«Ұлттық ұстанымдарды түрлендіріп ұсынып жүрміз»

Қазақстанда
Typography
  • Smaller Small Medium Big Bigger
  • Default Helvetica Segoe Georgia Times

«Ұлттық ұстанымдарды түрлендіріп ұсынып жүрміз»

Майра Ормолдаева, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің Педагогика және мәдениет факультетінің театр және эстрадалық шығармашылық кафедрасының аға оқытуышысы:

 

 - Бүгінде күнгейде өткізіліп жүрген түрлі тойларда қазақы салт-дәстүрімізді дәріптеп, халықтың көңілінен шығып жүрсіз. Бесік той, тұсау кесер, үйлену тойларына сценарийлер жазасыз. Өзіңіз асабалық қырынан да танылған жайыңыз бар...

  • Тәуелсіздігімізді тәу еткеннен бастап салт-дәстүр, әдет ғұрыпты оқып, ары қарай дамыту жағы үнемі ойымда жүретін. 1989 жылы елімізде тұңғыш рет наурыз тойланды Алматыда. Сол наурыз мерекесінде үлкен толқыныста болдым. «Қазақ деген ел қандай, салт дәстүрі, ғұрпы қандай... Тұнып тұрған тәрбие ғой» деген ой маза бермейтін. Сол кезден бастап әдебиетті ақтара бастадым. Оқыған, тоқыған құндылықтарым көбейе берді...

Сарығаш ауданындағы кішкене ғана ауылға келін болып түстім. «Жігіттің сұлтаны», «Қыз сыны», «Келіндер байқауы», «Әжелер байқауын» өткізу ол кездері үлкен жаңалық болатын. Алматыда көргендерімді жаңғыртып, жаңаша сипатта түрлендіріп өткізе бастадым. Ең алғашқы баспалдағым содан басталды. Сол кезден бастап салт дәстүр, әдет ғұрыпты білмегенімізді ізденіп, оқып, көкірекке тоқып жарыққа шығара бастадым. Алғашқыда ұлттық киімдерді қайын сіңлілерім бар, ауылдағы келіндер бар бәріміз жабылып тігетінбіз.

Бірде мені бір кісі арнайы іздеп келіпті. Жасаған дүниелерімізді ұнатып жүреді екен. Қыз ұзату тойына шығуға ұсыныс жасады. Осылайша алғаш рет қыз ұзатуға сценарий жаздым. 2002 жылы ҚызЖібек деген қызды ұзаттық. Сол 2002 жылдан бастап ойламаған жерден халықтың сұранысы бойынша өзімнен- өзім асаба болып кеткенімді байқамай да қалдым ғой. Дәстүрдің арқасында. Қазір 20 жылға жуықтап қалды...

Қазақтың тойының көркін ашатын дәстүрлік рәсімдер жетеді ғой. Тұсау кесу, сүндет той, беташар, бесік той... жалғаса береді. Ұлттық дәстүріміз үйлесімін тауып тұрса, қандай керемет. Мұның барлығы да отау құрып жатқан жастарға отбасы құндылығын түйсінуіне көп көмектеседі. Үйлену тойында қазақы салт бойынша ағарған беру, бал ішкізудің терең мәні бар. «Қыз Жібектің» киносында көрдік қой киіз үйге кіргенде аяғының астына терілер тастайды. Тері бақ-дәулеттің, ырыстың, құттың, несібенің белгісі. Қазақтың ұлттық құндылықтарының алғы шарттарының бірі болып саналады. Сонымен жұмыс істей бастадым. 2010 жылы Шымкентте Неке сарайының ашылу салтанатына Елбасы келді. Елбасының алдында осы дәстүрді көрсеттім. Алдыменен жастардың заманауи некесін қиды. Екіншісінде қазақи тұрғыда, салт дәстүрмен өткіздік. Осы шараны көрсетіп Елбасының батасын алдық.

Бұдан кейін баланы бесікке салу тойына салт - дәстүрді насихаттап, сценарий жаза бастадым. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөз бар. Міне осы сөзді, философиялық ұғымды негізге ала отырып, дөңгелек жасап, іңгәлаған баланың дауысымен, кішкене қыз бесік тербетеді. Қазақ қыз баласын кішкенесінен ұлттың анасы болуға  тәрбиеледі дегенді негізге алып, келінді алып келеміз. Осы көріністің арқауы болған дәстүр көптің көңілінен шықты. Қазір бесік тойға жиі шақыратын болды.

 Қазақтың дәстүрін қазақ қана дәріптейді. Ұлттық киімі де тек қазаққа ғана керек. «Абылайдай айдарлы хан тербеткен бұл бесік, Бөгенбайдай айбарлы жан тербеткен бұл бесік» деп бала дүниеге келгеннен бастап, тал бесіктен жер бесікке дейінгі ғұрыптық рәсімдерінің барлығы көрініс табады. Қазақ халқы  тасқа басылмаған дала заңымен, яғни табиғаттың заңымен өмір сүреміз. Соны ұмытпаса деген тілегім бар. Елбасымыз айтқандай, темірді қамырша илеген, ағаштан түйін түйген, киізді кестелеген ұлы дана бабаларымыздың өмірлік ұстанымдарын қамырша илеп халыққа ұсынып жүрген жайымыз бар.