Жаңа мектепке-жаңашыл ұстаз
ХХІ ғасыр - марғаулықты көтермейтін қатаң бәсеке ғасыры. Демек, бізге әлемдік бәсекелестіктің жылдам дамуына ілесе алатындай білімді де тапқыр дара тұлғаның тағдыры аманат ретінде тапсырылып отыр емес пе?! Бұл үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Сол ел жүгін арқалаған жаңашыл мұғалім, жаңашыл ұстаздың сипаты қандай болу керек? Осы туралы ой қозғап көрейін. Мен - жас маманмын. Ұстаздық жолымның алғашқы парақтарын жазудамын. Мектептегі педагогикалық тәжірибем енді ғана басталды, мұғалім мамандығының қыр-сырына енді ғана қанығып, шын ұғынып келе жатырмын. Үш жылда еткен еңбегімнің, жинаған тәжірибемнің нәтижесінде бір нәрсені жақсы түсіндім. Ол - жаңартылған білім мазмұнындағы жаңалықтан қорықпау. Жаңалықты ізгі ниетпен қабылдап, белсенді әрекетпен ұштастырып, тиімді тұстарын тәжірибеде зерттеп, өз тұжырымымды шығару менің кәсіби ұстанымыма айналды десем де болады.
Мектеп-ұстаз-оқушы. Бұл үштіктің ара-жігін ажыратуға болмайды. Өйткені олар бірінсіз-бірі тіршілік ете алмайды. Мектеп – ғибратқа тұнған қасиетті орын. Ұстаз – өнеге үлгісі, білім нәрін себуші. Оқушы-өз заманын жасаушы, жаңа идея мен тәжірибенің нәтижесін көрсетуші деп ойлаймын. Мен ең қиын әрі қызықты мамандықты өз жүрек қалауыммен таңдадым. Сондықтан, үштіктің тірегі болуға дайынмын.
Әрине, көптеген жылдардан бері қалыптасқан тәжірибені, бұрынғы білім беру жүйесінің өзгешелігін ескермеуге болмайды. Қанша ұрпақтың тұлғалық болмысы қалыптасып, өзін әрі өзгеге қызмет етуге үйретті. Иә, уақыт жылжып, қажеттіліктер мен мүмкіндіктер заманы келді. Бәсекелестік дәурені туып тұр.
Төрткүл дүние жаңаруда! Жаңа технологиялар өмірімізге дендеп енген уақытта айналамыз ғана емес, адамның ойлау жүйесі де өзгеруде. Меніңше, мұның өзі - өмірдің заңдылығы. Өзгеріссіз, дамусыз ештеңе болмайды емес пе?! Ендеше, еліміздегі білім беру жүйесінің өзгеруі - сол заңдылықтың жалғасы. Сондықтан міндеттер де, құндылықтар да жаңартылуда. Мен жаңартылған білім мазмұнында білім алушының тұлғасын қалыптастырудағы бағдардың негізі өмір бойы білім алу, алған білімді өмірде қолдана білу деп есептеймін. Халқымыздың ғасырлар бойы ұрпақ бойына сепкен ең асыл қасиеттерін, ұлттық құндылықтарын да сақтау -бүгінгі оқытудың қазығы болу керек деп санаймын. Онсыз жаһандану заңының қатаң қаһарына ұшырап, әлем елдеріне жұтылып, еш ерекшелігіміз болмайды. Осы орайда,кез келген қиындыққа төтеп беретін тұлғаның жалпы мәдениетін қалыптастыру, отбасылық құндылықты дәріптеп, рухани-адамгершілік қасиеттерін дамыту, сын тұрғысынан ойлауға баулу - менің парызым.
Өз ойымды тұжырымдай келе, жаңашыл мектептегі жаңашыл мұғалім жаңалықты оң көзқараспен қабылдайтын позитивті, жаңартылған білім мазмұнының негізгі идеяларымен қаруланған, шәкірт жанын қабағынан ұғып, терең түсінетін, оқушыға заманауи талаптар қоя алатын, салауатты өмір салтын ұстанатын, икемдігі жоғары тұлға болуы қажет деп санаймын. Шығыс ойшылы Ж.Баласағұнның «Қанша білсең, ізден тағы, тағы да, білікті адам жетер тілек, бағына» деген сөздерін есте ұстай отырып, заман ағымына қарай жан-жақты ізденген мұғалім болып, білімді әрі озық ойлы шәкірттер тәрбиелеу - менің ең басты қағидатым.Г.Әлижан
Жаңа мектепке-жаңашыл ұстаз
Typography
- Smaller Small Medium Big Bigger
- Default Helvetica Segoe Georgia Times
- Reading Mode