Отбасы құндылығын құнттаған...
Тілектердің түйісуі оңға басты. Білім іздеп келген екі жас көздеген мақсат жолында өз жартысын жолықтырғандарына қуанышты һәм бақытты еді. Арман адастырған жоқ. Қуаныш құшағында тербелген екеуі оқуларын да ұмыт қалдырмаған. Бір-бірінің жүрегіне бойлаумен, жан көктемін тойлаумен жүріп білім ордасын тәмамдап тастағандарын да байқамапты. Талайларға арман болған әсем қаладағы ауылшаруашылық институтын бітіріп, екеуі де жігіттің еліне тартып отырды. Ол кезде колхоз-совхоздардың дәуірлеп тұрған шағы. Нәзік те талдырмаш Талшын жұмыстан қорыққан жоқ, білекті сыбанып кірісіп кетті. Бастысы сүйгені жанында, жаны қалайтын жұмысы бар. Колхозына агроном болып орналасты. Іскерлігімен көзге түскен оны колхоз бастығы бір жылдан соң нәзікжанды деп бөле жармай бас агроном етіп тағайындады. Алтай да қолына алған жұмысты жапырып істейтін ілкімділігі де, ісмерлігі де бар. Колхоздың есеп қисабын қолына алды. Тұрмыстары тәп-тәуір тұрып жатты. Бақыттан бастары айналған шақтың шаттығын шалқытып тұңғыштары дүние есігін ашты. Балапандары бір жасқа толғанда Талшынның ойына еліне қоныс аудару түсті. Ең алдымен табандары тигені Шымкент қаласы болды. Ата анасының ауылы да алыс емес. Барып келуге де жақын. 90-жылдардың бел ортасы болатын. Қиын кезең, жағаға лақтырылып қалған балықтай болып қалған жұрт. Жұмыс таппай, жұмыс болмаған соң нәпақа таппай тағы сенделген жұрт. Жас мамандарды құшақ жайып қарсы алатын бұрынғы колхоздардың да басынан бағы тайған. Алғашқыда қиналмасын деп ата-анасы көмектесіп тұрды. Содан ғұмырында қолына күрек ұстап, балшық илеп көрмеген күйеубала көргендерін іске асырып, баспана тұрғызып алды. Одан жеке фирмаға жұмысқа тұрды. Еңбекқор жанға қайда да болса жұмыс табылатыны ақиқат. Отбасын тарықтырмай көшін түзеп, түтінінің түзу ұшуына көп тер төкті. Ерінбей еңбек ететін кішіпейіл күйеубала бүгінде бүкіл ағайын туғанның сүйкімдісіне айналған. Қазақстанды жатсынған жоқ. Отаны санаған ұлысты бауырына тартатын кең өлке расында бұ отбасыға құт мекен болды. Тәлімді, тәрбиелі отбасында үлбіреп өскен ұландарға құда түсушілер расында көп... Алтай мен Талшынның отбасы осылайша ағайын туысқа үлгі болып, бір белеске көтерілісімен тағы бір тың белеске қол созып тұрып жатқан жайлары бар. Отбасы құндылығын құнттаған нағыз тату тәтті жанұя.
Аяулым Арыстанбек
Отбасы құндылығын құнттаған...
Typography
- Smaller Small Medium Big Bigger
- Default Helvetica Segoe Georgia Times
- Reading Mode