дейтін. Сондықтан, айналамды, өзгерістерді жіті бақылаймын. Жуырда тағы бір нүктемізді ашпақ ойымыз бар».